Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында. Елдің ертеңгі сенімі де жастардың мойнында. Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар. Осы ретте ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: "Мен, сіздер, бүгінгі жастар ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан жалықпаймын. Сіздер тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер. Сіздердің жастық шақтарыңыздың уақыты – біздің еліміздің көтерілу және гүлдену уақыты. Сіздер осы жетістіктер рухын және табысқа деген ұмтылушылықты бойларыңызға сіңірдіңіздер", - деген сөзі мемлекет пен ұлт болашағы жастар болашағымен тікелей байланысты екендігін айқындайды.
Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Бүгінгі күнде еліміздің үштен бір бөлігін құрайтын жастар келешек қоғамның жарқын болашағын қалыптастыратын стартегиялық мақсаттарды жүзеге асырушысы екені мәлім.
Ұлт болып ұйысып, ел болып еңсемізді көтерген кезеңде қолға алар ісіміздің бірі – ұрпақ тәрбиесі болды. Халқымыздың болашағы – бүгінгі ұрпағы. Бүгінгі таңда мемлекетіміз өз тәуелсіздігін алып, өзінің дербес мемлекеттілігін қалыптастыруда. Болашақ мемлекетіміз ұрпаққа деген сабақтастықтан туындайтын дүние болғандықтан, әр халықтың болашағы жастарына тәуелді екені даусыз мәселе. Егер бүгін жастар өз халқының рухымен тәрбиеленіп өспесе, онда елдің келешегі бұлыңғыр болмақ. Өйткені, ұлттың барша мұрасы жастарға аманат етіледі. Ал, жастар оны сақтамаса және өзінен кейінгілерге тапсырып кетпесе, біртіндеп ұлттың атауы да өшіп жоғалмақ.
Қай ғасырда болсын ұлт өмірін өркендетуші саналы да салауатты, ұлтжанды, рухы биік парасатты ұрпақты тәрбиелеу – қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі. "Ел боламын десең, бесігіңді түзе",-дегендей, еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан біздің еліміз үшін дарынды, білімді, жігерлі ұрпақтардың орны бөлек. Расында, бүгінгі жас – ертеңгі елдің тірегі, келешектін келбет емес пе? Сол себепті олардың білімді, алғыр, бәсекеге қабілетті болып өсуі ел дамуындағы аса маңызды фактор. Қазақстанның алдағы болашағы қандай болатыны көп жағдайда білім алып жатқан студенттерге, жастарға тікелей байланысты.
Осы орайда, келешек үздік маман, еңселі елдің ертеңі болар азаматтар мен азаматшаларға білім беруде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті үлкен орын алып отыр. Бұған дәлел ретінде оқу орнының әлемнің үздік 210 университетінің қатарына енуін айтуға болады.
Сөз соңын Елбасымыздың "Егемен еліміздің ертеңіне тіреу, іргесіне сүйеу болатын жас ұрпақты жан-жақты білімді етіп тәрбиелеп жетілдіру басты назарда болуы тиіс" — ұтымды ойдан туған сөзімен аяқтай келе, еліміздің ертеңі жастарымыздың болашағы үшін тәрбие мен білімнің сара жолында ізденуден жалықпайық дегім келеді.
ҚазҰУ оқытушысы
Есекеева Айнаш Акимсаловна