Қашықтан жұмыс пандемияға байланысты көптеген адам үшін ақша табудың тәсіліне айналды. Ұлыбританиялық Тide қаржылық технологиялар компаниясы фрилансерлер мен цифрлық көшпенділер үшін қай елдерде өмір сүру және жұмыс істеу ыңғайлы екенін анықтады, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі.
Рейтингті құру кезінде сегіз түрлі фактор: өмір сапасы немесе бақыт индексі, интернеттің жылдамдығы мен қолжетімділігі, құқықтық қорғау деңгейі, фрилансерлерге нарықтағы сұраныс, фрилансерлерге арналған коворкингтің болуы, өмір сүру құны, жалақы бойынша гендерлік алшақтық ескерілді.
Рейтингке сәйкес фрилансерлер үшін үздік ондықты Сингапур бастады. Мұнда ең үздік жылдам интернет, фрилансерлерге деген үлкен сұраныс, сондай-ақ жан басына шаққанда коворкинг өте көп. Екінші орында - Жаңа Зеландия. Мұнда қымбат интернет бар, бірақ бұл бақыт индексі мен жалақының гендерлік айырмашылығының жақсы көрсеткіштерімен өтеледі. Үшінші орын - Испания. Бұл елдің фрилансерлер үшін артықшылығы - алдыңғы екеуіне қарағанда өмір сүру құны әлдеқайда қолжетімді болуы.
Сонымен қатар, компания фрилансерлер үшін ең нашар елдердің рейтингін ұсынды. Бұл елдер көпшілік немесе барлық көрсеткіш бойынша төмен баға алды. Бірінші орында - Жапония. Компанияның мәліметінше, бұл фрилансерлерге деген сұраныстың төмендігімен, жұмысшылардың құқықтық қорғалуының төмен деңгейімен және жалақының үлкен гендерлік айырмашылығымен байланысты болды.
Екінші орында - Қытай. Бұл елде өмір сүру құны қолжетімді болғанымен, мұнда қашықтан жұмыс істеуге сұраныс аз, ал бақыт индексі төмен. Үшінші орында - Италия, интернет сапасының көрсеткіштері және қызметкерлердің құқығын қорғау деңгейі төмен ел.