- Негізгі бет
- Білім
- Бүгін грант тізімінде...
Бүгін грант тізімінде болмасаң, ертең Forbes тізімінде боласың!
Кеше ғана грантқа түскендердің тізімі шығып, бірі қуанып, енді бірінің еңсесі түскені анық. Қайткен күнде де бұл өмірдің заңдылығы солай. Осы орайда грантқа түсе алмаған досымызды жігерлендіргіміз келеді. Грант – өмірдің соңы емес. Сенің әлі мүмкіндігің көп. Ендеше, Асхат Қасенғалидың мына сөздері саған шабыт сыйлап, жігеріңді жаниды деп сенеміз.
Қадірлі грантқа түспеген досым! Бүгін грантқа түскендердің тізімінен өз есіміңді таппай, өмірге налып, баз кешіп, сағың сынған болар. Жалғанды әділетсіз санап, өмір тоқтағандай күй кешіп отырғаныңды білемін. Сәтсіздікті бақытсыздыққа балап, болашағым бұлыңғыр, келешегім көлеңкелі деп ойларсың. Бірақ бұл мына өмірдің кішігірім сынағы ғана. Тағдыр сені әлі талай сынайтынын, сынағанға шын мықтылар шыдайтынын ұмытпа.
Бірінші сүрінгеннен бас тартса, әлем талай ұлылардан айырылар еді. 302 мәрте қаржы сұрап барып, 303-ші талпынысында ғана демеуші тауып, мультфильм түсірген Уолт Диснейді, 38 ойында қатар жеңіліп, ақыры спорт залға түнеп, дайындық жүргізіп, әйгілі болған Майкл Джорданды еске бір ал.
Үшінші талпынысында ғана кино академиясына түсе алған Стивен Спилберг, бірінші сәтсіздігінде қолды бір сілтегенде, әлем керемет режиссерден айырылып қалар еді. Төртінші талпынысында ғана президент болған Авраам Линкольн бірінші жеңілісінде өз арманынан бас тартса, АҚШ бәлкім әлі құлдық жүйе негізіндегі, тоталитарлық ел болар ма еді.
Бүгінгі сүрініс – ертеңгі үлкен секірістің белгісі. Оқы, оқи түс. Өзіңді қамшыла. Еңсең түспесін. Уақытыңды құр жіберме. Сонда ғана келер жылғы білім бәйгесінде оқ бойы озық келесің. Бүгінгі грант иегерлері тізімінде жоқтығың, бәлкім ертең сені Forbes тізімінен шығаратын жігер, талап, намыс сыйлар. Бастысы, бетің қайтпасын!
Ж. Жұмағұлов