Досанов Нұрбай. Латын графикасына көшудегі техникалық мәселелер

Досанов Нұрбай. Латын графикасына көшудегі техникалық мәселелер
Фото: Досанов Нұрбай

Қасиетті кітаптарда "алдымен сөз пайда" болды дейді. Сөздің өзі дыбыстан тұрмай ма? Ендеше адамзат пайда болғалы олардың арасындағы қарым-қатынас тәсілі – дыбыс ерекше маңызды болған. Кейін келе дыбыс яғни сөз тасқа қашалып жазыла бастады. Ал көшпенділер арасында жазудан гөрі ауызша айту мәдениеті ежелден сақталған. Көне кітаптарда бірнеше ақырзаманды басынан өткізген адамзат өкілдері осы хатқа түсіру дәстүрінен гөрі ауызша, жадыға тоқу дәстүрін артық деп санаған. Тағы да бір дүние алай-дүлей болғанда барлық жазған-сызғаның жоғалады да, ал белгілі бір ғұламаның миына сақталғаны ұрпақтан-ұрпаққа жетеді деп ойласа керек. Содан болар ХХ ғасырға дейін бізде жыраулық дәстүр сақталды.

Заман өзгерді, онымен бірге адам да өзгерді. Біртіндеп жазу мәдениеті адамзаттың ажырамас бөлігіне айналды. Әр халықтың өз жазуы болды. Бізде ауызша мәдениет қатты дамығандықтан ба, жазу мәдениетіне соншалықты мән бермеген сияқтымыз. Ежелгі Орхон-Енисей жазуынан бөлек орта ғасырдағы шағатай тілін айтпағанның өзінде ХХ ғасырда қазақ алфавиті үш рет өзгерді. 1926 жылы Ахмет Байтұрсынов жасаған төте жазу, одан кейін 1929-40 жылдардағы латын әліпбиі, кейінгісі бүгін қолданып жүрген – кириллица. Иә, тарих қайталанады екен. Енді қайтадан латын графикасына көшу үрдіске айнала бастады.

***

Көктемнің басында Әліпбиді жетілдіру жұмыстарын қорытындылау бойынша ашық талқылау отырысына журналист ретінде қатыстым. Бір байқағаным кіл ғалымдар арасында ІТ мамандары жоқ еді.

Біз техника заманында өмір сүріп жатырмыз. Сенің тіліңді техника мойындамаса, тәуелсіз ел ретінде әлемдік аренадағы орның да әлсіз. Мені мазалағаны "біздің төл дыбыстарымызды латын графикасына ауыстырған соң оны техника тіліне көшіргенде қиындық тумай ма?" деген сынды сұрақтар еді. Күдігім алдамапты. Оған Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалының аға оқытушысы, информатик, ғылым магистрі Досанов Нұрбаймен арадағы сұқбат кезінде көз жеткіздім. Біздің арамыздағы әңгіме қазақ тілінің латын графикасына көшкендегі техникалық жағынан ескеретін мәселелер туралы болды.

***

Латын графикасына өтудегі мақсатымыз не?

– А.Байтұрсынұлы араб жазуын қазақ тілінің заңдылығына орай бейімдеп, қазақ әліпбиін жасағанда: "Әліб-бій деген тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арналған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, соғұрлым әліп-би жақсы болмақшы", -дейді.

Латын графикасынадағы қазақ әліпбиіне көшудегі ұтарымыз, батыстық дамыған мемлекеттермен тереземіз теңесіп, түркі әлемімен ақпараттық-мәдени интеграциямыз нығаяды және еліміздің білім деңгейі әлемдік білім деңгейіне көтерілуіне, бастауыш сатыда оқу жүктемесінің азайып (таңбалардың қысқаруымен байланысты әр дыбысты таныстыруға кететін сағат санының кемуі, емле ережелердің қысқаруы т.б. осы сияқты жағдайлар. Бұлардың бәрі де зерттеуде ескерілуі қажет, сұхбат ұзаққа созылып кетпеуі үшін бұл мәселені тіл мамандарына қалдырайық), білім сапасының артуына жаңа мүмкіндіктер туады. Өйткені қазіргі өзгермелі, ақпараттық-комуникациалық заманда латын әліпбиіне негізделген сауат ашу қажеттілігі туындап отыр.

Ең бастысы, еліміздің рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жеткізетін "Мәңгілік ел" ұлттық идеясы, ұзақмерзімді даму мен экономикалық өсуді мақсат еткен мықты мемлекетіміздің тағы бір стратегиялық жоспарына алғашқы қадам деп айтсақ артық емес.  Латын әліпбиіне көшу біздің дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатымызға жаңа серпін беретіні сөзсіз. Себебі қазіргі ғылыми техникалық төңкеріс заманында латын жазуына көшудің тиімді жақтары дүниежүзілік прогреске аяқ басу яғни қазіргі ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды пайдалана отырып әлемдік экономикалық және ғылыми кеңістікке ену және де өркениетті елдердің жетістіктеріне қол жеткіземіз. Бұл – біздің тарихи мақсатымыз.

Қазіргі уақытта техника жағынан келетін болса, әсіресе, интернет жүйесіндегі қазақ тілінің қолданыс аясы өте тар. Осы тұрғыдан алғанда, ақпараттық технология саласында біз көп мемлекеттен артта қалып келеміз. Сондықтан да латын әліпбиінің мүмкіндігі мол екенін мойындауымыз керек.

– Сіз сонда ең алдымен техникалық жағын қарастыруымыз керек дейсіз ғой?

– Қазақ тілін латын графикасына көшіру мәселесінде мен көптеген өзге авторлардың ұсыныстарымен танысып, талдадым. Латын әліпбиі нұсқа авторларының компьютерлік технологиямен жетік таныс болмағандықтан жүйелі ақауларға тап болған, кейбірі онсызда көп әріп алфавитты одан сайын көбейтіпті, ал кейбіреулері көп қолданылатын төл дыбыстарымыздың кейбірін қос таңбамен таңбалап, кейбірін ASCII кестесінде мүлдем аз кездесетін таңбалармен таңбалаған. Жалпы жобалаушы авторлар техникалық мәселелерді ескермей, халықаралық стандарттарға мән бермесек бір қиын жүйеден екінші бір қиын жүйеге ауысқан боламыз.

Қазірде латын әліпбиін жобалауда және қайта жетілдіруде біршама ұсыныс жарық көріп жатыр. Алайда, олардың қолданыстағы техникалық стандартпен үйлесіміне мән берілмейді. Сонымен техникалық үйлесіміне мән берілмей ұсынылған жобалардың бірі қолданысқа енген жағдайда қазіргі кирилл жазуынан да артық техникалық киындық туғызатынын ескерген жөн (Мысалы: Өзбекстан, Түркия, Азербайжан мемлекетіндегі қиындық).

Мен латын графикасына көшірудегі техникалық мәселе бойынша 2013 жылдан бастап түрлі журналдарға, конференцияларға, газеттерге тіпті Ресейдің РИНЦ журналына да мақалалар жариялап келемін. Сондықтан техникалық мәселелер жағын біршама зерттеп көргенмін.

– "Техникалық мәселе",  "халықаралық стандарт", "ASCII кестесі" деп қалдыңыз. Осы мәселелерді толығымен айтып өтсеңіз?

– А.Байтұрсынұлының ХХ ғасырдың басында араб жазуы негізінде қазақ әліпбиін жасауда ескергендері әлі де болса өз құндылығын жоя қоймаған маңызды қағидалар. Бізде жоба дайындағанда А.Байтұрсынұлының ескертпелеріне сүйене отырып жасаған абзал.

Алдымен төменде қазақ тілінің жаңа латын әліпбиін жобалағанда ескеретін техникалық мәселелеріне  тоқталып өтейін:

Жалпы қазір ақпараттық жүйеде мәтінді кодтаудың екі түрі қолданыста. Жаңасы – 16 биттік ISO-10646 (Unicode) стандартты кодтауы. 16 биттік кодтау кестесіне 216=65536 таңба сияды. Бұл жер жүзіндегі барлық әліпбилер мен тіпті бірнеше мың иероглифтерді де жалғыз кестемен қамтиды.

Екінші мәтінді кодтау тәсілі – 8 биттік кодтау. 8 биттік кодтау кестесіне небары 28=256 таңба сиятын болғандықтан қолданыстағы кестелер көп – әрбір әліпбиеге арнап бір, тіпті бірнеше кестелер стандартталынған. Ақпараттық технологиялар саласындағы әдет бойынша 8 биттік барлық кодтау кестелердің бірінші жартысы (яғни 0-127 деген кодтары) таза латын (яғни A-Z және a-z әріптері) әліпбиіне берілген. Бұны "ASCII (American Standard for Computer Information Interchange) стандарты" деп атайды.

ASCII кестесінің жоғарғы екі жолы символдарды таңбаламайды, сондықтан бұл орындар кестеде бос. Қалыптасқан дәстүр бойынша ASCII кестесі бүкіл сегіз биттік кодтама кетесінің бірінші жартысында (00-7F) орналасады (1-кесте). Сонымен 8-биттік кодтама кестелері бір-бірінен тек соңғы 128 символдармен (80-FF) ерекшеленеді.

 Кесте 1- ASCII кестесінің бірінші жартысы

8 биттік кестесінің екінші жартысында (яғни 128-255 деген кодтарында) жергілікті әліпбилер орналасады. Латын әліпбиін қолданатын тілдерде – қосымша диакритикалық белгілі әріптер, латын емес әліпбилерде – толық сол жергілікті әліпбиі.

Ең кең таралған 8 биттік кесте – ISO-8859-1 (Latin 1) стандартты кестесі (2-кесте). Бұл стандарт бір қатар батыс еуропалық ықпалды тілдерді қамтамасыз етеді, соңдықтан барлық дерлік ақпараттық жүйеде қолдау тапқан.

Кесте 2 - ISO-8859-1 (Latin 1) стандартты кестесінің екінші жартысы

Осы ASCII + ISO-8859-1 кестесіндегі таңбалар шеңберінен шықпаған тіл латын әліпбиінің ыңғайын толық көреді. Бұдан басқа бірнеше ISO-8859 стандарттар, өзге латын әліпбиін қолданатын тілдерге арналған: ISO-8859-2 (Latin 2) – шығыс еуропалық, ISO-8859-3 (Latin 3) – оңтүстік еуропалық, ISO-8859-4 (Latin 4) – солтүстік еуропалық тілдерге арналған. Әрбір кесте осы аталған тілдердің диакритикалық белгілермен түрлендірілген әріп жиынын қамтамасыз етеді, бірақ ақпараттық жүйеде ISO-8859-1 (Latin 1) стандартынан сирек кездеседі.

Түрік әліпбиінде, өзге тілдерде мүлдем кездеспейтін Iı (нүктесіз і) әріпі бар болғандықтан, түріктер жеке арнайы стандартқа ие – ISO-8859-9 (Latin 5). Бұл кесте ақпараттық жүйелерде орыстардың кирилицасынан да сирек кездеседі, сондықтан түрік тілі латын әліпесінің ыңғайын толық көріп отыр деген, біздің ойымызша, қате пікір сияқты. Түрік латын әліпбиі XX ғасырдың екінші ширегінде (яғни ақпараттандыру дәуірінен бұрын) қалыптасқан, сол себептен бұл жағдай ескерілмеген.

Әзербайжан XX ғасырдың ең соңында латын әліпбиіне қайта көшуді бастаған болса да, ол кезде ешбір қолданыстағы 8 биттік стандартқа сәйкес келмейтін таңбалар жиынтығын қабылдаған. Жалпы әріптер жинағы түрік тіліне ұқсас, бірақ бір айырмашылығы – латын әліпбилерінде өте сирек қолданылатын «ә» әріпі бар. Осы әріпке бола жаңа ISO-8859-9e деп аталған стандартты қабылдауға мәжбүр болған. Бұл стандарт тек түрік және әзери-түрік тілдерді қамтамасыз ететін болғандықтан, тек осы елдерге арналған ақпараттық жүйелерде іске асырылады. Сонда әзербайжан тілі бір сирек қолданылатын жүйеден басқа сирек қолданылатын жүйеге көшкен.

Өзбек тілінің қазіргі латын әліпбиінің жағдайы, ақпараттық технология тұрғыдан қарасақ, мүлдем басқа, себебі ол таза латын әліпбиін негіздеген. Өзбек тілінің кириллицасында орыс тілінің әріптерінен тыс небары төрт әріп қана болатын: Ө, Қ, Ғ, және Һ. Латын жазуында Ө мен Ғ әріптерін тырнақша (апостроф) арқылы O’ және G’ деп келтіріп, Қ мен Һ әріптерді Q мен H деп, бір қатар дыбыстар қос таңбалы Yo yo, Yu yu, Ya ya түрде аударылған. Сонымен, өзбек латын жазуы жоғарыда аталған ASCII стандарттың шеңберімен шектелген соң, оны кез келген 8 биттік кесте көмегімен жаза беруге болады. Бұл тәсілдің бір кемшілігі бар – тырнақша әдетте әріптер санатына жатпайды да, ақпараттық жүйелер тұтас сөзді бірнеше сөз ретінде танып, жаңылып қалады. Бұндайды болдырмау үшін қажет бағдарламаларды әдейі бейімдеу керек.

– Бізден бұрын латын графикасын көшкен мемлекеттерді мысалға келтіріп жатырсыз, жалпы, Түркітілдес Республикаларда жүргізілген әліпби реформаларына салыстырмалы түрде талдау жасап көрдіңіз ба?

– Бізден бұрын латын әліпбиіне көшкен елдерде жүргізілген латын графикасына көшу реформаларының артық-кемі негізінен ұқсас болып келеді. Дегенмен, айырмашылықтар да жоқ емес.

Әзербайжан латын алфавиті

Әзербайжан мемлекетінде "Латын графикасы негізіндегі әзербайжан әліпбиін қалпына келтіру туралы" Заң 1991 жылғы 25 желтоқсанда қабылданды. 1991 жылы басталған әліпби реформасы 10 жылға созылып, ел Президенті Гейдар Әлиевтің 2001 жылғы 18 маусымдағы "Мемлекеттік тілдің қолданысын жетілдіру туралы" жарлығынан кейін нәтиже берді. Латынға негізделген жаңа әліпбиінде 32 әріп бар. Бұның ішінде бесеуі қосымша таңбамен берілген (Шш-Şş, Ғғ-Ğğ, Өө-Öö, Үү -Üü, Чч -Çç,), ал Ыы әріпіне нүктесіз і (Iı) таңбасы алынған, Әә әріпіне Әә таңбасы алынған. Латын әліпбиіндегі Ww таңбасы мүлдем алынбаған. Ğğ, Şş, Iı, Әә таңбалары ASCII + ISO-8859-1 стандартты кестесінде жоқ таңбалар. ASCII кестелерінде аз кездеседі. Әә таңбасы ISO-8859-9e стандартты кестесінде, ал Iı таңбасы ISO-8859-9 (Latin 5), ISO-8859-9e  стандартты кестелерінде кездеседі. Бұлар мүлдем аз кездесетін кестелер. Сонымен Әзербайжан мемлекеті ешбір қолданыстағы 8 биттік стандартқа сәйкес келмейтін таңбалар жиынтығын қабылдаған. Ыңғайлы жағына келер болсақ, қосарлы таңбаларының мүлдем жоқтығығымен ерекшеленеді.

Түрік латын алфавиті

Түркиядағы латын жазуына көшу науқанын Мұстафа Кемал Ататүріктің бастамасымен 1928 жылғы 23 мамырда құрылған "Тіл комиссиясы" қадағалады. Комиссия 9 адамнан құралып, олар әліпби жобасын әзірлеуге, орфографиялық және грамматикалық ережелерді жасауға қатысты. Ал 1928 жылдың 1 қарашасында "Жаңа түрік әріптерін қабылдау мен қолдану туралы" Заң қабылданып, араб графикасы жазба кеңістігінен ресми түрде шығарылды. 1929 жылы Түркия тегістей латын әрпіне көшірілді. Дегенмен әліпби құрастыруда бірқатар кемшіліктерге жол берілгенін айта кеткен жөн. 

Атап айтқанда, әліпбиде түркі халықтары тілдерінің фонетикалық жүйесіне тән Ң, Қ, Ұ дыбыстары таңбаланбай қалды. Осының салдарынан түрік есімдері мен сөздері қате жазылып, орфографиялық ереже көпке дейін қиындық туғызды. Латын жазуына көшу арқылы әліпбиге енбей қалған дыбыстарды таңбалау мәселесі Түркия үшін әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Латынға негізделген әліпбиінде 29 әріп бар. Бұның ішінде бесеуі қосымша таңбамен берілген (Шш-Şş, Ғғ-Ğğ, Өө-Öö, Үү -Üü, Чч -Çç,), С таңбасын Дж деп оқиды,  ал Ыы әріпіне нүктесіз і (Iı) таңбасы алынған. Бұнда да сол латын әліпбиіндегі Ww, Хх таңбалары мүлдем алынбаған. Ğğ, Şş, Iı таңбалары ASCII + ISO-8859-1 стандартты кестесінде жоқ таңбалар. Бұның себебін латын әліпбиіне көшу реформасы ақпараттану заманынан бұрын жасалғандықтан ISO-8859 кестелеріне негізделмегенен деп түсінуге болады.

Негізінде әліпбилері Әзербайжан әліпбиімен өте ұқсас болып келеді. Бірақ ASCII ISO-8859-9e стандартты кестесін емес, қолданыста жоқ тек өздері ғана қолданатын ASCII ISO-8859-9 (Latin 5) стандартты кестесін қабылдаған. Ал Әзербайжан мемлекетінің ISO-8859-9e стандарттын қабылдау себебі, Әә әріпіне ешбір кестеде кездеспейтін Әә таңбасын қалдыруында. Ыңғайлы жағына келер болсақ қосарлы таңбаларының мүлдем жоқтығығымен ерекшеленеді.

Өзбек латын алфавиті

Өзбекстанда 1993 жылдың 2 қыркүйегінде Өзбекстан Республикасы Жоғарғы Мәжілісі өзінің ХІІІ сессиясында "Латын графикасына негізделген өзбек әліпбиін енгізу туралы" Заң қабылданды. Өзбекстанда латын графикасына көшу процесі ұзаққа созылып, жаңа әліпби жобасына 4 рет өзгеріс енгізілді.

Өзбек әліпбиінде 29 әріп  және 1 қосымша  белгі  "’" - апостроф бар. Үш қосарлы Hg hg, CH ch, SH sh дауыссыз және екі G’g’, O’o’ диакритикалық белгі бар. Латын әліпбиіндегі Ww таңбасы мүлдем алынбаған. Бірақ қосымша таңбамен берілген таңбалар жоқ. Бұл дегеніміз ASCII стандарт кестесінің бірінші жартысымен (00-7F) шектеледі (1-кесте), яғни кез келген 8-биттік кестеге сәйкес келеді.

Түрікмен латын алфавиті

Түрікменстанда әліпби реформасы 1991 жылы басталып 1996 жылы аяқталуы тиіс болғанымен, іс жүзінде ол 2000 жылы аяқталды. 1991 жылы Кеңестік одақ тараған тұста Түркіменстан президенті С. Ниязов  жаңа латын әліпбине көшу туралы өкім шығарды. Түрікмендердің латынға негізделген жаңа әліпбиінде 30 әріпінің ішінде 8 қосымша (Žž, Ýý, Şş, Öö, Üü, Çç, Ää, Ňň) таңбалар бар. Латын әліпбиіндегі Cc, Qq, Vv, Xx таңбалары қолданылмаған. Осы төрт таңбаны жаңа әліпбиге қосқанда қосарлы таңба төртке қысқарып жазу, оқу жағы ыңғайлырақ болар еді. Ыңғайлы жағы оларда қосарлы таңба жоқ.

– Бізден бұрын латын графикасына өткен мемлекеттерден үйренеріміз бар ма?

– Түркітілдес елдердің латын графикасына көшу реформаларына зерттеу жүргізу арқылы Қазақстан үшін осы елдердің әліпби реформасының жағымды жақтарын алып, латын графикалы әліпбиге көшудің қазақстандық моделін жасаудың болашағы зор. Іріктеп қолданатын тәжірибе ретінде Түркияның халықты жаңа жазуға үйрету әдістемесі мен тілді үйренудегі патриоттық сананы тәрбиелеу идеологиясын, Әзербайжанның – мемлекеттік тіл мен әліпбиді ұлттық рәміздер қатарына қосу саясатын, латын графикасын білім жүйесі мен баспа ісінде қолдану технологиясын, жаңа жазуда классикалық әдебиеттерді көп данамен шығару тәжірибесін, Өзбекстанның – әліпби реформасы кезінде жүзеге асыратын іс-шараларды анықтауы мен қаржыландыру көлемін белгілеу тәжірибесін қолданған жөн. Ал Түркіменстанның латын графикасына көшу реформасынан "бір дыбысқа – бір әріп" қағидатын қатаң ұстану тәжірибесін алудың лингвистикалық маңызы зор. Сонымен қатар, 1920-1940 жылдардағы қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру тәжірибесінің оң жақтарын да ескерген абзал.

Латын графикасынадағы қазақ әліпбиінің қайта жетілдіргенде ескерілуі қажет мәселелер бар ма?

Жалпы латын графикасынадағы қазақ әліпбиінің жобасын жасағанда немесе қайта жетілдіргенде түркітілдес республикаларда жіберген қателіктерде ескере отырып және ең кең таралған 8-биттік кесте – ISO-8859-1 стандартты кестесімен сәйкестендіріп жасаса техникалық қиындықтардан арылар едік.

Біріншіден жазу көркемдігіне, көзге жайлылығына баса назар аударылу қажет.  ХХ ғасырдың басында А.Байтұрсынұлы араб жазуы негізінде қазақ қазақ әліпбиін жасағанда: "Оқу жағынан алғанда қандай әріппен басылған я жазылған сөз болса да сүгірет есепті. Бұ жағынан қытайдың сүгірет жазуы да, басқалардың әріппен жазылған жазуы да бірдей, жалғыз-ақ сүгіреттің құралған жөні ғана басқа. Сауаты ашылған адам жазылған я басылған сөзді әрпіне қарап оқымайды,  бүтін тұрған сүгіретін танып оқиды. Таным адамды көргенде мынау пәленше, анау түгенше деген сияқты, әр сөзді тұрпатына қарап танып айтады. Неғұрлым сөз сүгіреті көзге елеулірек болса, соғұрлым жылдам танылып, шапшаң оқылмақшы. Әріп сөз сүгіретінің көзге елеулі болу, болмауына себеп болмақ, сөзді бірінен-бірін айыруға көмегі тимек", - деп атап өткендей әріптер бір-бірінен ажыратылатындай елеулі, оқуға оңай болуы тиіс

Яғни жазу көркемдігімен қоса көзге жайлылық жағын да назарға алу қажет.  Себебі тағыда сол айтарым А.Байтұрсынұлы айтқандай сауаты ашылған адам жазылған немесе басылған сөзді әрпіне қарап оқымайды,  бүтін тұрған суретін танып оқиды. Мысалы қандайда бір сөздің арасында бір әріп қате жазылса соны кейде байқамаймыз. Себебі жаңағы айтқанымдый ол сөзді біздің миымыз өз жадына бастапқы дұрыс нұсқасын сақтап қойған. Тағы бір мысал бізге таныс емес қандайда бір орыс, ағылшын тіліндегі  сөзді алғаш оқығанда шамалы қиналыңқырып кейде буындап оқуымыз мүмкін. Ал сол сөзді кейінірек қайтара оқығанда қиналмай жылдам оқимыз, яғни бұл дегенміз жаңағы сөзді біздің көзіміз тұтастай бір сурет ретінде танып қалды және миымызға сақтап қойды. Шет елдік ғалымдардың зерттеуінше бізді шатастыратын таңбалар көзіміздің жаттауына, тез тануына кедергі туындатып, ауыртпалық түсіріп бара-бара ересек жасқа барғанда бәлкім көзіміздің нашарлауына акеліп соғу қаупі келіп шығады.

Екіншіден, латынның әліпбиін жобалағанда біразында ә, ө, ү, ғ сияқты өзіміздің төл дыбыстарымызды a’, o’, u’ g’ түрінде апостроф арқылы таңбалау ұсынылды және әлі де айтылып жүр.  Бұл техникалық жағынан ыңғайсыз, себебі – "’" таңбасы барлық программалау тілдерінде ерекше рөл  атқаратын таңба. Мысалға C, Pascal, Delpһі тілінде “A” -  мәні A-ға тең тізбектік айнымалы болса, ’A’ - ның мәні 65 - ке тең сан болады. BASІC тілінде бұл таңбадан кейінгі кез келген жазу түсініктеме болып қабылданады. Демек, бұл таңбаны қабылдасақ, қазақ тілі бағдарламалауға ыңғайсыз тілге айналады. Мұны ескерген жөн. Компьютерде сөзге жіктегенде бұл таңба еш уақытта сөзге қосылмайды. Мысалға “a’lem” деген бір сөзді “a” және “lem” деген екі сөзге бөліп оқиды. Сонымен қатар бұл таңбаны көптеген программалар қос таңбаның бірі деп есептеп, сөздің басында ‘, ал соңында ’ етіп автоматты түрде өзгертіп отырады.

Үшіншіден, тағы бір ең маңызды жағы қазіргі ақпараттық технологиялық заманда ең өзекті мәселелердің бірі ақпараттың компьютер жадында аз орын алу мәселесі. Егер біз бір дыбысты қос таңбамен беріп таңба санын көбейтсек немесе апостроф арқылы таңбалап кирил әліпбиі арқылы екі түймені басып жазатын өң сөзін  бұл әліпби арқылы төрт түймені басып o’n’ деп, бес түймені басып жазатын өңшең сөзін тоғыз түймені басып o’n’s’en’ деп терсек бұл біріншіден жазуда уақытты алады, екіншіден компьютер жадында орын алу жағы көбейеді. Осы тұрғыдан келгенде тағы да айтарым мысалы:  a- деген таңба копмпьютер жадында 1 байт орын алса тура сол сияқты "’" таңбасыда 1 байт орын алады. Сонда апостроф арқылы таңбаланған "a’" дыбысымыз компьютер жадында 2 байт орын алады. Өзіңіз білесіз біздің сөздік қорымыз өте бай. Сонда есептей беріңіз біздің төл дыбыстарымыз екі байттан орын ала берсе не болады? Алдағы уақытта жазылатын қаншама құжаттардан бөлек кітап, журналдар, архивтегі қаншама материялдар бар латын графикасына сәйкестендерілетін. Бұл дұрыс емес.

Мынадай уәждер айтылуы мүмкін, "ағылшындарда бір дыбысқа қос таңба көп қой" деген. Менің айтарым ағылшындарда қазақтардікіндей сөздік қоры мол емес. Қазақтың бірнеше сөзін олар бір сөзбен аудармасын беруі мүмкін немесе ағылшынның бір сөзін біз қазақшаға аударғанда бірнеше сөзбен түсіндіреміз. Сондықтан, ағылшындарда жадыда орын алу жағы біздікіндей көп орын алмайды. Қарапайым мысал кез-келгеніңіз ағылшыннан қазақ тіліне аударма жасатқан болуыңыз мүмкін. Байқасаңыздар бір беттік ағылшын тіліндегі қандай да бір мәтінді қазақ тіліне аударғанда бір жарым бетке шығып кетеді. Ал төл әріптерімізді қос таңбамен қабылдасақ бір жарым бет емес екі бетке шығып кетуі мүмкін. Бұл дегеніміз компьютер жадында өте көп орын алады деген сөз.

ЖЕТІЛДІРІЛГЕН ӘЛІПБИ

– Апостроф қиындық туғызады екен. Оның өзі төл дыбыстарымызға байланысты қойылып отырған жоқ па? Апостроф дұрыс болмаса, алып тастаймыз ба, егер алып тастасақ төл дыбыстарды немен белгілейміз?

Иә, ол мәселе бірінші нұсқада болды. Қазір мұны дұрыс жолға қойды. Тұтастай бір таңбаға айналдырды. Оны "акут" деп атайды. Қазіргі жаңа әліпбиімізде отыз екі дыбыс таңбаланған. Оның 8-і қосымша әріп,  яғни 6- акут белгісі, 2- диграфпен таңбаланған. Мұндағы қосымша акут белгісімен таңбаланған алты дыбысымыздағы белгіні апостроф – "’" деп шатастырмауымыз керек. Бұл тұтастай бір таңба. Бірақ, дегенмен де, бұлар мен жоғарыда айтып өткен стандартқа сай емес. Мысалы, бір төл таңбамыз бірінші стандартта болса, екіншісі басқасында. Қысқасы, біздің төл әріптеріміз бір стандартқа жинақталмаған. Әрқайсысы әр стандартта шашырап жүр.

– Енді латын графикасына көшкенде қай жолды таңдағанымыз дұрыс?

– Мәңгілік ел дегеніміз — мемлекеттің ғасырлар тоғысында, ірі державалар арасында бәсекеге төтеп беріп, өзіндік қорғаныс саясатын ұстану деп түсінуге болады. "Мәңгілік Ел" атануымызда латын әліпбиіне көшудің орны ерекше. Бірақ, бұл мәселе төңірегін енді тек қазақ жұрты болып қана емес, кешегі Күлтегін бабамыздың ұрпағы ретінде барлық түркі тектес елдер болып ұсынысты қабылдауды жөнге айналдырғанымыз дұрыс болар еді. Латын әліпбиін қабылдау өркениет есігін ашатын қақпа, әрі әлемдік мәдениетке жаһандасуға жететін бірден бір тура жол.

Латын әліпбиге көшудің мақсаты – кең тараған стандарттарға қосылып, жан-жақты дамыған, қолданысқа тиімді ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар саласында ыңғайлы жазу жүйесіне ие болу. Әйтпесе қазіргі әліпбейіміздің жай ғана таңбалары нашар немесе түрі жаман деп ауыстырғалы отырған жоқпыз ғой!

Сондықтан әліпбиімізде қолданылатын таңбаларды таңдағанда шынайы кең таралған стандарттарға жүгіну керек. Ақпараттық жүйелерде ең көп таралған латын таңбалар жиынтығы – ISO-8859-1 (Latin 1). Жаңа әліпбиді жобалағанда осы стандарттың шеңберінде қалған ыңғайлы.

***

P.S. Демек біздің латын графикасына (латын алфавитіне емес, бұл екеуін шатастырмауымыз керек) көшу үшін ескеретін мәселелеріміз әлі де көп.  Латын графикасын бізден бұрын көшкен айналамыздағы елдерден үлгі алғанымыз дұрыс-ау. Бастысы оның техникалық мәселелерін ескерсек екен. Болашақта техника, оның ішінде смартфон мен компьютер латын әліпбиіне негізделген төл дыбыстарымызды "танымай" қалып жүрмесе. Себебі, болашақтың кілті мен тәуелсіз ел ретінде алға қарай нық қадам басуымызда осы техниканың алатын орны зор емес пе?

Т. Раушанұлы