- Негізгі бет
- Білім
- "Болашақ" стипендиясына үміткерлерді...
"Болашақ" стипендиясына үміткерлерді іріктеу қағидалары өзгертіледі
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ бағдарламаның іске асырылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау қағидаларына едәуір өзгерістер әзірледі. ҚР Білім және ғылым министрлігінің нормативтік-құқықтық актілеріне бірқатар өзгерістер енгізілді. Олар ең алдымен ашықтықты арттыруға, барлық үміткерлер үшін тең мүмкіндіктер жасауға, іріктеудің объективтілігін күшейтуге, сондай-ақ бюрократиялық кедергілер мен бұрынғы мәселелерді шешуге бағытталған.
1. Басым мамандықтардың жаңа тізбесі
Стипендия алуға болатын басым мамандықтар тізбесі еңбек нарығы қажеттіліктерінің орта мерзімді болжамын ескере отырып қалыптастырылады. Оны жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік-экономикалық даму перспективалары мен талдау негізінде жасайтын болады. Бұл Қазақстан Республикасының кәсіпорындары мен ұйымдарына қажет жоғары білікті кадрларды даярлауға көмектеседі.
2. Халықаралық стипендияға үміткерлерге арналған квоталық санаттар қысқартылды
Стипендияға үміткерлердің барлығына мүмкіндік бірдей. Үміткерлердің барлық жеңілдік квота санаттары алынып тасталады. Барлық үміткерлер шетелдік жоғары оқу орындарына өзбетінше түсулері тиіс.
Сондай-ақ, жаңа Қағидаларда ауылдық жерден шыққан үміткерлерді қоспағанда, бұрын ұсынылған алдын ала тілдік дайындық курстары алып тасталды.
3. Халықаралық стипендияға үміткерлерге қойылатын мемлекеттік және шет тілдерін білу талаптарын арттыру
Жаңа Қағидалар бойынша іріктеу турлары шеңберінде тілдерді білу деңгейін тексеру алып тасталған. Үміткерлер өзбетінше тест тапсырулары және құжаттарды тапсыру кезінде мемлекеттік (KazTEST В1) және шет тілінен (кемінде IELTS 6.5) сертификат ұсынулары тиіс.
4. Халықаралық стипендия тағайындауға арналған барлық үміткерлер үшін конкурстық іріктеу турларының санын қысқарту
Конкурстық іріктеу кезіндегі 6 турдың орнына барлығы 3 тур болады. Уәждемелік және ұсыныс хаттарын бағалау, сондай-ақ мемлекеттік және шет тілдерін білу деңгейін анықтау бойынша іріктеу турлары қысқарады. Іріктеу турларында зияткерлік және эмоционалдық IQ деңгейін анықтауға арналған кешенді тестілеу, Тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелерімен жеке әңгімелесу және Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның үміткерлерді қарастыруы қамтылады.
5. Тәуелсіз сараптамалық комиссияның жұмысы
Тәуелсіз сараптамалық комиссияның (ТСК) құрамына қойылатын талап күшейтіледі, енді комиссия құрамындағы 3 адамның орнына кемінде 5 адам шешім қабылдайды. Үміткерлерді іріктеудің бүкіл процесі және барлық комиссия отырыстары онлайн таратылады. Өз жұмысының барысында комиссияның қоя алатын барлық сұрақтары, оның ішінде қосымша сұрақтары да нақты регламенттеледі.
6. Құжаттарды қабылдау мен конкурстық іріктеу рәсімін автоматтандыру
Электрондық үкіметтің веб-порталында үміткердің жеке кабинеті арқылы үміткерлердің құжаттарын қабылдау процесі толықтай автоматтандырылды. Қазіргі таңда адами фактордың қатысуын азайту мақсатында конкурстық іріктеу кезеңдерінің автоматтандырылуын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, бүкіл іріктеу процесі Президенттік кадрлық резервке іріктеу үлгісі бойынша цифрлық платформаны пайдалану арқылы жүргізіледі.
Орталық сонымен бірге қадамдық нұсқаулықтар әзірлейді және регламенттеуші құжаттарға сәйкес конкурстық іріктеуге қатысатын қызметкерлердің жауапкершілігін күшейтеді.
7. Әкімдеушіні сапалы қайта жүктеу
2019 жылғы қыркүйектен бастап бағдарлама әкімшісінің жұмысында өзгерістер болып жатыр: Орталықтың Директорлар кеңесі 4 тәуелсіз директорды қосу арқылы күшейтілді, бейіндік бөлімшелерге кәсіби кадрлар қабылданды, оның ішінде "Болашақ" бағдарламасының түлектері бар, шетелдегі өкілдіктер саны қысқартылды. Баспасөз хатшысы және әдеп жөніндегі уәкіл лауазымдары енгізілді, 2 кеңесші мен Орталықтың 1 вице-президенті лауазымдары қысқартылды, сондай-ақ Орталықтың штаты қысқарды.
Комплаенс-офицер лауазымы енгізілді, жұмысының мақсаты – мүдделер шиеленісін реттеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын бұзуға байланысты ықтимал тәуекелдердің, оның ішінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Конкурстың барлық кезеңдерінің барынша ашық өтуіне қол жеткізу және объективті шешім қабылдау мақсатында бос лауазым орындарына жаңа қызметкерлерді қабылдауды цифрландыру бойынша жұмыс жүргізілуде.
- Біз енгізіп жатқан өзгерістер, ең алдымен "Болашақ" стипендиясын тағайындаудың ашықтығын арттыруға бағытталған. Біз осы күнге дейін болған барлық ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жойдық. Біз, еліміздегі тек үздіктердің үздігі ғана халықаралық президенттік стипендия бойынша білім алса екен дейміз, - деп хабарлады "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ президенті Айнұр Кәрібозова.
Жаңа Қағидалар ҚР Үкіметінің Қаулысымен бекітілгеннен кейін "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ www.bolashak.gov.kz ресми сайтында жарияланады.
Айта кетейік, "Болашақ" халықаралық стипендиясы Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 5 қарашадағы №1394 қаулысымен бекітілді.
Бағдарламаның 26 жылы ішінде 10738 маман даярланды, олардың ішінен қазіргі кезде 7226 түлек өздерінің шарттық міндеттемелерін орындады, 3331 түлек еңбекпен өтеу мониторингінде.
3331 түлектің ішінен 3282 адам жұмысқа орналасқан және өз міндеттемелерін атқаруда, 49 адам жұмысқа орналасу үстінде.
Бағдарлама түлектері мен стипендиаттары арасында көбірек сұранысқа ие ақпараттық технологиялар мен жүйелер, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, журналистика және коммуникациялық менеджмент, қоғаммен байланыс және жарнама, сәулет және құрылыс, жобаларды басқару, педагогика, құқық және мұнай-газ ісі мамандықтарын атауға болады.
"Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ
А. Шопанова