- Негізгі бет
- Білім
- "Қазақ тіліндегі 100...
"Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулықты" онлайн қайдан оқуға болады?
"Жаңа гуманитарлық бағыт. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" жобасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен "Рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асты. Жоба аясында тарих, философия, социология, психология, антропология, мәдениеттану, дінтану, лингвистика, инновация, медиа, экономика, менеджмент, кәсіпкерлік, кинотану, театртану салалары бойынша әлемнің маңдайалды университеттерінде оқытылатын үздік оқулықтар қазақ тіліне аударылды.
Қазақ тіліне аударылған әр кітап 10 мың дана болып басылып, 132 жоғары оқу орнына тегін таратылды. Сондай-ақ, қоғам қызығушылығы мен ұсынысы ескеріліп, кітаптар Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы ірі кітап дүкендері арқылы сатылымға қойылды. Ал онлайн оқу үшін оқулықтардың электронды нұсқасы әзірленіп, ол "Қазақстанның ашық университеті" – openU.kz платформасына жүктелді.
"Қазақстанның ашық университеті" – еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен мамандары бірлесе әзірлеген онлайн-курстарға тегін қол жеткізу мүмкіндігін ұсынатын білім беру платформасы. Мұндағы басты мақсат – сапалы тегін онлайн-курстар ұсыну арқылы Қазақстан халқының интеллектуалдық деңгейін арттыру және ифрлық технологиялар көмегімен онлайн білімді баршаға қолжетімді ету. Көпшілік 100 жаңа оқулықты осы жерден оқи алады.
Бұл оқулықтар ЖОО студенттеріне арналған. Ауқымы кең, мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігі мол жобаны "Ұлттық аударма бюросы" жоғары деңгейде атқарып шықты.
Бүгінде 100 оқулық негізінде қазақ және орыс тілдерінде 200 онлайн курс дайындалып, 5 мыңнан аса видео-лекция жазылған. Бұл жұмысқа Қазақстанның алдыңғы қатарлы ұстаздары атсалысты. Осы оқу материалдары келешекте Қазақстан ашық университетінің негізін қалай алады. Бұл да заман талабына сай, қашықтан оқу технологияларын дамыту, білім беру саласын цифрландыру бағытындағы жақсы бастама, технологиялық болашаққа жасалған үлкен қадам болмақ.
"Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" жастардың талабын шыңдай түсуге таптырмас білім көзі. Студенттер гуманитарлық бағыттағы әлемдегі ең жақсы деген оқу құралдарымен және атақты ғалымдардың идеялары мен еңбектерін барынша жата-жастана оқи алады. Кітап түрінде де, онлайн оқу үшін де қолжетімді әрі ыңғайлы. Оқимын, білім көкжиегімді кеңейтемін деген жастар үшін – мемлекеттің зор қамқорлығы.
Н. Үсенова