Қазақстанның мектептері мен жоғары оқу орындары дәстүрлі білім беруге қайта оралады

Қазақстанның мектептері мен жоғары оқу орындары дәстүрлі білім беруге қайта оралады
Фото: Yernar Almabek

Қазақстанның мектептері, колледждері мен жоғары оқу орындары 1 қыркүйектен бастап дәстүрлі білім беру форматына оралады. Бұл туралы Primeminister.kz сайты хабарлады.

"Білім және ғылым, денсаулық сақтау министрліктеріне, өңірлердің әкімдіктеріне жаңа оқу жылында мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында, сонымен қатар колледждер мен жоғары оқу орындарында оқуды штаттық режимде қамтамасыз ету тапсырылды.  Бұл ретте әрбір мектепке дәстүрлі форматта оқу бойынша нақты ұсынымдар жеткізілуі тиіс", - делінген хабарламада.

2021-2022 оқу жылында Қазақстанның 7475 мектебінде 3,4 млн-нан астам адам, оның ішінде 1 сыныпта 380 мыңнан астам бала оқитын болады. Оқу дәстүрлі форматта жүргізіледі. Вакцина алған педагогтер жұмысқа жіберіледі. Қазіргі уақытта вакциналауға жататын педагогтердің 93,1%-ы және білім беру мекемелерінің басқа қызметкерлерінің 88,4%-ы вакцина алды.

Үкімет басшысы студенттер мен мұғалімдердің қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету үшін барлық ұйымдастырушылық мәселелерді қысқа мерзімде шешу қажеттігін айтты.

"Премьер-Министр осы жылғы 25 тамызға дейін медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдардан басқа, педагогтер мен техперсоналды вакциналаумен 100% қамтамасыз етуді, осы жылғы 20 тамызға дейін мектептерді санитариялық талаптарға сәйкес (кварцтеу, дезинфекция, маска режимі, күнделікті термометрия және т.б.) қабылдауды аяқтауды тапсырды", - делінген хабарламада.  

Барлық білім беру ұйымдарында педагогтер, қызметкерлер мен ата-аналар үшін "Ashyq" жүйесі енгізіледі.

Үкімет басшысы 25 тамызға дейін ең алдымен, кестеден кешігіп отырған Павлодар және Түркістан облыстарында оқулықтарды мектептерге кестеге сәйкес толығымен жеткізуді тапсырды. 

А.Мамин кестеден артта қалған мектептерде жөндеу жұмыстарын аяқтау қажеттігін атап өтті. Жөндеу жұмыстары аяқталмаған мектептердің ең көп саны Алматы (9), Қостанай (6) және Батыс Қазақстан (5) облыстарында екені айтылды. Премьер-Министр а.ж. 25 тамызға қарай барлық білім беру ұйымдарының оқу жылын бастауға 100% дайын болуын қамтамасыз етуді, балалардың қауіпсіздігі, тамақтандыру және мектепке жеткізу бойынша барлық мәселелердің шешімін табуды тапсырды.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстандағы жаңа оқу жылына арналған санитарлық ережелерді жариялаған болатын.

А. Оралқызы