«Журналистика: аналитика және зерттеу» мамандығына оқуға қалай түсеміз?

«Журналистика: аналитика және зерттеу» мамандығына оқуға қалай түсеміз?

Әр жылы жазда журналист боламын деген үмітін үкілеген талай жас университет қабырғасын жағалап, басқа түлектерден бұрын қамданып, шығармашылық емтихан тапсыруға дайындалады. Осындай жас өрендер үшін қуанышты жаңалық – сарапшы журналистер дайындайтын жаңа мамандықтың ашылуы. Бұл саланың өзектілігі, оқуға тапсыру қалай өтеді – мұның барлығын М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетін PR-менеджері Назерке Бастами арнайы Massaget.kz порталы үшін толығырақ баяндап берді.

Жақында М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетінде «Журналистика: аналитика және зерттеу» мамандығының тұсаукесері өтті.  Білім бағдарламасының ашылуына Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев, республикалық басылымдардың бас редакторлары және жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, медиа-менеджерлер қатысты. Кездесуде Қазақстан  журналистикасының қазіргі жағдайы талқыланды. Елімізде бір жыл ішінде 1000-нан астам журналист 34 жоғары оқу орнын бітіреді екен. 

Қазір басылымның рейтингін көтеру үшін, «оқырман сұранысы» деген желеумен, терең зерттелмеген тақырыпты алып, жеңіл-желпі ақпарат тарататын БАҚ көбейді. Өйткені сараптама жасауды үйретуге ден қойған оқу орны некен-саяқ. Экономика, қаржы, заң саласын зерттейтін, геосаяси мәселелер, сыбайлас жемқорлық туралы ашып жазатын журналист дайындау жағдайы ақсап тұр. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жаңа мамандық ашылды.   Халыққа жан-жақты талдау жасалған сараптамалық ақпарат ұсынса, көзі ашық оқырманның ортасы қалыптасады.

М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетінің Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев жаңа мамандықты ашу идеясын бірден қолдады. Себебі сауатты журналистерді дайындау ең алдымен, әлеуметтік жауапкершілік деп есептейді.

Мақсаты

«Журналистика: аналитика және зерттеу» мамандығының негізгі мақсаты халықтың ақпараттық талғамын қалыптастыру. Ал аналитика журналистикасының болуы – әлемдік үрдіс және уақыт талабы. Бұл мамандықты таңдаған студенттер құқық, экономика саласында ғана білім алмайды. Қажетті ақпаратты іздеу, талдау және іріктеуді үйреніп, факт-чекинг дағдыларын меңгеріп шығады. Ресейдің сараптамалық материалдарын оқысаңыз, тілі ауыр. Сол саланың маманына түсінікті болғанымен, қарапайым халық ақпаратты лезде қабылдамайды. KAZGUU даярлаған маман ауқымды ақпаратты жасақтап, оны талдаудан өткізіп оқырманға немесе көрерменге қарапайым тілде жеткізе алуы керек деп мақсат қойдық.

Қабылдау қалай жүреді?

Журналистикаға түсу үшін қазақ тілі мен әдебиеті пәнін таңдаудың қажеті шамалы. Оқу сауаттылығы және Қазақстан тарихы пәнінен тест тапсырып, 40 ұпай жинап, емтиханға сақадай сай отырғаныңыз абзал. Ал ауызша және жазбаша өтетін шығармашылық емтиханда ең көбі 80 ұпай қойылады. Барлығы 120 балл жинауыңыз керек. Емтиханның бірінші кезеңінде тапсырушы эссе немесе шығарма жазады. Мұнда болашақ журналистің ойлау қабілеті мен жазу стилі бағаланады. Тақырыптар алдын ала берілмейді. Екінші кезең сұхбаттасу, әңгімелесу стилінде өтеді. Мектеп жасындағы оқушылар журналист деген тележүргізуші деп ойлайды. Сұхбат барысында журналистикаға қатысты кез келген сұрақ қойылуы мүмкін. Сондықтан қазақ журналистері, газеттер мен ақпараттық агенттіктер, радио және бұқарамен байланыс саласынан да хабардар болған жөн. Осы уақытқа дейін жариялаған мақалаларын, сертификаттары мен мақтау қағаздарын портфолиосына салып әкелсе болады.

20 маусымнан 7 шілдеге дейін М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті  журналистиканы таңдаған түлектердің құжаттарын қабылдайды. Шығармашылық емтихан тапсыру уақыты — 2021 жылдың 8-13 шілде аралығы.  Емтихан эссе жазу және сұхбаттасу кезеңдерінен тұрады, оқу тілін таңдауына байланысты қазақ және орыс тілдерінде өтеді.

@. @assel_assanova