- Негізгі бет
- Білім
- Жаңалық оқудың зияны...
Жаңалық оқудың зияны
Күндегісін күнде таңертеңгілік уақытын 15-20 минут жаңалық оқуға арнайтын адамдар бар. Бұл, бір жағынан, дұрыс шығар. Бірақ пышақтың екі жүзі болатыны тәрізді, кез келген нәрсенің жақсы-жаман жағы болады.
Бірде халыққа қандай тақырып қызықты, қандай мақала көбірек оқылады деген оймен рейтингтік сайтқа кірген едік. Барлығынан көп көрілім жинаған – жұлдыздарға қатысты жаңалықтар. Бұл бізге не үшін керек? Өсектен құр қалам демесеңіз, білудің пайдасы жоқ.
Жаңалықты оқығанмен, рас-өтіргіне көз жетпейді. Қазір көп журналист оқырман алдындағы зор жауапкершілікті сезінбей, жылдамдыққа ғана ден қояды. Сондықтан қолда бар ақпаратты дұрыс-бұрысын тексерместен жариялайтын кездер болады. Егер оқиғаға тікелей қатысты адамнан сұқбат алынған болса да, ол тек шындықты айтқанына ешкім куәлік етпейді.
Ақ-қарасы анық болмаған соң, жағдайға пікір айтуға асықпаңыз. Өз болжамыңызды айтқанда, естіген жан оны басқаға айтады. «Қосып айтпаса, несін айтатын» өтірік-өсек осылай туады.
Жағымсыз ақпарат болса, суреттерін, бейнежазбасын көріп, босқа жүрек ауырады. Ескерусіз қалдыруға болмайтындай ақпарат болса, елдің бәрінің аузында жүреді. Солай-ақ хабардар боласыз. Адамдардың сөзіне күмән келтірген кезде ғана арнайы іздеп, дәл сол жаңалықты оқуға болады.
Жадыңызды пайдасыз ақпаратпен толтырмаңыз. Жаңалық түгілі, көшеде ілінген жарнамаларды оқығанның өзінде, миымыз ақпаратпен тола береді. Қажетсіз мәліметпен толған миға кезегі келгенде керекті мағлұмат қонбайды. Содан кейін есте сақтау қабілетіңіз нашарласа, өзіңізден өзге кімге өкпелерсіз?
Қазір газеттен жаңалық оқитын жан некен-саяқ екені аян. Ал интернетке кіріп ақпарат алсаңыз, бірінен бірі қызықты боп көрінетін жаңалықтардан бас ала алмайсыз. Бір сілтеме арқылы екіншісіне өтіп, уақытыңыз қалай өтіп кеткенін аңғармай қаласыз. Босқа өткен сол уақыт орнына, тіл үйрену, кітап оқу сынды пайдалы іспен айналыссаңыз, өз бағаңызды арттырасыз.
Өте қызыққұмар (любопытный) адам болсаңыз, сайттарға кіріп, тақырыптарын бір оқып шықсаңыз болады. Көбінесе жаңалық сайттары мәтіндегі бар ақпаратты айқайлатып тақырыпқа жазып қояды. Соңғы жаңалықтармен танысу үшін, өзіңізге бақылау қойыңыз. Бес минут ішінде барлық тақырыпты оқып үлгеріңіз де, дереу желіден шығыңыз.
Сіз үшін жаңалық оқу өте маңызды болса, өзіңіз қызығатын саланы анықтап алыңыз да, кездейсоқ жазбаларға бас бұрмаймын деп өзіңізге уәде беріңіз. Мысалы саяси жаңалықтар, әлемдік ақпараттар, соңғы шыққан техникалық құралдар туралы ақпараттарды ғана оқыңыз. Ол үшін салалық сайттарға ғана кіріңіз. Не оқысаңыз да, бұл маған не пайда береді деген ой көкейіңізде тұрсын.
@. @assel_assanova