Мемлекеттік білім гранты иегерлері жоғары оқу орындарына қабылдану үшін құжаттарын 25 тамызға дейін тапсыруы тиіс. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ол үшін е.Gov.kz "электрондық үкімет" порталы арқылы өтінім беру қажет. Қызмет түрі 2021 жылдың 17 тамызынан бастап қолжетімді болады.
"Жоғары оқу орындарына ақылы негізде қабылдану үшін ЖОО-лардың виртуалдық қабылдау комиссияларына жүгіну қажет. Тізім ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының сайтында орналастырылған", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 14 тамызда білім грант иегерлерінің тізімі жарияланды.
Президенттің тапсырмасы бойынша гранттың жалпы саны 5000-ға артып отыр. Осылайша биыл бакалавриатқа 56 мың грант бөлінді. Конкурсқа қатысу үшін барлығы 75 мыңнан астам өтінім берілген.
Биыл гранттың басым бөлігі – 17 028 грант инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына бөлініп отыр. Бұдан бөлек, педагогикалық ғылымдарға – 9 573 грант, ақпараттық-коммуникациялық технологияларға – 7 487 грант, жаратылыстану ғылымдарына – 4 088 грант, ауыл шаруашылығы ғылымдарына – 1 895 грант, денсаулық сақтау саласындағы мамандықтарға – 2 700 грант, өнер және гуманитарлық ғылымдарға – 1 615 грант, бизнес, басқару және құқық – 1 223 грант, ал әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат мамандықтарына 960 грант бөлінді.