- Негізгі бет
- Білім
- Колледж түлектеріне жұмыс...
Колледж түлектеріне жұмыс көп
«Кедейдің бай болсам дегені жақсы, ал, байдың құдай болсам дегені қиын» (Шерхан Мұртаза). Ойбай-ау, бүгінде бай болсам деп кім армандамайды? Қазір жұрттың баласының бәрі жоғары білім алуға құмар. Жастардың көбісі байлық, нәпақа, мыш-мыш ақшаның бәрі сол қаржыгер, заңгер, экономист секілді мамандықтарда жатқандай көретіні бар. Қазақтың балалары табақтай дипломмен жұмыссыз жүргенде, өзге ұлттың балалары 6 айлық курсты бітіріп алып, бірі компьютер жөндеп, бірі әйнек салып, темір дәнекерлеп, құбыр жөндеп, тамағы тоқ, көйлегі бүтін жүреді. Осыдан кейін жастарға кәсіптік мамандық беретін орта оқу орындарының рөлін арттырып, көбейте түсу мәселесі өзінен-өзі туындайтыны анық.
Жалпы алғанда кәсіптік білім беретін орта оқу орындарына жақсы көңіл бөлінген. Облыста өңір қажеттілігіне сай жаңа мамандықтар ашылып, химия, ауылшаруашылық, құрылыс, техникалық мамандықтарға бөлінетін мемлекеттік тапсырыс көлемі артып келеді. Мемлекеттік колледждерде даярланатын мамандықтарды белгілі бір салаға бағыттау, оңтайландыру, оларды корпоративті басқаруға беру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп отыр.
Кәсіби маман даярлауда – дуальды оқытуды енгізудің маңызы зор. Өткен оқу жылында Жамбыл облысындағы 27 колледжде дуальды оқыту енгізіліпті. Бұл көрсеткіш алдыңғы оқу жылына қарағанда артқанымен, әлі де осы жүйемен жұмыс жүргізетін колледждер санын ұлғайту қажет. Өйткені, бұл жүйе – білімгерлердің мамандыққа машықтануына, теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға және жұмысқа орналасуға үлкен мүмкіндік береді.
Биыл Жамбыл облысында жалпы құны 16,8 млрд теңгені құрайтын 8 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда, 380 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Бұл дегеніміз колледжде оқып жүрген жастарымыз үшін үлкен мүмкіндік емес пе? Ендеше техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдары өңірде инвестициялық жобалар бойынша ашылатын кәсіпорындармен тығыз байланыс жасап, олардың қажеттіліктеріне сәйкес кадрлар дайындаулары тиіс.
Сондықтан облыстық білім басқармасы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік басқармалары облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, кәсіптік бағдар беру жұмыстарын ұйымдастырып, дуальды оқыту енгізілген колледждер желісін ұлғайтып, бітірушілердің жұмысқа орналасуына барынша ықпал ету шараларын жүргізулері қажет. Бұл үшін, әрине, ай сайын жұмысқа орналасқан түлектер туралы мәліметтер базасын жаңартып, қадағалап отыру керек.
Қалай айтсақ та колледж түлектерін жұмысқа орналастыру – күрделі мәселе. Тек бұл мәселе жоғары жаққа ақпар беру үшін қағаз бетінде ғана емес, іс жүзінде орындалып жатса жастардың кәсіптік білім беретін орта оқу орындарына деген ықыласы арта түсетіні анық.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Е. Жұмабайұлы