- Негізгі бет
- Білім
- Қазақстанда кітап оқудан...
Қазақстанда кітап оқудан ірі сайыс басталды
Қазақстанда кітап оқудан ірі сайыс басталды. Бастауыш сынып оқушысынан бастап ересектерге дейін бәріне қатысуға болады. Ал жеңімпаздары мен қатысушыларға қомақты сыйлықтар берілмек. Massagat.kz порталы елімізде осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған "Тұлға болам" атты кітап оқу сайысы жайлы кеңірек ақпарат береді.
Сайыс жайлы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды "Балалар жылы" деп жариялады. Осыған орай биыл "Шұғыла" қоры мен "Дария" дамыту орталығы үшінші "Тұлға болам" кітап оқу сайысын ұйымдастырғалы отыр.
Кітап оқу сайысы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің "Оқуға құштар мектеп" жобасы аясында өтеді.
Сайысты ұйымдастырушылардың айтуынша, былтыр "Тұлға болам" сайысына 50 мың адам, екінші бәйгеге 108 мың адам қатысқан екен. Ал бұл жолғы үшінші сайысқа 500 мыңдай адам қатысуы мүмкін.
Бәйгенің шарты мен талаптары
Сайысқа 4 оқушылар тобы және 1 ересектер тобы қатысады: 1-2 сынып, 3-4 сынып, 5-8 сынып, 8-12 сынып және студенттер мен ата-аналардан, басқа да ересектерден құралған топ. Яғни, сайысқа кез келген жан қатыса алады.
Əр топтың кітабы және жүлдесі бөлек. Сайысқа қатысушылар қазақ классиктері мен әлем классиктері кітабын оқып жарысады. Қатысушылар 3 кезенде 3 кітапты оқып бітіруі тиіс. Бірінші кезеңде мына кітаптар беріліп отыр:
1-2 сыныпқа – Ертегілер топтамасы
3-4 сыныпқа – Бауыржан деген бала бар (Әлдихан Қалдыбаев)
5-8 сыныпқа – Бір атаның балалары (Мұхтар Мағауин)
8-12 сыныпқа – Сүлеймен патшаның кеніші (Хаггард Генри)
Ересектерге – Сүлеймен қарақшы (Момбек Әбдәкімұлы)
Әр кезеңнің соңында кітап бойынша 100 сұрақтан тұратын онлайн-тест өтеді. Ал онлайн-тестіге 16 минут уақыт беріледі.
"100 сауалға жауап беруге 16 минут жеткілікті. Кей қатысушылар 7-8 минутта тапсырып тастайды. Сондықтан осы уақыттың ішінде сауалға түгел жауап беруге тырысу керек", - дейді "Дария" даму орталығы директорының орынбасары Бақытжан Асқаров.
Сайыстың кітаптарын "Тұлға болам" бәйесі телеграмм-арнасынан жүктеп алуға болады. Сондай-ақ, бәйегінің ережелері осында егжей-тегжей жазылған. Кітаптарды DARIYA қосымшасынан да жүктеп алуға болады.
Жарысқа қатысу үшін tulgabolam.kz сайтына еніп тіркеліңіз. Тіркеу 9 сәуірге дейін жалғасады.
Жүлде қоры
Сайыстың жүлдегерлеріне де, қатысушылары да қомақты сыйақы мен сыйлықтар беріледі. Басты жүлдегерлерге Ыстамбұл қаласына саяхат, MacBook, iPad, Apple Watch, велосипедтер және басқа да ақшалай сыйлықтар берілмек. Өткен маусымның бас жүлдегеріне Нұр-Сұлтан қаласынан 1 бөлмелі пәтер берілген. Оны Түркістан облысында тұратын көпбалалы ана ұтып алған екен.
"Шұғыла" ҚҚ қамқоршылық кеңесінің мүшесі, кәсіпкер Сырымбек Таудың айтуынша, жобаның жүлде қорын 20-ға жуық компания қаржыландырып отыр.
"Сондықтан жүлдегерлерге ғана емес, қатысушылар мен шәкірттерді сайысқа қатыстыруға дайындаған, тартқан кітапханашылар мен мұғалімдерге де қомақты сыйақы беруді ойлап отырмыз. Біздің мақсатымыз – елді кітап оқуға ынталандыру. Демек, кітап оқуға ниет танытқан әрбір жан марапатқа ие. Кәсіби кітап оқушылар жоғары нәтиже көрсетері анық. Бірақ қарапайым қатысушыны да ұмыт қалдырмаған абзал. Сол себепті қатысушылардың да сағы сынбасын деп, оларға рандом әдісі арқылы таңдап, жақсы сыйлықтар береміз. Тіпті, былтыр пәтер ұтып алған анамыз дәл осы рандом әдісімен таңдалған жан еді. Ал Ыстамбұлға саяхат ұтып алғандарға арнайы экскурсия, Анталья қаласына демалыс ұйымдастырылады", - дейді Сырымбек Тау.
Кітап оқыған баланың денсаулығы мен зейіні жақсарады
Сайысты ұйымдастырушылардың мақсаты көп. Баланы кітап оқуға баулу мен бейімдеуден бөлек, оның денсаулығы мен психологиялық жай-күйін жақсарту, өмірге деген құштарлығын арттыру мен жаман әдеттерден арылту сынды маңызды мақсаттары бар. Тіпті, халқымыздың зейінін жақсарту арқылы әлемдік табысты ұлт пен елге айналдыру міндеті тағы тұр.
"Адамның ми нейрондары 25 жасқа дейін қалыптасып толысады. Оған дейін алған білімі мен дағдысы өмірлік азық болмақ. Қазіргі жастар әлеуметтік желіні дұрыс пайдаланбайды. Мардымсыз мағлұматтың көптігінен ойлауы бұзылып жатыр. Зерттеулерге сенсек, бала смартфонға күніне 80 рет үңіледі екен. Әрбір қараған сайын 15 минут уақытын құртады. Ал смартфоннан бас алып, басқа іске кірісуге тағы 23 минут уақыты кетеді. Содан баланың назар қоюы қабілеті пен ой қорытуы бұзылады. Саяз ойлау, сабырсыздық пен бейқамдық, дүбара қабілет етек алды. Жастардың ойлау процесін дефолт жаулап барады. Бұл – біздің елде ғана емес, әлемде болып жатқан жағымсыз құбылыс. Ресей мен АҚШ-та 12 жасқа дейінгі баланың 70 пайызы осы дертке тап болған екен. Ал бұл дерттен арылудың бірден-бір амалы – кітап оқу. Баланы кітап оқуға баулу. Ал бала кітап оқуы үшін ата-ананың да кітапқа құмар болғаны жөн. Сондықтан да біз сайысқа ересектерді де қосып отырмыз", - дейді "Шұғыла" ҚҚ қамқоршылық кеңесінің мүшесі Азат Тапишев.
Оның айтуынша, кітап оқыған бала өскенде бақытты жанға айналады. Өйткені қазір әлем мойындаған эмоционалды интеллектінің (EQ) түбінде – кітап оқу жатыр.
"Әдеби кітап оқыған бала табысты әрі бақытты болады. Жастайынан эмоционалды интеллектісі қалыптасады. Әлемге мейіріммен, ақылмен және сабырмен қарайтын адам болып өседі. АҚШ-тағы кәсіпкерлердің 92 пайызы EQ-і дамыған адамдар екені зерттеуден белгілі. Демек, кітаппен өскен ұрпақ – ел экономикасының тірегі. Осы жерде бір мысал айта кеткім келеді. ХVIII ғасырдың соңында Эндрю Карнеги (Andrew Carnegie) есімді бизнесмен АҚШ-та өз қаражатына тегін 2200 кітапхана ашқан екен. Оған ол 400 млрд доллар қаражат жұмсаған. Сол кітапханалардың арқасында Америкада небары 20 жылдың ішінде мықты бизнесмендер өсіп шыққан. Қазір АҚШ азаматтары жан басына шаққанда жыл сайын 9-12 кітап оқиды. Осының арқасында әлемдік көшбасшы ел болып отырғаны бәрімізге түсінікті деп ойлаймын. Біздің елдің жастары да кітапқұмар болса екен деген игі ой бар", - дейді Азат Тапишев.
Кітапсүйер қауым көбейді
Ұйымдастырушылардың айтуынша, сайыстың игі нәтижелері қазірдің өзінде көрініп жатыр. Бұрынғы сайысқа қатысқан балалардың кітап оқуға деген ынтасы мен құмары оянған. Гаджеттен бас тартқандары да бар көрінеді.
"Ата-аналар жиі алғыс айтып келеді. Алғашқы сайыстан-ақ. Баласының өзгергенін, жақсы жаққа бет бұрғанын айтады. Басында жүлде үшін кітап оқығанымен, кейін оны әдетке айналдырған балалар көбейді. "Гаджеттен бас алмайтын еді, қазір кітаптан бас алмайтын болды" дейді кей ата-ана. Осыдан жарыс пен сайыстар өткізу арқылы баланың кітап оқу дағдысын қалыпастыруға, жандандыруға болатынын байқадық. Сол арқылы төл құндылықтарымызды насихаттауға жол табылды", - дейді Бақытжан Асқаров.
Классикалық әдебиет
Ұйымдастырушылар басқа сала кітаптарын емес, неге дәл классикалық әдебиетті таңдап алғанын былай түсіндіреді.
Қ. Слямбек"Классикалық әдебиет – уақыт пен халық сынынан өткен шығармалар. Жүз жылдық тарих сынынан да өтті. Классикалық әдебиеттің қадірлі екеніне ешкімнің шүбәсі жоқ. Көпшілік мақұлдаған, шындығын, өміршеңдігін мойындаған кітаптар. "Классикалық әдебиеттегі тағдыр – шынайы адамның тағдыры" деген екен Мұхтар Мағауин. Ендеше оқырман сол тағдырмен танысып, ішкі табиғи болмысын жаңғыртары сөзсіз", - дейді Азат Тапишев.