ҚР Білім және ғылым министрлігі айқындық пен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік ЖОО ректорларын тағайындаудың жаңа ережелерін енгізеді.
Бұрын жоғарғы оқу орындарының ректорлары ҚР Білім және ғылым министрінің жеке шешімімен тағайындалатын. Ректорларды қызметінен босату туралы шешімді де министрдің өзі қабылдайтын.
Ал биылдан бастап мемлекеттік ЖОО ректорлары іріктеу арқылы тағайындалады. Ашық конкурс түріндегі іріктеуді университеттің Қадағалау кеңесі өткізеді. Кеңес құрамына ғалымдар, бизнес, жергілікті атқару органдары мен қоғам өкілдері кіреді.
Ректор лауазымына үміткерлер іріктеудің негізгі критерийлеріне толық сай келіп, университеттің даму бағдарламасын ұсынулары шарт. Үміткер мақұлданған жағдайда, Қадағалау кеңесі өз шешімін Републикалық конкурстық комиссияға жолдайды. Қадағалау кеңесі мақұлдаған кандидаттар саны үш адамнан кем болмауы керек. Алғашқы іріктеуден кейін үміткерлер ҚР Премьер-министрінің әлеуметтік мәселелерді қадағалайтын орынбасары жетекшілік ететін Республикалық комиссия мүшелерімен жүзбе-жүз тілдеседі. Тек осыдан кейін ғана алқаның түпкілікті шешімі қабылданады, деп мәлімдеді ҚР БҒМ баспасөз қызметінен.
Мемлекеттік ЖОО ректорларын іріктеу, ең алдымен, лауазымға тағайындалудың айқындығы мен ашықтығын қамтамасыз етпек. Сонымен қатар, конкурстық іріктеу нәтижесінде ең жақсы деп табылған ЖОО-ның даму бағдарламасын қабылдауға мүмкіндік береді.
Қадағалау кеңестерінің тізімі университет сайтында жарияланады. Мемлекеттік ЖОО ректоры лауазымына үміткерлерді іріктеу таяу кезеңде басталады.
Дереккөз: BNews.kz