- Негізгі бет
- Білім
- Интернетті кері итермейік...
Интернетті кері итермейік
Интернеттің пайдасын адамның бәрі көріп жүр. Бірі – аз, бірі – көбірек дегендей. Сөйте тұра, интернетті жоққа шығарғысы келетіндер, пайдасынан зияны басым дейтіндер де қарақұрым. Осындайда ең алғаш рет пулемет жасалып, өзіне таныстырылғанда: «Құдайым-ау, мынау осылай тоқтамай ата берсе, жер бетінде тірі адам қалмайды ғой», – деп, оған тыйым салған әйгілі корольдің әрекеті ойыма оралады. Король тыйым салды деп, пулемет қолданылмай қалған жоқ.
Қалай десек те, интернеттің жалпы адамзат баласы үшін пайдасы аз емес. Қазір қолында смартфоны бар кез келген адам жаңалықты да, кітапты да оқи береді. Қоғамдық көлікте де интернеттен кітап оқып отыратын жастарды көп көремін. Неге біз білімді тек кітаптан алу керек дегенге құмармыз. Сонда интернеттен оқыған білім – білім емес пе?! Былай қарағанда, пәлендей айырмашылық жоқ. Сол автор, сол роман, сол мазмұн. Бұл жерде бастысы, оқығаныңды санада түю ғана. Әлбетте, білім мен ғылым – кітапта. Кезінде ұлы Абай да: «Артық білім кітапта» деп бекер айтпаған. Расында, әліппе болмаса бірде-бір бала жазу танымас еді ғой. Десек те, бүгін заман талабы басқаша. Интернет – өмір сүрудің тетігін де жеңілдетті. Ақпарат алу, тарату жылдамдады.
«Таяқтың екі ұшы бар» деген де рас. Кез келген дүниенің жақсы, жаман жағы бар. Бір қарағанда, интернетке сеніп алған жастардың бұрынғыдай кітапхана аралап, конспект жазып, білімін жетілдіруі сиреді. Себебі, интернеті бар смартфонға сеніп алды. Ал бұл адамның есте сақтау қабілетін де төмендетеді дейді мамандар. Шынында да, қазір жастардың ерте ұмытшақтық дертіне шалдығуы содан да шығар, кім білсін?!
Ал әдебиет мәселесіне келсек, стильдік норма бұзылып, қасаңданып барады. Сол интернеттегі сайттар мен әлеуметтік желідегі әңгімелердің ауылынан алыс емес. Тіл шұрайлылығы жоғалып тынған. Бұл енді көркемдік эстетика жағынан ақсап жатқанымызды байқатса керек. Қазіргі кезде қолына қалам ұстаған жастар арасында М.Әуезов айтқандай, «шала Шекспирлер мен толыспаған Толстойлардың» көбейіп тұрғаны сондықтан.
Жаңабек ШАҒАТАЙ
Дереккөз: qazaqadebieti.kz
Е. Жұмабайұлы