Латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың назарына ұсынылды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.
Бүгін жобаны жасаушы мамандармен Елбасы арнайы кездесіп, жаңа қазақ әліпбиіндегі толықтырулармен танысты. Бірінші нұсқадан кейін латын графикасына негізделген әліпби қоғамда қызу талқыға салынған еді. Жаңа нұсқасын дайындауға филолог мамандардың пікірі мен көпшіліктің көзқарасы еленген.
Елбасы мемлекеттік тілдегі өзгертулер қоғамдық сананы жаңғырту жолындағы маңызды қадамдардың бірі екенін атап өтті.
- Бүгінде жаңа қазақ әліпбиіне қатысты сауалдар қоғамда қызу талқылануда. Бұған көпшілік өз көзқарасын білдірді. Латын қарпіне көші туралы ой сонау Тәуелсіздік алған жылдары болған. Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы жұмыс менің ерекше бақылауымда болатын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы ретте, Елбасы латын қарпіне көшу үдерісінің тарихи мәні бар екеніне тоқталып, бұл мәселені бірлесе шешу қажеттігін айтты.
- Әлемде ешбір ел өзінің жаңа әліпбиін бүкіл халық болып осылайша талқылаған емес. Біз үшін әрбір адамның пікірін білу маңызды. Латын қарпіне көшуге байланысты Президент Әкімшілігіне 300-ден астам өтініш келіп түсті. Жастардың бұл үдерісті қолдағаны қуантады, - деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінің жаңа әліпбиінің жобасын талқылауға жетекші қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми орта мен жұртшылықтың белсенді түрде атсалысқанына назар аударды.
Кездесу барысында Қазақстан Президентіне атқарылған жұмыстардың нәтижелері жөнінде А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Е.Қажыбек және Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Е.Тілешов баяндады. Елбасы жиынға қатысушылардың есебі мен пікірлерін тыңдап, айрықша мән беруді қажет ететін жекелеген мәселелерге тоқталды.
- Жалпы атқарылған жұмыстардың негізгі бағыттарымен келісемін. Жобаны жүзеге асыру барысында әлемдік тәжірибе назарға алынды. Бұл өте маңызды. Сонымен бірге, қазақ әліпбиін латын әліпбиіне көшіру туралы ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жалғастырған абзал, - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті бұл реформа басқа тілдердің дамуына нұқсан келтірмей, азаматтардың құқықтарын бұзбауға тиіс екеніне ерекше тоқталды.
- Қазақ тілінің латын қарпіне көшуі орыс тілді азаматтардың құқықтарын, орыс тілі мен басқа да тілдердің мүмкіндіктерін шектемейді. Орыс тілінің кирилл қарпінде қолданылуы өзгеріссіз қалады. Ол бұрынғыдай қызмет атқара беретін болады. Жаңа әліпбиге көшу қазақ тілін меңгеруді жеңілдетеді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы латын қарпіне көшу күрделі үдеріс екенін, сондай-ақ оның мақсаты тілімізді дамыту және оны әлемдік ақпараттық кеңістікке шығару үшін жағдай жасау болып табылатынын атап өтті.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жаңа әліпбиді білім беру жүйесіне енгізу үшін мұғалімдер мен әдістемелік базаны дайындау қажеттігін айтып, Үкіметке оны кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі жоспар әзірлеуді тапсырды.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев қазақ әліпбиін реформалауға қолдау білдіріп, оны іске асыруға белсенді атсалысқан барша қазақстандықтарға, ғалымдар мен тілтанушыларға алғыс айтты.