- Негізгі бет
- Білім
- Жылдың үздік лингвистері...
Жылдың үздік лингвистері анықталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде филология және әлем тілдері факультеті жалпы тіл білімі және шетел филологиясы кафедрасы, «Жас лингвист» клубының ұйымдастырумен «Үздік лингвист-2016» ІІІ Республикалық зияткерлік олимпиадасы өткізілді.
Олимпиаданың басты мақсаты лингвистика ғылымына студенттердің қызығушылығын арттыру, жинаған білімдерін таразыға салу. Лингвистика – қыры мен сыры мол, тарихы тереңде жатқан ғылым. Сол себепті де тіл білімін зерттеуге деген құштарлық күннен-күнге артып келеді. Оған дәлел «Үздік лингвист» байқауы 2010 жылдан бастап филология факультеті 3-курс студенттері арасында өткізіліп, 2014 жылы ауқымын кеңейтіп алғаш рет Республикалық деңгейде өткендігі. Ал, міне, биыл, 2016 жылы «Үздік лингвист» байқауы дәстүрлі түрде ІІІ рет ұйымдастырылып отыр. Биыл ұйымдастырылған «Үздік лингвист-2016» жеңімпаздарды анықтауда топтық белсенділікке, білімділікке назар аударған. Сонымен қатар, қатысушы топтардың қазақ, орыс, ағылшын тілі біліміндегі сұрақтардан хабардар болып, сол тілдерді жетік меңгергеніне көңіл бөлген.
«Үздік лингвист-2016» зияткерлік сайысына алдын ала іріктеу өткізіліп 7 топ оқ бойы озық шықты. Бұл жеті топ: Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ, Сүлеймен Демирел университеті, Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Тараз Инновациялық гуманитарлық университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеті және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінен іріктелген үздіктер.
Қатысушыларды филология ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынов атындағы терминология бөлімінің бас ғылыми қызметкері Айдарбек Қарлығаш Жамалбекқызы, Қазақстанның ашық кітапханасы «Kitap.kz» сайтының редакторы Ахметова Құралай Әбдішәкиқызы, филология ғылымдарының кандидаты, IT университетінің доценті Еркебекова Эльмира Қалдыбекқызы бағалап, шараға қазылық етті.
Қатысушалар «Таныстыру», «Ширату», «Бәйге» , «Көкпар», «Полиглот» өткелдерінен өтіп, алғырлық танытты, орыс, ағылшын тілінде қойылған сұрақтарға да мүдірмей жауап берді.
«Білімді мыңды жығар» демекші, мыңның арасынан суырылып шыққан 7 топтың ішінде қазылар алқасының шешімі бойынша Қазақ Мемлеткеттік қыздар университеті жеңімпаз топ атанды, ал әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінен қатысушы топ ІІ орынға, Абай атындағы ҚазҰПУ-ден келген топ ІІІ орынға ие болды. Ал өзге де қатысушы командалар – Сүлеймен Демирел атындағы университет, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ, Тараз Инновациялық гуманитарлық университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінен келген топтарға ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.
Г. Берік