Қазақ күресі мен асық ату сабағы мектеп пәніне қосылады

Қазақ күресі мен асық ату сабағы мектеп пәніне қосылады
Фото: zhambylnews.kz

Қазақ күресі, тоғызқұмалақ пен асық ату сынды ұлттық ойындар енді Қазақстан мектептерінде міндетті сабақ ретінде өткізілмек. Мұны мәжіліс депутатының сауалына жауап берген премьер-министр Асқар Маминнің жауабында айтылды.

Үкімет басшысының айтуынша, еліміздің орта мектептерінде "қазақ күресі", "тоғызқұмалақ", "асық ату" бойынша міндетті сабақ өткізу әдістемесі әзірлеп жатыр. Бұқаралық спортты дамыту аясында спорт инфрақұрылымын дамытумен бірге ұлттық спортты дамыту қатар қолға алынбақ.

"Ұлттық спорт түрлері сабақ ретінде мектепте оқыту баланың денсаулығы мен тәлім-тәрбиесіне оң әсер етпек. Қазіргі уақытта Мәдениет және спорт министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі "қазақ күресі", "тоғызқұмалақ", "асық атуды" алдағы уақытта дене шынықтыру бойынша мектеп бағдарламасына қосу және міндетті сабақ ретінде өтізу үшін әдістеме әзірлеп жатыр", - деп түсіндірді премьер-министр.

Үкімет басшысының дерегінше, Қазақстан мектептерінде қазір 3,5 млн бала оқып жатқан болса, соның 1,4 миллионы, яғни 40 пайызы спорт секцияларына қатысады. Олардың 440 мыңнан астамы мектептен тыс үйірмелерге барады. Енді мектепте спорт секциясы мен сабақ бірге қосылған пән оқытылып, спортпен айналысушы балалар бұдан да көп болмақ.

Қ. Слямбек