ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстандағы ғылымды басқару жүйесінде қандай өзгерістер болатынын айтты.
"Дәстүр бойынша Жаңа жылдың басы өткен жылды қорытындылап, жаңа міндеттерді іске асыратын уақыт деп есептеймін. Мен ғылым саласы туралы әдейі көп жазған жоқпын, себебі бұл салада жиналып қалған мәселелер өте күрделі, әрі сан қырлы болғандықтан, қабылданатын шешімдерге де қарама-қайшы пікірлер мен көзқарастар әртүрлі болды. Сондықтан, министр лауазымына тағайындалған күннен бастап әрбір мәселені жеке-жеке де, басқа мәселелермен өзара байланыстыра отырып та егжей-тегжейлі пысықтадым. Біз осы саладағы өзгерістерді ұзақ талқыладық. Бүгінде негізгі нормативтік құқықтық актілерді қабылдадық. Атап айтқанда, ғылымды қаржыландыру және мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүргізу ережелері, Ұлттық ғылыми кеңес (ҰҒК) ережесі мен құрамы қайта қаралды. Ендігі кезекте ғылымды басқару жүйесінде қандай өзгерістер енгізілгенін және алдағы жылы тағы қандай жаңалықтар болатынын айтқым келеді", - деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.
Министр бұл салада әлі де жетілдіруді қажет ететін 4 негізгі бағытты атады: 1) ҰҒК жұмысын жаңғырту; 2) ғылымды мемлекеттік қаржыландырудың тиімділігін арттыру; 3) мемлекеттен тыс қаржыландыру үшін ғылымның тартымдылығын арттыру; 4) ғылыми кадрларды даярлау сапасын арттыру.
Министр Ұлттық ғылыми кеңес, ғылымды қаржыландыру, ғылымға арналған конкурстар,
"1. Ұлттық ғылыми кеңестерден (ҰҒҚ) бастасам, шын мәнінде, бұл – ғылыми жобаларды қаржыландыру туралы шешім қабылдайтын басты орган.
ҰҒК мүшелерін іріктеудің нақты процедурасы болмағандықтан, ғылыми ортада жекелеген кандидаттарды ҰҒК құрамына енгізудің негізділігі жөнінде үнемі сұрақтар туындап отырды. Бұл ғылыми сараптамаға деген сенімге теріс әсерін тигізді. Бұл жайында біршама күмән да туындады. Қазіргі кезде ҰҒК құрамы жаңартылды.
Сондай-ақ, ҰҒК құрамын қалыптастыру процесі түбегейлі қайта қаралды, оның мүшелеріне қойылатын талаптар да қатаңдады. Енді, келесі кезең ретінде, ҰҒК құрамын жаңа талаптарға сәйкес толығымен қайта қараймыз.
Бұдан былай кандидаттарды ҰҒК құрамына іріктеген кездегі басты талап - олардың ғылыми жарияланымдарының сапалы болуы. Оны анықтау әдістемесі, біріншіден, өлшеуге, сенуге болатын көрсеткіштерге сүйенуге мүмкіндік берсе, екіншіден, ғылым салаларының жекелеген ерекшеліктері де ескерілді. Кандидатты кеңес құрамына ұсынуға болмайтын жағдайлар нақты бекітілгендіктен, оларды қалыптастыру кезеңінен бастап дау туындамайды деп ойлаймын. Түрлі стейкхолдерлердің өкілдігі де реттелген, бұл ғылыми жобаларды жан-жақты қарауды қамтамасыз етеді.
Басқаша айтқанда, біз халықаралық деректер қорынан ғалымдардың сараланған тізімін жай ғана аламыз да ең беделді деген ғалымдарды (егер олар өздігінен бас тартпаса және кез келген бір ұйымның басшысы болмаса және т.б.) ҰҒК құрамына қосамыз. ҰҒК құрамында ең мықты ғалымдар болуы керек.
Бұдан былай ҰҒК мамандануы тереңдетіледі және әрбір жобаны қарау сапасын арттыруды қамтамасыз ету үшін олардың саны артады.
2. ҰҒК қызметінің ашықтығы
Егер бұрын ҰҒК қаржыландыру туралы шешімдерін жасырын дауыс беру арқылы қабылдаса, енді нақты критерийлері бар және ұпай қойылатын ашық дауыс беру енгізілді.
Сонымен қатар кеңес отырыстарының көрсетілімі қамтамасыз етіледі. Бұл - қабылданатын шешімдердің жауапкершілігі мен ашықтығына бірден-бір себеп.
3. Өтінімдерді экономикалық сараптау институты енгізілді. Бұл, біріншіден, сұралып отырған қаржыландырудың негізділігін тексеруге мүмкіндік берсе, екіншіден, ҰҒК-нің өтінімдерді қаржыландыруды өз бетінше қысқартуына шек қояды.
Мысалы, қойылған міндеттерді шешу үшін ғалымдар 50 млн теңге қаражат сұраса, ҰҒК 3 млн-ға дейін қысқартқан жағдайлар болған. Содан соң тақырыптар осы қаражат көлеміне сай ауыстырылып, ақша жұмсалып кеткен, ал нәтижесі жоқ. Сондай-ақ, енді жобаларды дайындаған кезде ғалымдар сүйенетін шекті нормативтер дайындалады. Мысалы, басшысынан бастап зертханашыға дейін және т.б. әрбір позиция бойынша қандай жалақы шегі жоспарлануы мүмкін екендігі ескеріледі.
4. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру нақты ұлттық, ғылыми-техникалық міндеттер негізінде ғана бөлінбек. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында тақырыптар көбінесе, мысалы, "ауыл шаруашылығын дамыту" деген сияқты кеңінен алынып және ақша да солай бөлінгені құпия емес.
Әрі қарай ғалымдар бір ғана мақсат – қаржы алу үшін "кімнің ойына не келсе" принципі бойынша өздерінің ғылыми зерттеулерін ұсынып келген. Нәтижесінде, бағыт қаржыландырылған сияқты, бірақ нақты нәтижелерді фермерлер сезбеді, сезсе де, олар жұмсаған шығындарының құнынан да асып кетеді.
Нарық жағдайында бұлай жұмыс істеуге болмайды және әлемнің дамыған бірде-бір елі олай жұмыс істемейді. Ендігі жерде қоғамның және (немесе) нарықтың қазіргі және болжамды қажеттіліктері негізінде нәтиженің нақты индикаторлары бар нақты міндеттер мен тақырыптар болады.
Мысалы, "ауыл шаруашылығын дамыту" деген үлкен тақырыптың орнына нақты міндет ретінде белгілі бір топырақта және климаттық жағдайларда нақты өнім сапасы мен өнім беретін дақылдың сортын шығару көрсетілетін болады.
Демек, қаржыландыру қазіргідей бір-бірімен байланыспайтын әрі іс жүзінде пайдасы жоқ көптеген тақырыптардың арасында бөлінбейді, нақты, шын мәнінде көзге көрінетін нәтиже алуға шоғырланатын болады.
Ғалымдар енді өз-өздеріне тапсырма ойлап таппайды, басқа ғалымдармен конкурсқа қойылатын міндеттерді шешу тәсілдері, әдістері мен ресурстарының оңтайлылығымен бәсекеге түсетін болады. Осылайша, БНҚ (бағдарламалық нысаналы қаржыландыру) жобаларын қаржыландыру еліміз үшін қажетті нақты, өзекті міндеттерді шешетін болады.
5. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында ғылымды қаржыландыру осы жылы екі есе артты.
Одан кейінгі жылдарда да ғылымды қаржыландыруды жыл сайын еселеп ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, біздің ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жөндеуге және нығайтуға қаражат бөлінді. Ғылыми инфрақұрылымды ұстау және жаңарту да саланы дамыту үшін маңызды болып табылады.
6. Өте маңызды жаңалық. Бұған дейін ғылымға арналған конкурстар 3 жылда бір рет өткізіліп отырды. Сәйкесінше, егер ғалым грант алмаса, келесі конкурс тек 3 жылдан кейін ғана өткізілетіндіктен, көптеген ғалымдар қаржыландыру болмағандықтан, сонша уақыт күтпей, бағыттарын өзгертіп, ғылым саласынан кеткені де құпия емес. Сонымен қатар, 3 жыл ішінде ғылыми тұрғыда сүйемелдеуге тұратын көптеген өзгерістер болды.
Енді конкурстар жыл сайын өткізіліп, ал жобаларды іске асыру мерзімі 3 жыл болады.
7. Цифрландыру. Өтінімдер беруді, қаржыландыру туралы шешім қабылдауды, қорытынды есептерді қабылдауды қоса алғанда, барлық конкурстық рәсімдер бірыңғай цифрлық базада жүзеге асырылатын болады. Бұдан басқа, гранттың немесе бағдарламаның мақсатын, қаржыландыру сомасын, нәтижелерін, бастапқы өтінім мен есептерге өзгерістер енгізудің барлық кезеңдерін көрсете отырып, мемлекет қаржыландырған барлық жобалардың ашық базасы әзірленетін болады. Осылайша, біз ғылымға бөлінетін барлық қаражаттың ашықтығын қамтамасыз етуді қалаймыз".
Министр келесіде мемлекеттен тыс қаржыландыру үшін ғылымның тартымдылығын арттыру, РҒТС коммерцияландыру, ғылыми кадрларды даярлау сапасын түбегейлі арттыру, қағазбастылықты азайту, академиялық адалдықты дамыту, ғылыми жарияланымдар мен ғылыми журналдарға қойылатын талаптар секілді өзекті тақырыптарды көтеретінін айтты.