Қазақстандағы мектептер қағаз түріндегі күнделіктерден бас тартады. Бұл туралыTengrinews.kz тілшісіне "Күнделік" ЖШС бас директоры Александр Григорян хабарлады.
Григорянның айтуынша, білім саласындағы жұмыстарды электрондық формаға ауыстыруды Білім министрлігінің өкілдері де қолдап отыр. Айта кетейік, бұл жүйе қазіргі уақытта еліміздегі барлық мектепте енгізіліп жатыр. "Бұл еліміздегі мектептердің барлығына енгізіліп жатқан электрондық портал. Ол оқу процесін жеңілдетеді. Былтыр республикадағы төрт облыста электрондық портал енгізіліп, жұмысын бастаған болатын. Яғни, 700-ден аса мектеп жаңа ақпараттық технологиямен жұмыс істеп жатыр. Бұл жоба мемлекеттің және жекеменшік әріптестіктің негізінде жүзеге асырылып жатыр", - деді Александр Григорян.
Сонымен қатар, Григорян жобаның еліміздің барлық облысында және ауылдық жерлерде де жұмыс істейтінін атап өтті. "Интернет-портал қандай да бір құрылғыны орнатуды талап етпейді. Бұл жоба мұғалімдердің, ата-аналардың және оқушылардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауына септігін тигізеді. Ата-аналар мұғалімдермен, мектеп әкімшілігімен тікелей байланыста бола алады. Электрондық күнделік тек оқу материалдарынан емес, сондай-ақ, ойын-сауық мазмұнындағы материалдармен қамтылған", - деді жоба авторларының бірі. Оның айтуынша, бүгінде 7500 мектептің 2500-і интернетпен қамтамасыз етілген.
Айта кетейік, жобаның құны 30 миллиард теңге болды және оны инвесторлар төлейді. Оның айтуынша, уақыт өте келе еліміздегі барлық мектеп әдеттегі қағаз түріндегі күнделіктерден бас тартады. "ҚР БҒМ құжаттарды электрондық формаға ауыстыруды қолдап отыр. Расында, қағаз түріндегі журналдар қолданыстан шығып жатыр. Енді барлық ақпаратты онлайн көруге болады", - деді жобаның авторы.
Дерек көзі: tengrinews.kz