Төртінші индустриялық революция өзімен бірге апатты ахуалды ала келуі де мүмкін. Алайда сол қиындықтарды адамзат өз қолымен жасап алды. Сондықтан қалыптасып келе жатқан жаңа жағдайға бейімделуді (оңтайлы дамуды да) талап ететін проблемаларды шешудің, өзгерістерді, ережелерді жүзеге асырудың оңтайлы тетігі адамның өз қолында. Адамзат бүкіл парасаты мен ақыл-ойын, жүрегі бен жан-дүниесін жұдырықтай жұмылдырып, саналы түрде ұжымдаса жұмыс жасаған жағдайда ғана осынау күрделі мәселелер шешіледі.
Ырыққа көне бермейтін мұндай дизруптив күштерді төмендегі төрт интеллект түрі негізінде ыңғайлап, заманға сай қолдану арқылы ғана ауыздықтауға болады. Олар:
Контекстуалды (ақыл) – білімімізді қалай байыптаймыз және қалай қолданамыз?
Эмоционалды (жүрек) – ойымыз бен сезімімізді қалай саралап, қалай бір арнаға тоғыстырамыз, өз-өзімізге және бір-бірімізге қалай қараймыз?
Рухтану (жан-дүние) – жағдайды жақсы жақтарға қарай өзгертіп, ортақ мүдде жолында әрекет ету үшін біз өз сезімімізді жеке және жалпы мақсаттарға, сенім мен басқа да игіліктерге қалай пайдаланамыз?
Физикалық (дене) – өзімізді өзгертуге және құрылымды барынша икемді етуге қажетті қуат күшін іске қосу үшін, алдымен, денсаулығымызды күтіп, өз жағдайымызды жақсартуға, сондай-ақ айналамыздағылардың да денсаулығы мен хал-жағдайының жақсаруына қалай қолғабыс тигіземіз?
Контекстуалды интеллектіні нақты жағдайдағы білім мен ақпараттың практикалық қолданылуы және "іскерлік сәттер мен операциялық оқиғаларды әртүрлі, өзгеретін және белгісіз жағдайларда тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін тәсілмен пайдалану мүмкіндігі" ретінде анықтауға болады.
Төртінші индустриалды революция технологиясының дамуы жеке жетістіктер ұғымын кеңінен реформалауда. Клаус Швабтың айтуынша, салалар мен кәсіптер арасындағы шекаралар жасанды және олар өздерінің зиянды сипаттарын көрсетіп келеді.
Болашақта технологиялық процестердің дамуын анықтайтын жеделдеткіштер:
1. Кәсіпорындар мен үкімет тұтынушылардың артынан қалмайтын болады;
2. Бұрын-соңды болмаған операциялық жетілдіру маңызды болады;
3. Реттеушілік және бәсеке қысым тұрақты өзгерістерге әкеледі;
4. Дарындарды іздеу мен пайдалану әмбебап, стратегиялық болады.
Контекстуалды интеллектіні дамытуға бел байлаған адам, алдымен, әртүрлі қауымдастықтардың өзіндік құндылықтарын жете түсініп алуы қажет. Көшбасшылар өздерінің ұйымдастырушылық ұстанымдарын, сондай-ақ бұған дейін табан тіреп келген негізгі қағидаттары мен сүйексіңді әдеттерін өзгертуге дайын екендіктерін көпшілікке көрсетуі тиіс. Бүгінде ауыздыққа бас бермес құбылыстар дүниені әлем тапырық қылып жатқанда, томаға-тұйық сана мен ескі көзқарастар шеңберінде қалу – болашағыңның тамырына балта шабумен бірдей. Сондықтан философ Исай Берлиннің 1953 жылы жазушылар мен ойшылдарға арнап жазған эсселеріндегі екіге бөліну (дихотомия) тұжырымына сәйкес, тікірейген кірпі болғанша бұлаңдаған түлкі болған артық. Қазіргідей күрделі де аумалы-төкпелі жағдайда жұмыс жасау үшін, көз алдындағысынан басқаны көрмейтін ебедейсіз кірпінің емес, түлкінің икемі мен айлакерлігінен үйренгеніміз дұрыс. Бұл дегеніңіз, көшбасшылар әрқайсы өз-өзімен өмір сүрмей, бір-бірімен жиі тәжірибе алмасып тұруы қажет дегенді меңзейді. Белгілі бір проблеманы, қиын түйінді мәселелерді шешуге келгенде, олар жұдырықтай жұмылған, епті де бейімделгіш, әртүрлі мүдделер мен көзқарастарды бір арнаға тоғыстыра алатындай болуы керек.
Қорытындылай келе, мықты көшбасшылар контекстуалды интеллектінің алдында тұрған міндеттерді жақсы түсінеді және ішкі дағдыларын соған сәйкес дамытуға тырысады. Бұл сөздің түп-төркіні – төніп келе жатқан трендті алдын ала болжау қабілеті, әрі оған қарсы тұра білу және "нүктелерді шоғырландыру" дегенді аңғартады. Осы қасиет қаншама ұрпақтан бері басшылық үшін қажет құрал ретінде қызмет етсе, төртінші индустриялық революция қарсаңында жаңа жағдайға бейімделудің және өзіңді өзің сақтап қалудың бірден-бір амалына айналады.
"Төртінші индустриялық революция"
Қазақстанның ашық университеті