- Негізгі бет
- Білім
- Халел Досмұхамедұлы және...
Халел Досмұхамедұлы және ұлт руханияты
26.04.2023 ж. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Әл-Фараби кітапханасында аса көрнекті ғалым, аудармашы, фольклортанушы, тарихшы, педагог, Алаш қайраткері Халел Досмұхамедұлының туғанына 140 жыл толуына арналған "Халел Досмұхамедұлы және ұлт руханияты" атты халықаралық ғылым-теориялық конференция болды.
Конференцияны А. Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасы ұйымдастырды. Пленарлық мәжілісте ф ғ д., профессор Ісімақова Айгүл " Халел Досмұхамедұлының ғылыми дискурсы", ф ғ д., профессор Бисенғали Зинолғабден "Тарихи деректер сөйлегенде.. Халел Досмұхамедұлы ой-толғаныстар әлемі) ", ф ғ к., Мектептегі Аманғос" Сегіз қырлы, бір сырлы көсем тұлға", ф ғ к., Ербол Тілешов "Халел Досмұхамедұлы және ХХ ғасыр басындағы тарихи- мәдени үдеріс" , п ғ к., халелтанушы ғалым Базарғалиев Ғабит "Халел Досмұхамедұлы- көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ағартушы педагог", ф.ғ.д. Проф. Бекен Сағындықұлы “Халел зерттеулеріндегі аламандық”, ф ғ д., профессор Әлкебаева Дина "Жүрегінде түрлі талап қайнап тұрған Халел Досмұхамедұлы", ф ғ д., профессор Салқынбай Анар "Халел Досмұхамедұлы және қазақ сингармониясы", ф ғ д., Орынай Жұбай "Ұлт мүддесі үшін қызмет еткен тұлға", т.б ғалымдар жан-жақты, тұшымды ғылыми баяндамалар жасалып, терең талдау, ұтымды ұсыныстар айтылды.
Бұдан жүз жыл бұрынғы тарих ...
Халел Досмұхамедұлы 2023 жылы біз еске алып отырған уақыттан дәл 110 жыл бұрын, яғни 1913 жылы Орал облысының Темір үйезінде бөлімше дәрігері бола жүріп, Қазақ ауылына оба жайлап кетпеу үшін, барынша көмекке ұмтылады.
Ал 100 жыл бұрын, яғни, 1923 жыл Халел Досмұхамедұлының шығармашылық жұмыстарын жазудағы шарықтау жылдары екен.
М. Жұмабаевпен, Ә. Диваевпен бірге «Шолпан журналының» 6, 7, 8 сандарында «Қазақ емлесі» тақырыпты жаңа ережелер» атты мақаласы жарияланады. «Табиғат ұлы. Дүния қалай жаратылған», «Шәкірттер саулығын сақтау», «Ұйқы деген немене?», «Түркі тілдері туралы», «Қазақ- қырғыз білім комиссиясынан», «Диуани лұғат ат-түрк», «Миллион деген немене?», «Жұлдызды күнде көруге бола ма?», «Мәшиненің күші», «Басқарма сөзі», «Қазақ қырғыз мәдениетін көркейтушілер қауымы «Талап» қоғамының жолы» атты мақалалар жазып, оны «Сана», «Шолпан» журналдарында бастырыпты.
Халел Досмұхамедұлы, ең алдымен, кәсіби дәрігер. Бұл оның мамандығы. Медицина, гигиена, биология, табиғаттану салалары жөнінде жазған зерттеу еңбектерінің біз аңғарған ерекшелігі – өзегінде ұлттық белгінің жатуы. Ғалымның басты мұраты – қалың елі Қазағына түсінікті тілмен жазу. Жазғаны - Елдің пайдасына асқаны. Сондықтан да әр жазған сөзі көңілге қонымды да, жаппай халыққа түсінікті. Оның қазақша мақалалары мен орысша жазылған «Как бороться с чумой среди киргизского населения» еңбегінің тілін салыстыра қарасақ, автордың терминдерді мол әрі терең пайдалана алғанын аңғарар едік. Ал қазақша жазылған мақалаларында мұндай терминшілдік байқалмайтыны несі? Мұның жауабы біреу, әрине. Жазғанын оқыған кісі түсінуі тиіс. Түсінікті де жетімді болуды көздегендіктен.
Заманына қарай адамы болуды талап еткен оқиғалар легі Халелді күрескер, алашшыл етті. Дәрігер маман тілмен, тарихпен, саясатпен, әдебиетпен айналыса бастады.
Қазақ батырлары Исатай мен Махамбет күресін зерделеді. Исатайдың қозғалысы туралы мағлұматтар берді. Жалаңтөс батыр туралы мықты ақпар берді. Әлім руының шежіресін көрсетіп, Жалаңтөс батырдың тегін талдады. Вамбери мен Левшин еңбектерімен таныс болып, оларға сілтеме жасай отырып, қазақша ғылым тілін дамытты.
Халел Досмұхамедұлы жазған «Қазақ-Қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы», «Диуани лұғат ат турк», «Қазақ тіліне латын харфін алу мәселесі», «Жат сөздер туралы», «Қазағыстан Білім ордасы қабылдаған пән сөздері», «1924 жылы Орынборда өткен Қазақ білімпаздарының сьезінде сөйлеген сөздерінен» атты еңбектері бүгінгі қазақ тіл білімі үшін маңызды да мәнді. Маңызды болатын себебі Алаш арысы Халел Досмұхамбетов сынды ғалымның қаламынан туған зерттеулер қазақ сөйлеу тілінің таза уағындағы дауысты, дауыссыз дыбыстардың үндестік заңының сақталуының табиғи қалпын танытты, жат сөздердің ене бастаған тұсындағы алаш зиялыларының көзқарасын айқындады, орта ғасыр ескерткіштерінің тілі туралы алғашқы ғылыми зерттеулер жазып, кейінгіге үлгі қалдырды, қазақ әдебиетінің тарихи дамуын жүйеледі, ауыз әдебиетінің мәнін таразылады т.б.
Мәнді болуы – Алаш қайраткерлері еңбектерінің қазақ ғылымы тарихында өзіндік орны айқындалады. Бұл ғылыми зерттеулер арқылы өзіндік бағыты мен көзқарасы бар, ғылыми классикалық концепциялар туғызған қазақ лингвистикалық мектебі қалыптасты. Қазақ ғылымының бастауында, қазақша ғылым тілінің бастауында осы еңбектер тұрады. Қазақ әдеби тілінде жазылған мақалалар мен оқу құралдары қазақ тілінің ғана емес, қазақ жазба мәдениетінің де көсегесін көгертіп, ғылым көкжиегін кеңейтті.
Халелдің бір ғана «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» атты мақаласының жалпы түркі тілдерінің фонетикасын зерттеп-зерделеуде шоқтығы биік. Бұл мақала алғаш «Қазақ тіліндегі сингармонизм заңы» деген атпен 1922 жылы Шолпан журналының 1, 2, 3-сандарында 1923 жылы 6, 7, 8-сандарында жарық көрген, кейін 1923 жылы «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» болып Ташкентте басылған. Бір қызығы, жүз жыл ырғасында жарық көрген осы мақаланы оқи отырып, бүгінгі күнде өзекті болып отырған көптеген мәселелер көз алдыңызға еріксіз оралады, қынжылтады. Мақала бастауындағы кіріспеге назар салайық: «Оянған жұрт қарқынды келеді. Елестеген мұратқа жету үшін көбіне алды-артына, жан-жағына қарамай екпіндейді. Әдет, заң, тіл секілді өзіндегі барды кемге санап, соларды жылдамырақ көңілдегідей өзгертуге салынады. Жайымен тергеп, ақырындап тексеруге талпынған жүрек сабыр бермейді. Қарқынды жарыста, екпінді жұмыста елдің елдігіне негіз болып тұрған нәрселердің де абайламастан өзгеріп кететіні болады. Мәдениет қуған жұрттың ең алдымен, тілі өзгермекші».
Осылайша қарапайым тілмен қоғамдағы өзгерістің басты тетіктерін тап басып, дәл таба отырып, «топан суындай қаптап, тілімізді жат сөздер бара жатқан мезгілде ескерілмей ұмытуға айналған тіліміздің бір негізгі заңын еске салғымыз келеді» деп жазады. Сөйтіп «Тіл-Құралда» аталған қазақ тіліндегі жуан, жіңішке дауыстылардың үндестігін зерделейді.
Жүз жылдан кейін де біз топан судай қаптаған жат сөздердің қармауында тағы қалғанда, сингармонизм заңына қайта жүгініп, оның шаңын қайта қағып, профессор Ә. Жүнісбек бастаған ғалымдар Әліпби жасауда сингармонизмнің рөлін қайта жаңғыртты.
«Жалқы сөздің түбіріндегі дыбыстардың біреуі жуан болып, біреуі жіңішке болып, еш уақытта естілмейді» деген тұжырым жасағанда Халел Досмұхамедұлы біреудің жазғанына не айтқанына емес, тірі тілдің табиғи болмысына, айтылу заңдылығына ғана арқа сүйейді. Шынында да, сингармонизм «түркі тілдерінің өзінің айрықша біткен қасиеті». Мұны өзге ауропа тілдерінен іздеп әуреге түсудің еш қажеті жоқ. Бұл - тек түркі тілдеріне ғана тән ішкі қасиет. Ішкі ерекшелік. Өзіндік болмыс-бітімі. Халелдің дәлелдеуіндегідей бұл қасиетті «Ыстамбұл түріктері, қазан ноғайы, сарт-өзбек тағы талай түріктер түрік емес халықтардың сөзін көп алғандықтан, жат жұрттарға көп араласқандықтан, осы айрықша қасиетінен айрылып қалып отыр» [1.139]. «Осы күндерде қазақ-қырғыз секілді шет жұрттармен жарытып араласпай, нағыз түріктікті сақтаған елдердің тілдерінде ғана сингармонизм заңы өзгерместен қалып отыр». Ғалым айтып отырған осы тілдік деңгейді сақтау - бүгінгі қазақ тілі үшін аса маңызды. Өйткені бұл түркі тілдерінің басты қасиетін, ішкі болмысын, ерекшелігін сақтау. Тілдегі басты гармонияны сақтау. Ауызекі тілдегі әуезді сақтау.
Х. Досмұхамедұлы А. Байтұрсынұлы жасаған сингармонизм «дауысты дыбыстардың үндес болып, ұйқасып, бір дауыспен [не жуан, не жіңішке] айтылуынан шығады» деген пікірін ары қарай жетілдіре түсіп, сингармонизм тек дауыстылардың ғана үндестігі емес, сонымен бірге жартылай дауыстылар мен кей дауыссыздардың да үндестігі арқылы жасалатынын алға тартып, «дыбыстар гәрмөниесі» деп айтуды ұсынады. Ғалым А- Ә; О – Ө; Ұ – Ү; Ы – І жұп [қос] дауыстылар деп орынды бөле отырып, «қазақ тіліндегі дыбыстарда жұптық, я қостық бар» екенін жазады. Сингармонизм заңдылығы А. Байтұрсынұлы жазуында дәйекше арқылы айқын көрінетінін, таңбаларды жазуда екі есе азайтып жазуға мүмкіндік туғызып, жеңілдік әкелетінін әдемі әдіптейді. Сондай-ақ қ мен ғ; к мен г дыбыстарының да осындай принциппен жазылуын қолдайды.
Халел мақаласының ерекшелігі сингармонизм заңы жалғаулардың жалғанып келуінде де сақталатынын терең зерделеп, нақты деректермен дәлелдейді. «Қазақ-қырғыз тіліндегі сөздердің түбірі еш уақытта өзгермейді», «қазақ-қырғыз тіліндегі жалғаулардың жалғасқан түбірімен ұйқасып, әндесіп сөйленетіндігі анық», «жіңішке түбірге жуан жалғану я жуан түбірге жіңішке жалғау еш уақытта қосылмайды. Жалғыз сингармонизм заңымен жалғасады» деген сынды ғалым сөздерін бүгін ерекше көңіл бөліп қайталауға мәжбүрміз. Өйткені қазір жат сөздер ендеп ене бастағанның салдарынан ғана емес, қазақ тілінің ішкі заңдылықтарын терең білмеуден де осындай мектеп бағдарламасынан сіңген басты ерекшеліктерге назар аудармау ғалымдар арасында да белең ала бастағанына куә болып жүрміз.
Қазақ тіліндегі барлық грамматикалық жұрнақтар сингармонизм заңына бағына айтылатынын тәптіштей жаза келіп, қазақ-қырғыз тіліндегі жұрнақтарды былайша екіге бөледі:
- шын жұрнақ;
- шала жұрнақ.
Ғалымның пайымдауынша, «шын жұрнақ – сөз емес, айрықша айтылғанда мағынасыз болады, сондықтан бұлар өз алдына бөлек айтылмайды. Шын жұрнақ сөздің буыны, мүшесі» [141-142]. Шын жұрнақтарға автор, негізінен, сөзжасамдық жұрнақтарды жатқызады. Мұндағы ұстанған басты талабы олардың сингармонизмге бағынып жалғануы. Жұрнақтардың тілдік табиғаты бұл пікірге толық сәйкес келеді.
Халел «шала жұрнақ деп мағыналы сөзден өзгеріп жұрнақ қалыпқа түскен сөзді я жұрнақтың шын қасиетінен айрылып, қосалқы сөздің қалыбына аударылған жұрнақты айтамыз», - деп жазады. Шала жұрнақтар ретінде «-еке», «-нікі, -дікі, -тікі», «-ғана», «-күнем», кірме жұрнақтар – «-кер, - қор, -паз» -ды атап көрсетеді.
Ғалым шын жұрнақтар сингармонизм заңына толық бағынатындықтан олар сөзге қосылып жазылуы керек те, «шала жұрнақтар түбір сөзге жалғаспай, сызықшамен бөлініп жазылуға керек» деген тұжырым жасайды. Бұл сингармонизм заңын дұрыс зерделеуден, оң бағалаудан туған ғылыми тұжырым. Х. Досмұхамедұлы жасаған осы тұжырымды орфография жасауда басты бағдар, негізгі тұжырымдама ретінде алу – қазақ тіліндегі басты заңдылықты білу, түсіну, сақтау болар еді.
Х. Досмұхамедұлының ерекше назар аударатын ғылыми тұжырымы күрделі сөздердің жазылуы мен сингармониялық заңдылықтың сақталуына байланысты. Тілімізде ертеден қалыптасып, бірігіп кеткен сөздер сингармонизм заңына бағынады. Мәселен, Бай – шешек - бәйшешек, тұра келді – түрегелді; алаөкпе – әлөкпе; Бай – келді – Байгелді; т.б. «Екі сөз бірігіп бір сөз болса, ішіндегі сөздер қазақ-қырғыз тілінде сингармонизм заңымен өзгереді. ...қос сөздер бір сөз тууы – бәрі бір жол, бір із, сингармонизм заңымен жүру» - деп жазады [145].
«Қазақ-қырғыз тілінде сингармонизм заңына көнбейтін сөз, сөз өзгерісі жоқ» деген тұжырымды берік ұстап, бекіген ғалым сингармонизмге көнбейтін қос сөздерді бөлек жазуды ұсынады. Ал қос сөзден сингармонизм заңына бағына дамыған сөздер кейін бірігіп, бір сөз болып жазылу мүмкіндігін де ескертеді. Мәселен: Тәшкент, Шімкент, Жауғашар, жарғанат тағысын тағылар.
Мұндай талаптардың қойылуының практикалық та маңызы бар екенін ғалым былай тұжырымдайды: «Сингармонизм тілімізді үйренуге де, үйретуге де жеңілдетіп тұр, жаңа сөздер тудырып, сөздер қосып, тілімізді байытқанда ылақтырмайтын, адастырмайтын қарақшылы даңғыл қара жол тұр». Демек тіліміздің дамуында маңызды рөл атқаратын, мемлекеттік тілімізді үйренуде де, үйретуде де даңғыл жол, басты бағдар болатын сингармонизм заңынан шығып кетпеуге тиіспіз.
Бұл мақалада Ғалым жат сөздерге қатысты да ой пікірін анық жеткізеді. Ең алдымен, кірме сөздерді «жат сөздер» деген терім сөзбен атауын да қазіргі ғылым қолдауы, қабылдауы тиіс. Бәлкім кірме сөздер мен жат сөздер деген терім сөздердің мәнін жіктеп пайдалану қажет болар. Яғни, тілімізге ертеде енген, сингармония заңына бағынған атауларды - «кірме сөз», ал сингармонизм заңына әлі толық бағына қоймаған терім сөздерді – «жат сөздер» деп атау орынды болмақ.
Қорыта айтқанда, бүгінгі қазақ оқығандары тілдегі заңдылықтарды өздері түсіне алмаса, түсіндірген Ақымет пен Халел зерттеулерін терең зерделей отырып, алаш қайраткерлері салған жолмен жүргені мақұл болар еді.
Салқынбай А.Б.
Филология ғылымдарының докторы, профессор
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Пайдаланған әдебиет:
Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы. Избранное. Алматы. «Ана тілі». 1998.