Буккроссинг дегеніміз не?

Оқылған кітаптарды шаңды сөрелерде жинап шаршасаңыз әрі лақтыруға қимасаңыз, одан шығатын жол бар. Бүгінде кітапсүйер оқырмандар арасында кеңінен танылған буккроссинг қозғалысына қосылу арқылы том-том кітаптарға екінші өмір сыйлай аласыз.

Буккроссинг дегеніміз не және ол не үшін қажет?
Буккроссинг (ағылшын тілінен аударғанда - "кітап алмасу") – халықаралық қоғамдық қозғалыс. Оның миссиясы – "том-том кітаптарды бостандыққа шығару" және "кітап оқу" идеясын насихаттау. Буккроссинг – бұл кітап сатып алудың баламаларының бірі. Бұл қозғалыс қызметі былайша іске асады: кітапты оқыған адам оны қоғамдық орынға (кафе, кітапхана, метро бекеті) қалдырады, сонда оны кез келген адам өзіне алады. Кітапты алған адам кейіннен үрдісті қайта бастайды.

"Кітаптарды достарыңызбен және көршілеріңізбен бөлісу - табиғатымызға тән қасиет. Буккроссинг адамдардың кітап құндылығы туралы көзқарасына аз да болса өзгеріс енгізеді деп сенемін. Сонымен қатар, қозғалыс мүлдем бейтаныс адамдарға ортақ тіл табуға мүмкіндік береді. Дүниежүзілік кітапхананың негізін құрады. Буккроссинг – географиялық шекараны білмейтін кітапхана түрі", - дейді буккроссингтің алғашқы ресми қызметін жасаушы Рон Хорнбакер.

Буккроссинг - бұл қарапайым кітап алмасу сияқты емес. Кітапты досыңызға немесе танысыңызға берсеңіз, ол сізге оралады деп күтесіз. Ал бұл үрдіс кезінде сіз кітапты мәңгілікке "бостандыққа" жіберуге мүмкіндік бересіз.

Алматыда буккроссинг қорапшалары қай жерде бар?
Алматы қаласында буккроссинг өте белсенді дамып келеді. Бүгінде нақты тіркелген ресми 7 нүктесі бар. Бұл үшін нашар ауа-райынан қорғайтын арнайы қорапшалар салынған. Адамдар көбірек шоғырланған аймақтарда орналасқан.

Мекенжайы:
1. Әл-Фараби 77/8 (Esentai Square)
2. Абай, 44 (Promenade)
3. Байқоңыр метро бекеті
4. Абай және Желтоқсан көшелерінің қиылысы
5. Абай 20/14 (Қазақстан Республикасының ұлттық кітапханасы)
6. Гагарин және Жандосов көшесінің қиылысы (Гагарин атындағы бақ)
7. Гоголь және Абылай хан көшелерінің қиылысы

Кітапты шетелдікке бере аламын ба?
2001 жылы Интернет маманы Рон Хорнбакер BookCrossing деп аталатын арнайы халықаралық сайтын іске қосты. Бұл қызмет аударылған кітаптың орналасқан жерін қадағалауға, форумда пайдаланушылармен сөйлесуге, кітаптарды жеңілдікпен сатып алуға, тіпті жергілікті кітапханаларда, кафелерде немесе коворкингтерде буккроссинг орталықтарын ресми ашуға мүмкіндік береді. Қазір халықаралық буккроссинг қоғамдастығының 132 елден 2 миллионға жуық мүшесі бар, олар бір-біріне 13,5 миллионға жуық кітапты сыйға тартқан.

Ресми халықаралық буккроссинг ережелері қандай?
• Кітапты желіде тіркеңіз және ол үшін буккроссинг идентификаторын (BCID) алыңыз. Ол кітаптың орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік береді.
• Алынған BCID-ді кітапқа жазыңыз. Сондай-ақ, кітап буккроссингке арналғанын, оның жоғалмағанын және қоқысқа тасталмағанын дәлелдейтін түсініктеме жазуды ұмытпаңыз. 
• Кітапты біреуге беріңіз немесе оны бір жерге қалдырыңыз. Бұл туралы веб-сайтқа жазыңыз.
• Кітабыңыздың қайда және кімде екенін бақылауда ұстаңыз.
• Біреу оны алған кезде, олар BookCrossing сайтында BCID-ті теріп, кітап журналына ол туралы мәлімет береді.  
• Ең маңызды ереже - ескі кітаптарыңызды "босатудан" қорықпау.