Парламент Сенатының отырысында білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты заң жобасы қаралды. Заң жобасын талқылау барысында Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы осы салада қалыптасып отырған кейбір түйткілді мәселелерді ортаға салды. Халық қалаулысының маңызды мәселелерді өзек еткен пікірін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Елбасы білім, ғылым саласына үнемі назар аударып келеді. Соның бір айғағы тәуелсіздік алғалы 24 жылдың ішінде елімізде жаңадан 1200-ден аса жаңа мектептер салынса, 4 мыңға жуық мектеп күрделі жөндеуден өткізілді. Айта кетуіміз керек, Кеңестер Одағынан бөлініп шыққан бірде-бір мемлекетте мұндай мектептер салынбаған екен. Демек, білімге салынған бүгінгі инвестиция – мемлекеттің ертеңіне жасалған үлкен қамқорлық қағидаты – Елбасымыздың басты ұстанымы екенін білеміз.
Енді осы білімге салынып жатқан мол қаржы білім сапасын, әсіресе жоғарғы оқу орындарында беріліп жатқан білім сапасын көтере алды ма? Еліміздегі барлық оқу орындары бәсекеге қабілетті мамандар даярлап жатыр ма?
Өкінішке қарай, қазіргі білім сапасы сын көтермейді. Білім және ғылым саласындағы жүргізіліп келген толассыз реформалар өз нәтижесін берді деп айта алмаймын.
Қазіргі таңда еліміздегі 127 жоғарғы оқу орнында (оның 72-сі жеке) жарты миллион студент оқиды. Бұл мектеп бітірген жастарымыздың 63 пайызы, ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында олардың үлесі 17 пайыз. Бұдан шығатын қорытынды, еліміздегі жоғарғы оқу орындары өздерінің өңірлеріне қажетті мамандар даярлауды мүлдем назарға алмайды. Жасыратын несі бар, коммерциялық ЖОО-ның көпшілігі сапалы білім бере алмай тек қаржы жинау құралына айналып отыр. Білімі төмен, дайындығы жоқтардың өздері «оқуға ақшаңды төле де, оқи бер» принципімен ешбір қиналмастан өздері қалаған ЖОО-да оқитын болды. Нәтижесінде жыл сайын жоғарғы оқу орындарын 100 мыңға тарта түлектер бітіреді, олардың басым көпшілігі өз мамандықтары бойынша жұмыс таба алмайды. Яғни, біз жыл сайын ата-аналарының қаражаты есебінен қазіргі нарыққа қажет емес он мыңдаған сапасыз жоғары білім мамандарды даярлап жұмыссыздар санын қолдан үздіксіз көбейтіп отырмыз.
Қазір тек бакалавр деңгейіндегі мамандықтардың 61 пайызы бірін-бірі қайталайды. Әлемнің барлық елдерінде жоғары білімді мамандардың қажеттілігін болжап, анықтап, есептеп жоғары білім беретін ЖОО-на қатаң талап қояды. Бізде бұл атымен жоқ. Елбасымыздың сапасыз білім беретін ЖОО-ның санын қысқарту туралы берген тапсырмасына министрлік құлықсыздық танытып отыр. Жыл сайын 40-50 мың дипломы бар жұмыссыздар дайындағанша 4-5 мың оқытушы жұмыс жасайтын сапасыз 40-50 оқу орнын жапқанымыз мемлекетіміз үшін анағұрлым тиімді емес пе?
Еліміздегі жоғарғы оқу орындарының 82-сі университет мәртебесіне ие. Солардың басым көпшілігінде небары 2-5 мың аралығында студенттер оқиды. Олардың ғылыми-техникалық лабораториялардың ғылыми-зерттеу салалары, академиялық зерттеулері сын көтермейді. Сондықтан да классикалық формадағы университет мәртебесіне сай келмейтін жоғарғы оқу орындарын университет мәртебесінен айырып, профильдік бағыттағы институт не академия статусына түсіру тетіктері жасалу керек.
Қазір елімізде педагогика мамандарын мемлекеттік грант және ақылы негізде 63 жоғарғы оқу орыны даярласа, мұның 40-ы жеке меншік оқу орындары болып табылады. Педагогикалық мамандар даярлайтын көптеген жеке меншік оқу орындарының материалдық-техникалық базалары мен оқытушы-профессорларының біліктілігі сын көтермейді.
Тәжірибесі де, базасы да ертеден қалыптасқан педагог кадрларын дайындайтын мемлекеттік оқу орындарының өздерінде 2011-2012 оқу жылдарында ақылы негіздегі оқу ақысы 330 мың теңге болса, биылғы, яғни 2012-2013 жылдарының бір жылғы оқу ақысы 443 мың теңгеге жетті. Бұған керісінше педагогтар дайындауды енді ғана қолға ала бастаған жеке меншік оқу орындарында жылдық оқу ақысы 130-170 мың теңге көлемінде ғана болып отыр. Нәтижесінде педагогикалық мамандықтарды таңдағандардың басым көпшілігі терең білімнен гөрі тек диплом ғана беретін жеке меншік жоғары оқу орындарына барып жатыр. Осыған байланысты биылғы оқу жылында барлық мемлекеттік жоғары оқу орындары ақылы негізде педагогикалық мамандықтары бойынша бұрынғы жылдармен салыстырғанда студенттерді 2-2,5 есе аз қабылдаса, керісінше, базасы төмен жеке меншік оқу орындарына барғандардың саны екі-үш есеге артты.
Әлемнің көптеген дамыған елдерінде педагогика мамандары ақылы негізде немесе сырттай, қашықтықтан оқыту арқылы дайындалмайды, тегін оқытылады. Біз де мұғалім мамандарын коммерциялық негізде дайындауды мүлдем тоқтатып, олар сұранысқа байланысты арнаулы педагогикалық жоғары оқу орындарында тегін оқытылуы керек.
Дереккөз: baq.kz