- Негізгі бет
- Білім
- Жаз-2019: студенттерге арналған...
Жаз-2019: студенттерге арналған шетелдік тәжірибе жұмыстары
Мамыр айы ұзақ демалыстарымен және оқу жылының аяқталуымен ерекшеленеді. Тек мектептер ғана емес, жоғары оқу орындары да студенттердің жаз айында қалай өткізетіндігіне қызығушылық танытады. Мансап жолын студент кезінен бастап ойлайтындар, мүмкіндігін пайдаланып шетелдік компанияларға өтініш тапсырады. Сол себептен биыл жазда өтуге болатын тәжірибе аймақтарын ұсынамыз:
1. Global Leadership Forum, АҚШ
Мерзімі: 19–29 маусым, 30 маусым — 20 шілде.
Дедлайн: 3 мамыр
Нью Мексикадағы Global Leadership Forum-ға маусым және шілде айларында медиа саласындағы мамандар керек. Тәжірибеден өтушілер шараны жан-жақты таратуға көмектеседі, түсірілімдерге қатысады және қоғамдық, саяси, эткалық және экологиялық мәселелерді талқылайды. Ұйымдастырушылар 500 АҚШ доллары көлемінде жалақы береді, тұрғын үй мен транспорт шығынын, медициналық сақтандыруға кеткен қаражатты өтейді. Үміткерлерге мынандай талаптар қойылады:
• Жұмысты уақытылы орындау;
• Топта жұмыс істей білу, адамдармен еркін қарым-қатынас құру;
• Ағылшын тілін қосқанда, екі тілде сөйлеу.
Өтінішті ұйымдастырушылар почтасына жібересіз.
2. Procter & Gamble, Польша
Мерзімі: маусымнан қыркүйекке дейін.
Дедлайн: 30 сәуір.
Procter & Gamble — ірі халықаралық компания, құрамында Gillette, Pantene, Fairy, Head & Shoulders секілді брендтер бар. Компания жеткізу механизмін басқару саласы бойынша тәжірибеден өтушілерді жинап жатыр. Шара Варшавада өтеді. Тәжірибеден өтуші өндіріс жоспары, оларды жіктеу, болжам мен сұраныс сараптамасын жасайды.
P & G компаниясы тәжірибеден өтуші үшін барлық жағдайды ұсынады: айлық, сақтандыру түрінде бонустар, субсидия, көпұлтты топпен араласу және икемді жұмыс кестесі. Заманауи кеңседе жұмыс жасайтын боласыз. Ал, талаптар мынадай:
• Аналитикалық дағдылар;
• MS Excel жақсы меңгеру;
• Көп нәрсе үйренуге және топта жұмыс істеуге дайын болу;
• Ағылшын тілін жетік меңгеру.
3. Warner Bros., АҚШ
Мерзімі: маусымнан қыркүйекке дейін.
Дедлайн: көрсетілмеген, асыққаныңыз абзал
Гарри Поттер фанаттары үшін таптырмас мүмкіндік. Warner Bros. компаниясында Harry Potter Global Franchise Development Intern. бойынша жұмыс орны босатылған. Тәжірибеден өтушінің міндетіне жоспарлау, зерттеу, бренд маркетингі, әлеуметтік желіде тарату мен өнімді құрастыру кіреді.
Талаптар:
• Жасы 18-ден жоғары
• Маркетинг, коммуникация және бизнес-менеджмент саласында білімі бар
• Білім көрсеткіші жоғары
• Калифорния штаты, Бербанк қаласына бару мүмкіндігі
• Ұйымдастырушылық, шабытқа бай және адамдармен жақсы қарым-қатынас орната білуі
Өз мүмкіндігіңді жіберіп алма, жас дос!
Т. Есқали