Жаһандану кезіндегі Қазақстан Республикасындағы университеттік білім берудің өзектілігі

Еділбаева С.Ж
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ф.ғ.д., доцент, 
e-mail:saniya.edilbaeva@mail.ru
Алкебаева Д.А
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ф.ғ.д., профессор, Алматы қ., Қазақстан
e-mail: alkebaeva@mail.ru

Еліміздің тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың халыққа жолдаулары мен «Рухани жаңғыру бағдарламасында» көрсетілгендей,  ғылым мен білім беру ісін бәсекелестікке қабілетті бүгінгі заманауи талаптарға сай жоғары деңгейдегі әлемдік озық, инновациялық технологияларды пайдалана отырып дамытуда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әлемдік QS рейтінгісінде 200 топ университеттер қатарынан  орын алуы да барша университет қауымының негізгі мақсат міндеттерінің негізгі көзіне айналды.  

ҚР Президенті Қ. К. Тоқаев қазіргі уақытта халқымыздың ғасырлар бойы аңсап жеткен адамзаттық асыл арманы болған тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтауды мақсат еткені белгілі. Тәуелсіздігіміздің, мемлекеттілігіміздің, ұлттығымыздың, халықтық бірлігіміздің  бастаулары --жоғары білім берудің саяси тұғыры.  Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алған жылдарынан бері ҚР университеттерінде өзгерістер мен жаңартулар жиі болып тұрады.    Тәуелсіздік алған уақытта университеттер жаңарып, өсіп, өзгеріп , дамып отырады.

Универсиеттер - білім берудің де, мәдениеттің де ошағы. Толыққанды, творчестволы, жалпы мәдениетті және кәсіби білікті жеке тұлғаларды қалыптастыруда универсиеттердің рөлі айрықша. Университеттік білім берудегі жалпы мақсат студентті кәсіби қызметке даярлау және оның ғылыми немесе шығармашылық еңбекке қабілетті әрі іс-әрекетіне жауапты болуы үшін белгілі бір оқу курстарына сәйкес арнайы ілім, дағды мен әдістер табыстау міндетіне саяды.

Соңғы кездергі талап - өскелең жаһандастыруға "бейімдеу" үшін универсиеттерді "модификациялау", яғни түрлендіру. Өзге университеттермен қауымдасу, білім берудің аймақтық және ұлттық жүйелері іс-әрекеттерін салыстыру университеттік білім беруге тән нәрсе. Бұл орайда оларды жаһандастыруға бейімдеу туралы талап универсиеттердің ішінара әмбебаптық аспектісіне: университеттердің басқару аппараттары мен саяси мақсаттарын ұлттық білім беру жүйелеріндегі экономикалық бәсекелестікке қабілеттілік талаптарына бейімдеумәселесіне қатысты.Сондықтан университетті жаһандастыру талабы ұлттық білім беру жүйесінің бәсекелестікке (экономикалық т. б.) қабілеттілігі аспектісінде университетке қойылатын талап та болып табылады.

Университеттің Гумбольд идеясында әмбебаптыққа талпынысы индивид қабілетін адам болмысына тән кезкелген мүмкіндік табылатындай етіп дамытуға талпыныс ретінде танылады. Бір жағынан, әмбебаптандыруға немесе әмбебаптыққа талпыныс, екінші жағынан, жаһандастыру логикалық тұрғыдан бір-біріне тәуелсіз, әртүрлі жағдайларды қамтиды. Әмбебаптандыру мен партикулярландыру жаһандастыру мен аймақтандыру секілді бір-біріне қарама-қарсы бағытта. Университеттің гумбольтық идеясы мен өскелең жаһандастыру бір-біріне қатыстылығы тұрғысынан нендей нәтиже береді деген сұрақтың жауабы  білім берудің ұлттық жүйесі қандай жағдайда бәсекеге қабілетті болады деген сауал жауабымен бірдей.Бұл университеттердің саяси мақсаттары мен басқару құрылымдары әмбебап білім беру талаптарына қаншалықты үйлесімді болатынына байланысты. Университеттердегі өзгеріс саяси көзқарас тұрғысынан сол университеттердегі маңызды білім беру міндеттерін жүзеге асыруға көмектесе ала ма, қолдай ала ма - мәселенің түйіні осында.

Қазіргі кезде қазақстандық университеттерді реформалауға арналған бірыңғай идея бар ма? Біздің университеттеріміз әлемдік элиталы университеттер қызметімен салыстыруға болатындай жоғары деңгейде қызмет көрсете ала ма? Бұл универсиеттерге бүгінгі күні зерттеу мен оқыту салалары бойынша, сондай-ақ оқу орнын жарақтандыру, тәлім алушыларға стпендия беру және оқып-үйрету мерзімінің ұзақтығы жөнінен аса жоғары талаптар қойылып отыр.

Бұл орайда Германия тәжірибесі көңіл аударады. Мұнда университеттік білім беру тән. Германиялық жоғары оқу орындарының дәстүрі XIX ғасыр басындағы университеттік реформадан бастау алатын бірқатар принциптерді ұстанады. Оның инициаторы Вильгельм фон Гумбольдт болды. Реформа мақсаты: жоғары оқу орындарының ішкі автономиясы, сонымен бірге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі, оқу мен зерттеу еркіндігі және оқу мен зерттеу бірлігі. Гумбольдтың университет идеалына үш аспект тән: бірінші, зерттеу және оқытып-үйрету жағы, екінші, әртүрлі институттардың оқу процесі (бастапқы оқытып-үйрету, мектептік оқытып-үйрету, университеттік оқытып-үйрету) және адамның гумбольтық образы. В. Гумбольдт пікірі бойынша, индивидуумның дамуы өз жеке ішкі қуатының ашылуына байланысты. Оған қоса белгілі бір мақсат көзделуі тиіс. Жеке қуаттың дамуы адамзат идеалы. Ол білімді құрайды. Жеке қуаттың ашылуын басқаруға болады. Білім алу индивидуумның өз адами болмысын жетілдіру және толықтыру бағытында өзін -өзі қалыптастыру жолымен жүзеге асады. Өзіндік қабілеттердің ашылуы - еркіндікте өзін өзі билеу деген сөз. Өйткені индивид игеретін білім адам болмысының көрінісі және оны қолдау болып табылады. Білім алу адамның құқы мен міндетіне жатады.

Сондықтан күллі білім беру жүйесі, Гумбольдт көзқарасы бойынша, индивидуумдағы адамгершіліктің өз бетімен ашылуына бағытталған. Бастауыш білім адамды "ой түю, оны айта білу, көңіл қою, ол нәрсені талдай алу, әуелгі қиындықтарды жеңе білу жағдайына алып келуі тиіс. Бұл білімнің өзі емес, оған әзірлік қана" . Мектептік білім қабілетті ілім игеру бағытында шынықтыруы қажет. Мұнсыз ғылыми таным мен өнердегі дағды қалыптаспайды. Университеттік білім беруде оның оқытушылары мен тәлім алушылары оқу мақсаттары мен өз еркін өзі билеуге қатысты проблемаларды бірлесіп шешеді. Міндеттейтін шаралар университеттік оқу жүйесіне тән емес. Оған бастауыш және мектептік білімі бар индивидті университет оқытушысымен тең дәрежеде ынтымақтастық жағдайына келтіру, "ғылым түрлерінің өзара бірлігін ұғыну, оларды жасау, сондықтан творчестволық күштерді ескеру тән. Өйткені ғылымды түсіну де творчество аясындағы нәрсе". Білім алуды аяқтау да - оқып-үйренушілердің жағдайды өз бетімен реттей алатындығын дәлелдейтін жәйт. Гумбольдтық университет оқу жоспары бойынша білім алуды формальды аяқтау деген нәрсені білмейді. Университет - бұл ғылыми тұрғыдан ойлану орыны. Бұл орайда оқыту мен зерттеу бір-бірімен тығыз байланысты. Зерттеусііз тек қана оқыту дәстүрлі тәсілмен алынған ілімді қайталау болып шығар еді де, ол практикамен конфронтацияға түсер еді. Зерттеу оқытып-үйрету ісімен қосылғанда бұл проблема өздігінен шешіледі.

Осылайша, университеттің гумбольдық тұжырымдамасы оның антропологиясымен қатар, мемлекет тұжырымдамаларымен де тікелей байланысты екендігі көрінеді. Адам өзінің міндеті мен құқығына орай өз ішкі күштері арқылы өзін білімді етуі және дамытуы тиіс. Бұл түптеп келгенде  өзін өзі билеу арқылы жалпы адам болмысы мүмкіндіктерін дамыту болып табылады.Осы орайдажеке тұлғаға білім беру адамзатты жетілдіру мен адамзат қауымын адамгершілік тұрғысынан дамытудың бір бөлшегі ретінде танылады. Индивидке білім беру адамзат мүмкіндіктерін қалыптастыру мақсатында жүргізіледі. Практикаға, соған орай қазіргі заман проблемаларына, ілімге бағытталған жаңаны игеру арқылы индивид үшін ғана емес, күллі адамзат үшін, ең аз дегенде университет үшін зерттеу мақсаттарына қызмет ететін жаңа перспективалар жасалады.

Заманауи ғылымға қатысты негізгі көзқарастарға келгенде Гумбольд Кант позициялары жағында болды. Гумбольдтың ғылым автономиялылығы туралы, оның зерттеушілік сипатына байланысты принципінде оқшаулана алмайтындығы, ғылыми зерттеудің рухқа, ақыл-ойға байланғандығы жайлы пайымдаулары Кант пікірлерімен үндеседі. Мұнан оның зерттеу мен теория бірлігі және еркіндігі туралы талабы туындайды. Өйткені студент соның арқасында ғана өз еркіндігін жүзеге асырады, соның арқасында білім алуын аяқтап, әрекетті азаматқа айналады. "Себебі тек ғылым ғана ішкі әлемнен туындап, сол ішкі әлемнің өзіне тамыр жаяды, сонымен бірге мінез-құлықты қалыптастырады, ал мемлекеттің бұл нәрселермен шаруасы болмайды. Ілім мен тілдің игерілу, мінез-құлық пен іс-әрекеттің қалыптасу деңгейі мемлекет көңілін аудара қоймайды" .

Ақиқатты зерттеушілікпен іздестіру түбегейлі аяқталмайтын болғандықтан, оған қатысты оқытып-үйрететін, сабақ өткізетін нақтылы ілім жиынтығы жоқ. Сондықтан, ақиқатты еркін түрде іздестіретін оқу орны ретіндегі  университет үшін де оны "әлі нақты табыла қоймаған, ешқашан да түпкілікті табылмайтын, бірақ үздіксіз іздеуді қажет ететін нәрсе ретінде қарастыруы қажет". Кант ақиқатты идея деп біледі. Оның жүзеге асуы ешқашан аяқталмайды. Бірақ реттеуші принцип ретінде біздің күш-жігерімізді бағыттайды, басқарады. Біз кезкелген нақты образды сонымен салыстырамыз. Канттың бұл тұжырымы университет үшін бағдар ретінде танылады.

Гумбольдтық жобаның негізгі белгілерімен К. Ясперс пайымдаулары толықтай үйлеседі. Ол "Уақыттың рухани жағдаяты" атты еңбегінде (1931) былай деп жазады: "Болмыс формасы ретіндегі білім берудің өзегі, "стержені" бар, ол - ойлай білу түріндегі тәртіп. Ал мұның ортасы - ілім түріндегі білімділік. Оның материалы өткеннің образдарын пайымдау, қажетті маңызды көзқарастар ретіндегі таным, мәселенің мәнін түсіну және тілдерді игеру". Ол осымен қатар университет идеясын қозғап талай рет сөз сөйледі, бұл жөнінде бірнеше мақала жазып, кітап шығарды. "Университет иддеясы" атты бірінші кітабы 1923 жылы жарияланған. Кейін екінші дүниежүзілік соғыстан соң 1946 жылы және 1961 жылы екі рет қайта өңделіп басылып шықты. Бұл еңбек оның осы саладағы ойларын мазмұндық жағынан толықтай қамтитын шығарма болып табылады. Герман Горн оның күллі шығармшылық еңбектерінен білім беру мен тәрбиеге қатысты белгілі бір көзқарастар бойынша (мысалы: білім беру арқылы рефлексиялау, тәрбие және отбасы, тәрбие және мектеп, білім беру және университет, білім беру және мемлекет, бедел және еркіндік, даму және мүмкіндіктер теңдігі, өздігінен көз жеткізу және өздігінен білім алу) үзінділер жинақтады.

Ясперстің философиялық-білім беру идеясы актуальді, прогрессивті.  Ясперс тұжырымдарынан туындатып, "шынайы бедел" "нағыз тәрбие" үшін қажетті шарт болып табылады-мыс, "университет идеясы"   азшылық "рух аристократиясына" бағытталады-мыс деген секілді мысалдармен оны консервативтік-элитарлық көзқарасы үшін жиі кінәлап отырды. Бірақ неғұрлым мұқият талдау жасаған кезде оның философиялық-білім беру позицияларынан аталған тұжырымдарды демократиялық теңдік ұғымы контексінен бөліп алуға келмейтіндігі айқын көрінеді. Мәселен, Ясперс универсиеттерде оқытып-үйретілетін рухани элита "халықтың барлық тобынан шықандар болуын" талап етеді. Соған орай, жоғары білім алу мүмкіндігіне қатысты әлеуметтік теңдік мүмкіндігі қажет болады. Сол үшін университеттер демократиялық тұрғыдан легитимациялауға жатады. Яғни ол үнемі қоғамдық бақылау аясында болып, тұрақты түрде өзінің жұмысқа қабілеттілігін дәлелдеп отыруы тиіс. Ясперс көзқарасы бойынша, көптеген оқу орындары арасында университет дарынды жастарға арнаулы пәндік-техникалық біліммен қатар, гуманитарлық-жеке тұлғалық білім беретін оқу орыны болуы тиіс. Жеке тұлғалық білім беруге мүмкіндігінше либералды "сократтық тәрбие" арқылы, сонымен қатар ғылыми ақиқатты іздестіруге тікелей қатыстыру арқылы қол жеткізуге тырысу керек. Өйткені ғылыми зерттеу процестеріне қатысу арқылы "ғылымилық позициясымен" танысу "объективтік таным үшін өз бағалауыңды қандай да бір сәтке кейін шегере тұру", фактілерге әділ талдау жасау мақсатында сол сәткі өз еркіңнен бас тарта білу қабілетін интериоризациялау және соған ұмтылу болып табылады. Ғылымилық объективтілік, сана арқылы безбенделген нәрсемен шұғылдану, қарама-қарсы мүмкіндіктерді іздестіру, өзін өзі сынау болып табылады". Ясперстік білім беру философиясының басты идеялары ой жүйесіндегі жалпы контекстен көрініс береді және олар актуальды проблемаларға жатады.

Ясперстің университеттік білім беру міндеттері туралы түсініктері де актуальды сипатта  болып келеді. Оның университет идеясы философиялық рефлексияға жатады. Бұл біздің еліміздегі университеттерді қазіргі заманғы реформалауға байланысты алып қарағанда да сол сипатымен көрінеді. Ол идея бойынша, университет профессорлар мен студенттердің тең құқықты болатын және ақиқатты ғылым жәрдемімен еркін түрде іздестіретін орын болып табылады. "Университеттегі барлық маңызды істердің алғышарты зерттеушілер, сабақ берушілер, оқып-үйренушілер (және жекелеген реформалаушы профессорлар мен мемлекет қайраткерлері) арқылы өтетін, басқа жақтан келген ақиқаттың өз идеясы болып табылады. Масштабты нақты ақылмен танылған ұғымға жатпайтын, бірақ шынайы болмыс мәнін қамтитын, қозғалыстағы сол нәрсе ғана белгілейді" .

Дамыған елдерде ғылыми-техникалық ілімді генерациялау саласы бойынша ең жаңа тенденция университеттер рөлінің артуы болып отыр. Универсиеттер маңайындағы дәстүрлі зертханалар мен университеттік зертханалар арасында үлкен айырмашылық бар. Университет зертханасының негізгі моделі университеттерден және өнеркәсіптік зерттеушілерден келетін идеяларды будандастыруға кепілдік беретін механизм, сондай-ақ, қызметкерлерді жеңіл түрде оқытып-үйрету, университеттер арасындағы және фирмалардың өз ішіндегі зерттеу жобалары бойынша тәжірибе алмасулар болып табылады. Бұл модель университеттік зерттеулерге қол жетімділікті арттырады. Университеттік зертхана моделінің классикалық үлгісі Стэнфорд университеті. Ол аса ірі "Силикон аңғары" территориялық ғылыми-өндірістік кешенінің ядролық өзегі. Студенттер мен профессорлар ерікті режимде жүргізген іргелі зерттеулерге әлемдік жоғары технологиялық бизнес лидерлері қол жеткізуге тырысады. Ірі университеттер, технополистер ретінде бүгінгі күні перспективалы ғылыми-техникалық өндіріс салалары бойынша ең жаңа технологияларды қолданатын өндіріс орындарына базалық тірек жасау аймақатарына айналуда. Мәселен, Стэнфорд университетінің айналасына 1200-ге жуық кәсіпорын шоғырланған, Бостон университеті маңына ("Жол 128" технополисі) 1300, Кембриджге - 500 фирма жинақталған.

Қазақстан университеттерінде білім беру ісінің мазмұны бойынша да, құрылымы бойынша да реформалар жүргізілуде. Республика көлемінде Болон процесінің мынадай талаптары жүзеге асырылып жатыр: 1) жоғары білім беру саласына жалпыға ұғынықты, салыстырмалы кфалификациларды ендіру; 2) жоғары білім берудің үш сатылы жүйесіне көшу (бакалавриат-магистратура-доктарантура). Бұл оқытып-үйретудегі барлық деңгейдіңсабақтастығына, соған орай білім беру сапасын арттыруға бағытталған; бір ізге түсірілген сынақ сабағын тапсыру (зачет) бірлігін ендіру, яғни білім беру бағдарламасының салыстырмалылығын қамтамасыз ету және оқып-үйренушілердің "мобильділігі" (оңтайлы әрекет етуі) принципін т. б. жүзеге асыру үшін кредиттік оқыту жүйесін қолдану.

Қазақстандық ғалымдардың кредиттік оқыту жүйесін ендіру жөніндегі дискурстық шолулары оған берілетін бағалардың әркелкілігін көрсетеді. Біздің пайымдауымызша, кредиттік жүйенің позитивтік жағы сол, оқу барысында студенттердің ойлау жүйесін дамытатын өздігінше атқаратын жұмыстары, конспекциялауы, реферат оқулары көбейді; тестілеу барысында оқытушылардың да, студенттердің де ұғымдарды нақтылау мен операционализациялауға байланысты жұмыстары күшейді; білімді бағалау айқындылығы мен объективтілігі артты. Бұл тиісінше білім беру процесіндегі сыбайласу мүмкіндігін азайтты. Осымен бірге, оқытудың кредиттік жүйесін ендіру барысында проблемалар да айқындалып отыр. Бұл проблемаларды шешу, біздің пікірімізше, кешенді көзқарасты талап етеді. Солардың бірі оқытушылардың өз білімдерін және студенттермен өзара қарым-қатынастағы педагогикалық этикасын жетілдіру мәніндегі өздігінен жұмыс жүргізуі болып табылады.

Оқу мен зерттеуді интернационалдандыру жоғары оқу орындарын мазмұндық жағынан жетілдіру стимулы ретінде дамудың қажетті бағыты болып табылады. Болашақта жоғары оқу орындары жоспарларында ғаламдық және халықаралық қатынастардың алатын орыны мен мән-маңызы бұдан да арта түспек. Ақпаратты жаһандастыру (Интернет, телекоммуникация, спутниктік теледидар) мен электрондық сауда (e-commerce) ауқымының ұлғаюы халықаралық білім беру нарығын жасауға жол ашты. Бұл өзгеріс, ең алдымен, университеттік білім беру саласынан айқынырақ көрінеді. "Виртуалды кампус (университеттік қалашық)" батыс елдері арасында кең тараған ұғым. Қазақстан үкіметі де отандық университеттерде "виртуалды кампустар" құру мен оған демеу қаржы бөлу мәселесін қолға алса нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймыз. Бұл жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты арттырып, оқытып-үйрету ісінің бағдарламаға сәйкестігін, өндірістің жоғары сапалы дидактикалық бағдарламалық тұрғыдан қамтамасыз етілуінжақсарта түсері сөзсіз. Перспективада жоғары оқу орындары мен оқытушылар үшін жаңа типті "нарық " қалыптасуы мүмкін: кім онда неғұрлым әрекетті болса, тиімді қарым-қатынас жасай білсе, тәлім алушылар да сол тарапқа қарай көбірек ағылатын болады. Білім беру "нарығын" интернационализациялаудағы келесі аспект жоғары оқу орындарының әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болуға ұмтылысы.

Университтер өзгеруі, ашық болуы тиіс. Бұл орайда екі маңызды аспект бар. Бұл: жоғарғы оқу орындарының батыл интернационализациялануы және олардың жаңа мақсатты топтарға ашықтығы. Неғұрлым батыл интернационализациялану қажеттігі, білім беру "рыногының" интернационализациялануынан туындайды. Мәселен, интернеттегі жаңа жобаларға байланысты, шетелдік студенттер үшін неғұрлым тартымды болу мақсатында т. б. Бұл өз кезегінде білім берудің халықаралық сипаттағы жаңа типтерін, сондай-ақ, интернет арқылы ағылшын тілінде бүкіл әлемге таралатындай мүмкіндігі бар білім беру жүйесін жасауды талап етеді.

Университеттерді жаһандастыру мәні білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі ғана емес. Ол сонымен бірге, мүмкіндігінше көп тұлғаның еркін түрде өзін өзі билеуі ретіндегі білім беру мағынасын білдіреді. Университеттердің жаңа мақсатты топтарға есік ашуында екі түрлі мән бар. Әуелгі әңгіме экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтар мен жұмыссыздар туралы. Экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтар үшін академиялық білім беруге қол жетімділікті кәсіби интеграцияланған оқу курстары арқылы ұйымдастыруға болады. Осымен қатар жұмыссыздар үшін интенсивті түрде қайта мамандану мүмкіндігін ашу қажет. Мұндай мүмкіндіктер жоғары оқу орындары жанынан да ұйымдастырылуы тиіс. Келесі мақсатты топ - зейнеткерлер. Олардың демографиялық үлесі болашақта өседі. Жоғары оқу орындары инфрақұрылымдарының жүктелімсіз қуаттары кексе тартқан, бірақ оқығысы келетін азаматтардың білім алуын жалғастыруы үшін барынша пайдаланылуы қажет. Мұның үлгісін, мәселен, Германия Федеративтік Республикасынан көруге болады.

Қазақстандық білім беру жүйесі ресурс шектеулілігіне қарамастан әркімнің өз талап-тілегіне сәйкес және өз жеке қабілеті аясында білім алуы үшін демократиялық қоғам құрылысындағы индикатор болып табылатын қол жетімділік секілді шартты міндетті түрде    жүзеге асыруы тиіс. Білім алудың қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін білім беру жүйесі қымбат болмауы қажет. Ол тәлім алушылардың дарындылығы бойынша және университет функцияяларына орай классификациялануы шарт және жеке оқу орынына қатысты жұмсалатын шығын әртүрлі интенсивтілік сипатында болуы керек. Демократиялық және транспаренттілік Қазақстан Республикасында білім беру ісін дамытудың  ұзақ мерзімді бағдарламасында білім беру саясатына тән негізгі принциптер бойынша мойындалған. Білім беру жүйесі қызметінің ашық сипатын білдіретін транспаренттілік негізгі принциптердің бірі болмақ. Оқытып-үйрету, бағалау және мамандық беру нәтижелерінің айқындығы еңбек рыногына да, халықаралық білім беру қауымдастығына да бітірушілердің кәсіби даярлығын объективті түрде бағалауға мүмкіндік береді.

Объективтілік пен әділдікті қамтамасыз ету, білім берудегі сыбайластықпен және протекционизммен күрес білім сапасын арттыруға, білім беру қызметін пайдаланушылар үшін қол жетімділікке, шынайылыққа, ашықтыққа және ақпараттылыққа негізделген жүйе жасауға жол ашады.

Болон университеттер хартиясына сәйкес, универсиетет мәдениетті зерттеу жолымен сыни тұрғыдан ұғынатын және оқыту жолымен тарататын институт түріндегі ұйымдар (әртүрлі географиялық және тарихи жағдайлар нәтижесі болып табылатын) арқылы қоғамның өз ішінде әрекет етеді. Қазіргі заман талаптарына сай болу үшін ол өзінің зерттеушілік, оқытушылық қызметінде саяси және экономикалық биліктен моральдық тұрғыдан да, ғылыми тұрғыдан да тәуелсіз болуы шарт. Бәсекеге қабілеттілік, бейімделгіштік және шешім қабылдаудағы жылдамдық білім беру ісін дамытудың негізгі қозғаушы күштері болып табылатын нарықтық экономика жағдайында орталықтандырылған әкімшілік жүйесі баз бір реттерде жоғары оқу орындарының дамуына кедергі болып табылады. Сондықтан білім беру ісін дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасында жоғары оқу орындарына автономия беру міндеті көзделген.

Қазақстанда білім беру ісін дамытудың  ұзақ мерзімге аналған бағдарламасы жобасына сәйкес, жоғары оқу орындары мен олардан кейін білім беретін орындардың басқару жүйелерінде өзгерістер болады. Мынадай жаңа құрылымдар жасалады: 1) ғылыми-білім беру консорциумдары; 2) ірі компаниялармен одақтасқан корпоративтік университеттер. Олар практикалық тәжірибесі бар жоғары квалификациялы мамандар даярлау мақсатын көздейді. Мұнда мамандар индивидуалды білім беру бағдарламалары бойынша, нақты жұмыс берушілер (өндіріс орындары) үшін даярланады. Қазақстан Республикасында жоғары оқу орындарының жаңа моделі қалыптасады. Бұл үрдістер Ал- Фараби  атындағы  қазақ ұлттық  университетінде де толық жүзеге асты. Ол инновациялық жүйеге негізделеді. Соған орай, өндіріс пен жаңа ілім, технологиялар трансфертін, инновациялық іс-әрекеттер мотивациясын қолдайтын ілім түрлерінің басқару жүйесі түзіледі.

Ілімге негізделген экономиканы қалыптастыру міндеті пәндік-ақпараттық типтегі білім беру ісін инновацияға қабілетті ететін  креативті-дамушы типпен алмастыруды талап етеді. Инновациялық оқыту ерекшеліктері: оза жұмыс жүргізу, бұрынырақ даму; ғылым мен білім берудің өзара тығыз байланысы, болашаққа ашықтық; жеке тұлғаға, оның дамуына бағытталу; міндетті түрде творчество элементтерінің болуы; қарым-қатынастың серіктестік типі: ынтымақтастық, бірлескен шығармашылық т. б. Креативті-дамушы типтегі білім беру адамдардың проблемаларды шешуге қабілеттілігі мен шеберлігін арттырады. Нәтижесінде олардың еңбек өнімділігі жақсарады. Бұл өз кезегінде қоғам игілігін молайта түсу мүмкіндіктеріне жоқ ашпақ. Білім беру процесі, осылайша, қоғамдық әлеуметтік-экономикалық өзгерістер алғышарты әрі катализатаоры да болып табылады. Сол арқылы ол қоғамның неғұрлым жетілген келешегін қалыптастыруға өзіндік ықпал етеді.