- Негізгі бет
- Білім
- Еріктілер оқушыларға онлайн-тәлім...
Еріктілер оқушыларға онлайн-тәлім береді
Нұр-Сұлтан қаласының еріктілері оқушыларға оқу үлгерімдерін жақсартуға, емтихандарға дайындалу үшін тәлімдік-репетиторлық көмек көрсетуді қолға алды.
Еріктілер қаладағы аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан оқушылардың оқу үлгеріміне көмектеседі. Жоба Нұр-Сұлтан қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен басталды. Аталмыш шара Еріктілер жылы аясында "Біргеміз: Білім" жалпыұлттық жобасы негізінде жүзеге асып жатыр.
Еріктілер 7 бағыт бойынша жұмыс істейді. Оның ішінде "Біргеміз: Білім" жобасы бойынша қаладағы оқушыларды, әсіресе жоғары сынып оқушыларын емтиханға, ҰБТ-ға, көптеген олимпиадалық сайыстарға дайындауға көмектеседі.
Білікті мамандар ерікті қызметінде өз білімі мен тәжірибесін оқушылармен бөліседі. Олар қазақ тілі, ағылшын, информатика, физика және тағы да басқа пәндер бойынша репетитор болады. Қосымша сабақтар күніне 1-2 сағаттан өтіп, 1 айға созылады. Яғни, әрбір оқушы кемінде 30 сағат білім алады.
"Қаладағы аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларды іріктеп алуға тырысамыз. Тізімді Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасымен бірлесе отырып әзірлейміз. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасын іздеп, мониторинг жасап, іріктеп аламыз. Біз тек олардың оқу үлгерімінің жақсы болуын қадағалап қана қоймай, сонымен қатар 100 шақты оқушыны мектепке қажетті құрал-жабдықтармен де қамтуды жоспарлап отырмыp", – дейді Нұр-Сұлтан қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Ақұлан Тастемір.
Аталмыш бастама карантин жағдайында онлайн-форматта өтеді. ZOOM, Skype, Whats App, тағы да басқа әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, тәлімдік-репетиторлық жұмыстар жүргізіледі.
А. Рысдәулет