- Негізгі бет
- Білім
- Е.Бекмаханов және Абай...
Е.Бекмаханов және Абай
Ресей үкіметінің қазақ даласына жүргізген отарлау саясатының бет-пердесін ашып, Кенесары бастаған қазақтың ұлт-азаттық көтерілісінің мәнісін ашық жазғанны үшін "халық жауы" атанып, қуғындалып, істі болған Ермұхан Бекмахановтың қазақ тарихындағы орны ерекше. Ғалым басына түскен қиыншылықтарға қарамастан өзін әмбебап тарихшы ретінде көрсете білді. Оның еңбегі кеңестік жүйе тұсында тарихшылар тарапынан қатты сынға ұшырағаны белгілі. Ал шынтуайқа келгенде оның еңбектерінің маңыздылығын әрбір ғалым іштей мойындаған-тын.
Е. Бекмахановты академиктер М. Қозыбаев пен К. Нұрпейісов "ғылыми өрісі кең, қалам тартқан тақырыптары сан қырлылығымен ерекшеленеді" деп бағалаған. Оның халықтың тарихи санасын көтеруге қызмет еткен ғалым ретінде көтеріп, ғылыми мұраларының маңыздылығының жоғарлығын атап өткен.
Ғалымдар атап көрсеткендей, Е. Бекмаханов Қазақстанның Қазан төңкерісіне дейінгі де тарихына, кеңестік жүйе тұсындағы саяси оқиғаларға, фольклорға, тұлғатануға қатысты құнды ғылыми зерттеулер жариялады. Солардың арасында тұлғатану мәселесіне қатысты мақалаларының да тарихи маңыздылығы жоғары.
Тұлғатану саласында Ермұхан Бекмаханұлының ХIX ғасырда өмір сүріп, қазақ қоғамына танымал болған, өзінің ісімен, қызметімен ерекшеленген Шоқан, Ыбырай және Абай сияқты ағартушыларға арналған еңбектері бұл күнде де өзінің құндылығын жойған жоқ.
Бұл үш тұлға да ХIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрді. Ол кездерде қазақ қоғамының ішкі әлеуметтік қайшылықтары шиеленіскен, ру-руға бөлініп тартысқан, жер дауы, жесір дауы өршіген заман еді. Ақынның сөзімен айтқанда "ел басына қиындық пен әуре туған күйзеліс әкелген" кезең болатын. Ғалым сол кездің билік құрылымын, ел ішіндегі соттық-құқықтық іс барысындағы халық арасына танымал би-болыстардың салт, дәстүр, ежелден келе жатқан заң ережелеріне сүйене басқаруын талдау, зерттеу, зерделеу барысында Ұлы ақын Абайдың қоғамдағы орнына қызығушылық танытты.
Ол Абайдың тарихи тұлғасын жоғары бағалаған бірнеше ғылыми мақалаларын мерзімді баспасөз беттеріне, ғылыми зерттеу кітаптары мен ғылыми жинақтарға жариялап, ақынның өскен ортасын, оның қайраткерлігін, философиялық ой-тұжырымдарына, ағартушылық қызметіне талдау жасаған.
Ғалым ақынның өмір мен шығармашылығына алғаш рет 1957 жылы Мәскеуде шыққан "Қазақстанның Ресейге қосылуы" деп аталған кітабында тоқталады. Бұл жерде ол ақынның туған жері, ата-анасы, оқыған ортасы жайында мәлімет беріп, аталары Ырғызбай мен Өскенбай туралы, әкесі Құнанбайға мінездеме берген. Абайдың әділ де, тура мінезді болуы атасы Ырғызбай мен Өскенбайдан тарағандығынан, ал ұстамдылығы әжесі Зеренің тәрбиесінен қалыптасқандығын келтіреді.
Ғылым Ордасы архивінен (23-қор, 1-тізбе, 90-іс) алынған
Ермұхан Бекмаханұлы ақынның Ахмет Риза діни медресесінде білім алуы, Фирдоуси, Низами, Саади, Науаи сияқты шығыстың шайырларының өлеңдерін қаңыға оқып, сусындауы, араб, парсы, түрік, шағатай тілдеріне жазылған еңбектерді оқуға жол ашты дейді.
Абайдың Семейде оқыған жылдарында орыс мәдениеті мен оның өкілдеріне деген қызығушылығы оянған. Е. Бекмахановтың жазуынша, қатал әкенің және медресенің қатаң тәртібіне қарамастан ақын орыс мектебіне оқуға түседі. Осы мектепте болған кезінде оның орыс халқының мәдениетін білуге деген ынтасы артып, өз еркімен орыс әдебиетін үйреніп, еркін түрде орыс тілін меңгереді. Еңбекте көрсетілгендей, Абай қазақ халқының мәдениетінің көп қырларын үйренуге талпынып, қазақ жеріне жер аударылып келген орыс демократтары Пушкин, Лермонтов, Салтыков-Шедрин, Толстой, Чернышевский, Добролюбов сияқты жазушыларының шығармашылығымен танысуы дүниетанымына көп өзгерістер әкелді деген де тұжырым жасайды.
Абайды білімге, ғылымға рухтандырған кітапхана болатын. Ол орыстың ғана емес, шетелдік Спенсер, Милль, Тэн, Дрепердің кітаптарын оқи отырып, батыстың мәдениетін, мұраларын үйренуге бой бұрып, солардың шығармаларын насихаттады.
Е. Бекмаханов мақаласында Абайдың ең жақын досының қатарынан Семейге саяси жер аударылған Е.П. Михаэлисті атайды. Абай шынымен де оны "дүниеге көзімді ашқан" адам ретінде бағалаған еді. Ақынның Е.П. Михаэлисті ұстаз есебінде тұтып, оның философиялық, тарихи, мәдени бағыттағы ғылымдармен танысуы орыс мәдениетін қызығушылықпен оқып-білуіне, шығармашылығына тікелей әсер етті деп топшылайды.
Медресені аяқтамай әке талабымен елге оралған Абайдың әкесімен бірге түрлі даулы мәселелерді шешуге қатыстырыла бастағандығын, ғалым болыстық қызметке баулытуынан деп келтіреді. 1875-1878 жылдары Абайдың әділдігімен, адалдығымен ел намысын биік көтерген төбе билігін асқақтатуға тырысқан.
Абайдың қай жылдары болыс болғандығы жайында Е. Бекмаханов нақты мәлімет келтірмейді. Дегенмен сол болыстық қызмет еткен жылдары халықтың қасынан табылуын, солардың сөзін сөйлеп, істі болғандарға арашашыл болуының мәнісін өресінің жоғарылығында, өзінің қара басында емес, санасына жүгінуінен деп тұжырымдайды. Алайда көреалмаушылық, кертартпалық, ішітарлық оның аяғынан шалып, болыстық қызметті дұрыс атқаруға мүмкіншілік бермеді. Ақынның үстінен бірнеше домалақ арыздар ұйымдастырылып, оның арты қылмыстық іске ұласты.
Абайдың үстінен қара бұл үйріліп, домалақ арыздың астында қалған кезде оның қасынан Е. Михаэлис табылған екен. Ол достық қолын созып, жабылған жаласынан ақталып шығуға барынша көмек көрсетіпті. Ақыры бұл іс 1884 жылдың тамызының соңында тоқтатылады. Дегенмен осы жағдай ақынды ұзақ уақыт әуре-сарсанға салып, жүйкесіне қатты әсер еткен.
Ермұхан Бекмаханұлы саяси жер аударылғандардың Абай өміріне қалай ықпалы болғандығын ашық айтады. Олармен арадағы әңгіме, пікірлесуі ақынның рухани өсуіне, беделінің артуына да әсер еткендігін айшықтай түскен. Орыстың ашық пікірлі қайраткерлерімен Абайдың кездесуі, жүздесуі оның көзқарасына өзгерістер әкеліп, өзіндік пікірінің қалыптастырғандығын байқау қиын емес. Әсіресе демократиялық бағытта болған орыс жазушылары Долгополов, Гросстың кейіннен реакциялық ағымдардың ықпалына кетсе де, Абайдың дүниетанымының қалыптасуына әсері мол болды деген тұжырымды ұстанады. Ақынның орыс әдебиетіне деген ұмтылысы Пушкин, Лермонтов, Крылов, Салтыков-Шедрин сияқты ақындардың өлеңдерін, сқақтарын аударып қанай қоймай, айналасына насихаттай білуінде болды.
Ермұхан Бекмаханұлы Абайдың шығармашылық өміріне қатысты тапқан жаңа материалдардың негізінде 1959 жылы сол кездердегі С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университеті шығарған Ғылыми жазбаларына жариялаған мақаласында ақынды жаңа қырынан танытуға тырысты. Ақынның тұлғалық қасиетін сол кездегі саяси оқиғалармен тығыз байланыстыра қарастырып, оның өміріне қалай әсер еткендігін нақтылайды.
Ғалымның келтіруінше, Абай "патшалық үшін өте қауіпті адам" болған. Патша үкіметінің жергілікті әкімшілік билігі оны ұзақ уақыт бақылауында ұстап, әрбір басқан қадамын жасырын түрде аңдып, жоғары орындарға хабарланып отырғандығын келтіре келе, ақынды "өмірінің соңына дейін өз халқының бақыты мен еркіндігі жолында күрескер болып, жергілікті отаршыл үкімет пен бай-феодалдардың қымысынан арашашы болды" деген түйіндейді.
Ғылым Ордасы архивінен (23-қор,1-тізбе, 51-іс) алынған
Ол сонымен қатар Абайды гуманист және қоғамдағы прогрессивті қайраткер ретінде бағалаған. Рулар арасындағы қақтығыстарды реттеудің басы-қасынан Абайдың табылуы оларды арасында бейбіт бітістірумен аяқталғандығын архив құжаттарындағы мәліметтердің айғақтап отырғандығын атап өтеді. Ол ақынды әділетті, халықтың жанашыры ретінде көрсетеді. Ақын көмек сұрай келгендерге арашашы болуға тырысқан, кеңес берген. Қара халыққа етене жақындығы үкімет адамдарын қатты алаңдатып, оның жазған хаттары мен жазбаларын арнайы тексерістен (цензурадан – С.С.) өткізіп отырды. Осы мәселені ғалым мақаласында архив деректерімен жан-жақты талдауға алады. Абайға қайтыс болардың алдында "үкіметке қарсы үндеулер таратты" деген жала жабылып, бірнеше рет үйіне тінту жүргізілгендігін де талдауға ала келтіреді. Ғалымның жазуынша, Абайдың үйіне тінту 1903 жылы 18 мен 25 сәуір аралығында жүргізіліп, оның алған хаттарын, жазбаларын тәркілеп алып кеткен екен. Негізінде тінту Абайдың Көкшетаудан алған хатына қатысты жүргізілген. Ақын бұл хаттарды жойып үлгерсе керек. Ермұхан Бекмаханұлы ақынның Арқаттағы пошта конторы арқылы бірнеше хаттар алғандығын келтіреді.
80-жылдың соңында Абай досы Е.П. Михаэлистің ұсынысымен Семейдегі облыстық статистикалық комитеттің толық мүшесі болып сайланады. Ғалымның айтуынша, осы комитеттің шығарып отырған "Памятная книжка Семипалатинской области" кітапшасына ақынның "Заметка о происхождении родов Средней киргизской орды" деген мақаласы жарияланған екен. Дегенмен, мақаланың соңына Абай өз аты-жөнін көрсетпеген. Жалпы ақынның жариялаған және баспа бетін көрмеген еңбектеріне Е. Бекмаханов "қазақ халқының этногенезін зерттеуде маңызды" деген тұжырым жасаған.
Ғалымның еңбектерінде сонымен қатар Абай Құнанбаевтың отбасы туралы да мәліметтер бар. Ақынның үш әйелінен 20 баласының барлығын, бір баласының Михайлов артиллерия училищесінде оқып, Түркістан округіне офицер ретінде қызметке жіберіп, сол жақта қайтыс болғандығын және бір қызының қазақ интернатында оқығандығын Орталық мемлекеттік архивінің 25-қорындағы құжаттарға сүйене жазады.
Абай Құнанбаев өмірін өзі жазған "Қазақстан тарихы" оқулығына да енгізіп, ақынның қызметі мен шығармашылығынан басқа араласқан адамдары жайында құнды мәліметтер береді. Бұлардың арасында ақынды көрген шетелдік жазушылар мен орыс демократтары бар. Солардың бірі Абаймен тілдескен американдық жазушы Джорж Кеннан болған. Өзінің естелігінде ол Ибраһим Құнанбаев деген қарт-қырғыздың кітапханаға барып қана қоймай, Милль, Бокль және Дрепер сияқты авторлардың кітаптарын оқығандығын оған қойған сұрақтарға берген жауаптарынан байқағандығын, оның ағылшын философын тереңдете оқығандығын көруге болатындығын айтқан.
Ғалым бастапқы жазғандарында Абай мен Е.П. Михаэлистің арасындағы достығына тоқталса, ал осы оқулыққа Михаэлистің өмірін, отбасын туралы да мәліметтер береді. Ол сонымен қатар ақынның революционер-халықшыл Нифонт Долгополов пен поляк революционері Северин Гросспен де жақын дос болғандығын және олармен қалай танысқандығы жөнінде де мәліметтер келтіреді. 1884 жылы Н. Долгополов революциялық көзқарасы үшін бастапқы кезде Қорғанға айдауға жіберген, кейіннен Семейге ауыстырылған екен. Қалада Абаймен танысып, үнемі кездесіп жүріп, тіпті өкпесіне суық тиген кезде Шыңғыстау болысына, Абай ауылына ауылына баруға сұранған. Революционер С. Гросспен де Абай оның Семейге жер аударылып келген кезінде танысып, пікірлесіп отырған.
Ғылым Ордасы архивінен (23-қор,1-тізбе, 51-іс) алынған
Е. Бекмаханов Абай шығармасындағы қарасөздерге аса мән беріп, әрбір қарасөздің адамгершілік, тәрбиелік маңызының барлығын, мұнда адамның бойында кездесетін надандық, пасықтық, іштарлық, көрсеқызарлық сияқты кертартпа қасиеттерден қалай құтылу жолдары жайында нақты көрсетілгендігін келтіре, осы "ғақлия-қара сөздерді" оқығандардың ойы мен санасы толығып, бойындағы мінін түзеуге ұмтылыс жасарының сөзсіз екендігіне сенетіндігін келтірген. Сондықтан әрбір қарасөзді түбіне жете түсіне оқуды маңызды санады.
Ғалым Абайды әруақытта халықтың сүйікті ақынына жатқызды. Абайдың аудармашылық қызметіне ерекше тоқталып, ақынның М. Лермонтовтың "Вадим", "Жын", "Қанжар", "Желкен" және т.б. 27 өлеңін, сонымен бірге А. Пушкиннің, Салтыков-Шедринннің, Крыловтың мағыналы өлеңдерін аударып, халыққа жеткізбек болғанын да келтіреді. Бұлардың арасында А. Пушкиннің "Евгений Онегин" поэмасынан үзіндісі, Крыловтың мысалдары бар. Пушкиннің "Евгений Онегинін" Абайдың аударуы, Татьяна – Онегин хаттарына арнап ән шығаруы және халықтың ортасына таратуын орыс ақынының шығармашылығын зор бағалауынан еді.
Бұл жерде ғалым Абайдың шебер аудармашылығын, оқушысына түсінікті болу үшін теңеулерді ылайықты қолдана білгендігін көрсетеді. Ақынның сөз саптауындағы ерекшеліктерді де баса келтіреді. Ол Абайды Пушкиннен көп нәрсе үйренді деп топшылайды. Оған екеуінің өлеңдеріндегі идялардың ұқсастығын жатқызады.
Ғалым Абайды патша езгісіне қарсы шыққан ағартушы-демократ есебінде көрсетті. Ақын империялық Ресейдің қазақ халқына жасап отырған түрлі қымысына, жәбірленіп отырған елінің тағдырына бей-жай қарамай, олардың жағында болғандығын саралап береді.
Ғалымның жасаған тұжырымынша, Абай біріншіден, қазақ халқын езгіден, надандықтан құтқарудың жолы оқу-білім екендігін насихаттап, шақырса, екіншіден, халыққа қандай да бір пайда келтіруге қызмет етудің маңыздылығын түсіндірді. Үшіншіден, А. Құнанбаевтың өлеңдерінде өмірдің әрбір кезеңіне мән беру, мағынасын түсіну, дүниені құрметтеу, сезудің басымдылығын көрсетеді.
Ермұхан Бекмахановтың Абайдың өмірі мен қоршаған ортасына, қызметіне, шығармашылығына талдау бере жазған еңбектері ақынның қоғамдағы орнын нақтылай түсті, әрі оның тұлғалық қасиетін асқақтатты. Абайдың әлемдік тұрғыда танытпаққа тырысты. Оның Ұлы ақын Абайдың өмірі мен қызметіне, шығармашылығына берген бағасы аса құнды.
Светлана Смағұлова
тарих ғылымдарының докторы,
әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық университетінің профессоры