- Негізгі бет
- Білім
- «Бабырнама» шығармасындағы этникалық...
«Бабырнама» шығармасындағы этникалық сана үрдістері
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
PhD докторант: Усенова Н.Е.
Ғылыми жетекші: Бисенғали З.Қ.
Түркі халықтарының тарихи санасы қалыптасуында Орталық Азиядан шыққан қайраткерлер көп. Солардың бірі Захир ад-дин Бабыр XVI ғасырда орта ғасырлық еуразиялық көшпенділіктің ыдырап, біртұтас империя біріктіріп тұрған түркі-моңғол халықтарының әрқайсысының, оның ішінде қазақ халқының жеке саяси даму жолына түскен заманында өмір сүргендіктен және оның өзінің заманындағы беделді мемлекеттік және қоғамдық қайраткер ретінде осы саяси-әлеуметтік үдеріске тікелей ат салысқандықтан және ғұлама ойшыл ретінде тарихи, әдеби, философиялық үлгілерімен қатар халықтың ауызекі тарихи біліміне сүйене отырып, әлемдік тарихнама теориясына өзіндік үлесін қосқандықтан, оны түбі бір түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының тарих философиясына негізін қалаушылардың бірі деп түсіну қажет. Сонымен қатар З.Бабырдың тарихи-философиялық көзқарасынан Ұлы дала ойшылдарына тән дәстүрлі дүниетанымды, мәдени-тарихи үндесікті атап өтеуге болады. Өте көне заманнан басталған бұл рухани сабақтастық ойшылдың шығармашылығынан да, түркі халықтарының ұлттық құндылықтар жүйесінен де айқын аңғарылады. Сонымен қатар З.Бабырдың рухани дүниетанымына ислам дінінің тигізген оң ықпалын баса айтып өткен жөн. Мысалы, «Бабырнамадағы» мына жолдар осыны анық көрсетеді: «Дін жолында жанын шүберекке түйіп, шейіт болуға бел байлаған қырандар: «Жасымаңдар, ұландар! Аянбаңдар! Сендердің жолын ақ жол!» деген үнді естіген сайын серпіліп, қайта аттанып, жігерлене түсті. Дәтке қуат деген болар. Алланың рахымы түсіп: «Сендердің ісің – алла тағаланың ақ жолына бағышталған. Жаратқан ием дін жолындағы пендесін қолдайды, дем береді деген үн олардың құлағына шалынып, күдіктері біржола сейілді. Олардың жігерленгені соншалық, жаратқан иемнің үні естілді, оларды періштелері демеп, аспандап, шырылдап ұшып жүрді» [1, 372 б.].
Захир ад-дин Бабыр өз заманындағы мұсылман мәдениетін бойына сіңіріп, қабылдай отырып, дәстүрлі түркілік ойлау жүйесіндегі негізгі ұғымдар мен категорияларды исламның адамгершілік қағидаларымен шебер ұштастыра білген. Ойшылдың діни-философиялық көзқарастарына исламның ханифиттік мазхабының негізгі ұстанымдарымен қатар, түркілік көшпелі діл де әсерін тигізді. Мазхабтардың төрт түрі бары баршаға аян. Орталық Азияда ханифиттік мазхаб «жол», «әрекеттену» таралды, ал бұл Иракта дүниеге келген болатын. Оның негізінің салынуын танымал мұсылман теологы мен құқықтанушысы, Куфа қаласынан шыққан Абу Ханифа салған. Рационалистік принциті ұстанады. Ханифтік мазхаб дәстүрлі құқықты кең ұстануды мүмкін деп біледі. Іскерлік байланыстар жүргізуде, басқа діннің өкілдерімен бірге әркеттенгенде өте ыңғайлы. Ханифтік бағыт, оған тән діни төзімділік таныту және жергілікті әдет-ғұрыптар мен ыңғайына орайласа кеткендіктен оның жер-жерде таралуы, түркілік санамен исламның бір-бірін жатырқамай тұспа-тұс келіп бір-біріне сіңісуі осыдан. Түркілердің бұрынғы санасындағы ойын-той, шарапқұмарлыққа шамадан тыс әуестенуі, пашша бала ұстауы мұсылмандыққа енсе де, әдеттерін қою қиынның қиыны болды. «Бабырнамамен» толық танысу барысында еңбектегі кейбір басшылардың бойынан ара-кідік осындай жайттарға да куә боласың. Ал Бабыр патша мұсылман дінінің тазалығымен күресті.
З.Бабырдың дүниетанымында адам мен адам өмірінің мәні мәселесі, оның экзистенциалдық, әлеуметтік-этикалық қыры, тарихи тұлға мен шығармашылығында түркі дүниетанымындағы құт, бақыт, тәубе, қанағатшылдық, парасатылықпен, сүйіспеншілікпен байланыстырылып, адамның рухани болмысы философиялық-теологиялық тұрғыдан пайымдалады.
Захир ад-дин Бабырдың еңбегіндегі кейбір философиялық мәселелерге назар аударайық. «Ферғана» деп аталатын «Бабырнаманың» бірінші бөлімінде 1493-1503 жылдары автордың өзі басынан өткізген оқиғалар тарихи-мәдени кең мәтінде қарастырылады. Мұрагерлік дәстүрмен Захир ад-дин он екі жасқа қараған шағында Ферғана аймағының билеушісі болып табылған. Кітаптың басынан-ақ Бабыр өзінің Әмір Темірдің шөбересі Омар Шейхтың ұлы болғандықтан, өзінің бұл өңірге билік жүргізуінің заңдылығына еш күмән келтірмейді. Тарихи өмірбаяндық әдістемені қолдана отырып, Захир ад-дин Бабыр өз әкесінің адалдық бейнесін әділ суреттеп береді. Әкесі сияқты тарихи тұлғаларды суреттегенде автор оларды жан-жақты алып, адамдардың шыққан тегі мен сырт келбетіне, мінезі мен әдеттеріне, әйелдері мен балаларына назар аударады, олардың тұлғалық, саяси мәдени орындарын айқындай түседі. «Омар Шейх мырза ханифит жолын тұтатын, діншілдігі берік еді... сауатты болатын, «Хамсаны», мәснауи кітабын, жылнаманы, көбінесе «Шаһнаманы» оқитын... Өзгенің жерін жаулап алуға келгенде ол еш нәрседен шімірікпейтін: бейбітшілікті соғысқа, достықты қастыққа айырбастап шыға келетін» [2, 26-27 бб.]. Захир ад-дин Бабыр әкесінің өмірін өзіне үлгі етіп алады.
Еуропалық тарихшылар орта ғасырдағы франктер, вестготтар, лангобардтар т.б. «ваварлық» мемлекеттерге қатысты «тектік» және «тілдік бірлестік» деген терминдері қолданды. XV-XVI ғасырлардағы Орталық Азиядағы мемлекеттік құрылымдарда «халық» ұғымы әскермен қаруланған, бір көсемге бағынған топпен жақын қарастырылды. Осындай әскери саяси құрылымдағы тұтастандырушы факторларға жататыны: тарихи тағдыр мен дәстүрдің ортақтығы, ұйымдық бірлік, әскери және саяси ортақ тәжірибе. [3, 106-141 бб.].
«Бабырнама» еңбегіндегі Орталық Азияның мәдени ерекшеліктері туралы көптеген деректер келтіріледі және оларға түсіндірмелер беріледі. Айталық, Ташкенттің аты Шаш, кейде Чач деп жазылады делінеді. «Чач садағы» деген сөздің төркіні де содан шыққан болу керек деген болжам жасалынады. «Өзінің нағашы атасы моғолстандық Жүніс ханның ұрпақтарының тағдыры туралы жазбаларында Бабыр Қазақ хандығына қатысты көптеген деректер келтіреді. Айталық, Жүніс ханның үшінші қызы – Хұб Ниғар ханым, ол Мұхаммед Құсайын Гурхан Дулатқа күйеуге шыққан» [3, 133-б]. Захир ад-дин Мұхаммед өзінің шешесі жағынан туысы сұлтан Нигар ханымның қазақтың атақты ханы Қасымға күйеуге өз еркімен шыққаны туралы айта келе, Қасым ханның ерекше мемлекеттік қайраткерлігін еске салады. Бабырдың бір әйелінің шешесі арғын руынан. «Хорасанға келгенімде көріп ұнаттым да, құда түсіп, Кабулға алып келген соң үйлендім», - дейді «Бабырнаманың» авторы. Этникалық сипаттамаларда әр заманның өзіндік ділін қашанда ескерген жөн. Мысалы, Бабыр Самарқан қаласының 140 жыл Әмір Темір әулетінің қолында болғанын айта келе, «бұл өзбектің қайдан шыққан жау екенін білмеймін, жаулық жасай келген жат жұрт аяқ астынан қаланы басып алды», - дейді [2, 106 б.]. Өзінің ата жауы- Шайбани ханды суреттегенде, Бабыр оны «даланың жолбарысы» деп атайды. Бұл жерде Шағатай әулетінің Мәуеренахрдағы қалалық мәдениеттің, ал Жошы тұқымдарының далалық мәдениеттің өкілдері екендігі аңғарылады. Қалалықтар мүмкіндігі болғанда көшпелі өзбектерді қуып шығуға дайын болған: «Кейбір қамалдағы өзбек даруғалары қорық-қанынан өздері қашып кетті, ал кейбір қамалдың тұрғындары өзбектерді қуып шығып, өздері бізге қосылды, кейбір жерлерде бастықтарын қамап, қамалдың қақпасын бекітіп алды. Осы кезде Шәйбани ханның туыстары, бала-шағасы, оның қызметкерлері Түркістаннан келді, ал Шайбани хан болса Қожа Дидар мен Әли-Абаттың маңында еді. Қамалдың қолыма қиындықсыз өтіп, адамдардың өз еркімен маған келіп қосылып жатқанын көрген Шайбани хан отырған қонысын тастап Бұхара жаққа беттеді. Құдайдың қолдауымен үш-төрт айда Сағуда мен Мианқала қамалы бізге қарады» [2, 107 б.]. Әрине, XV-XVI ғасырлардағы көшпелі өзбектер мен қазіргі өзбек халқының арасындағы этникалық айырмашылықтарды ескерген жөн. Кейін Ферғананы билеген Қоқан хандары өздерін Әмір Темір әулетінен шығаруға ниет білдірген [3, 134 б.].
Ежелгі тарихта мәдени дамудың бірлігі болған жоқ, оның орталығы жер шарының қайсыбір орынында орналасқан да жоқ. Біздің назарымыз жететін, барлық жерде адамдардың шашыраңқылығын көреміз, адамдардың және мәдениеттердің жанасуы нәтижесінде пайда болатын, бірігуге деген талпыныстар және оған бейімділікті аңғарамыз. Біз түрлі мәдениеттердің жаулап алулар салдарынан қабаттасуы нәтижесінде іске асатын дамуды, бірегейлендіретін, сол салдары бойынша таң қаларлық халықтардың араласуын көреміз. Оқиғалар, онда орын алатын қарым-қатынастың салдарынан қашанда тарихи, ал оларда бастапқы берілген бірліктен шығу емес, бірлікке деген ұмтылыс сезіледі. Алайда, жер шарының бірлігінен, уақыт пен кеңістікте ортақ тұйықталғандықтан шығатын бірлік, тек сыртқы бірлік, тарихтың бірлігіне әбден тепе-тең емес бірлік болып табылады. Біріншісі тек адам емес, ал нақтылы өмір сүретіннің бәріне тән. Жер шарының тұйық қоныстанған бөлігіндегі адамдардың бірге болуы әлі олардың бірлігін құрастырмайды. Бұл бірлік тек қарым-қатынаста мүмкін. Алайда ол да тап осындай қарым-қатынасқа ешқашан тепе-тең емес, бірақ осы қарым-қатынаста болу арқылы жүзеге асады.
Өмірлік қажеттілік пен жанның жай-күйі, оның көрінісі материалды күйінде қажет, алайда ішкі тарихнамалық материал, тарихи таным жанның мұндай күйін айна-қатесіз бере алмайды, оның қарапайым себебі – мұндай ұмтылыстың рухани белсенділікке мүлде жат, пайдасыз көшірмеден өзгеге қол жеткізуі мүмкін емес. Әлдебір тұлғаның өмірін тікелей деректермен суреттегісі келетін тарихнамашылардың бос әурешілігі осыдан көрінеді әрі бәрі түсінікті. Бірақ тарихнама алдында өмірді таным ретінде ұсыну үшін суреттеушіліктен арылу проблемасы тұр. Әуелі тарихнаманы қолға алып, одан соң сезімтал материяны поэтикалық шығармаға айналдыратын жандар бұл міндетті дүрыс түсіне алмайды. Сезімдік материал қиял мен поэтика шеңберімен де қиылысады (ол онда тұрақтап, өркендеген кезде поэзия дүниеге келеді), дегенмен тарихнама – қиял дүниесі емес, философия. Ойлау әмбебаптық белгісін поэтикалық бейнеде жай қалдырмайды, ол пайымдау барысында ақыл-ой әрекеті арқылы бейнелі нәрсені әмбебаптықпен бір мезетте бөліп және біріктіре отырып, байланыстырады.
«Бабырнамада» сол заманда Орталық Азияның оңтүстік шығыс аймағын мекендеген моғолдардың салт-дәстүрі мен мәдениеті туралы көптеген деректер келтірілген. Захир ад-дин өзінің нағашы жұрты моғолдардан түркілерден де, өзбектерден де бөлек екендігіне назар аударады: «Біздің басымызға Шайбани хан сияқты жау пайда болды; оның қастығы моғолдарға да түріктерге де бірдей; оның қарекетін қазір ойламаса кеш болады, ол туралы әзірге біздің иеліктерімізді түгелдей жаулап алмай тұрғанда, күші де басым емес кезде ойлануымыз керек. Мынадай бәйіт бар емес пе:
Отты сөндір, сөндіре алар кезінде,
Өртке айналса өртенерсің өзің де.
Колдан келсе жауға болма нысана,
Жауыңды жой, карауылға тез іл де...
Кіші ханның адамдарының бәрі моғолдарша киінген: моғол қалпақ, алтын зерлі жіптермен кестеленген, қытай жібегінен тігілген шапан. Моғол қалқан, сауыт, ерлері жасыл шегіренмен каталған, мінгені моғол жылкысының сәйгүліктері. Мұның бәрі олардың салтанатын байқатады» [2, 123-124 бб.].
Захир ад-дин Мұхаммед Бабыр еңбегінің бір құндылығы оның қазақ халқының этногенезі туралы көптеген деректер беруінде тұр. «Қазақ» этнонимінің пайда болуы туралы тарихи әдебиетте көптеген түсіндірмелер мен пікірлер бар екендігі мәлім. Егер «Бабырнама» мәтініндегі түркілік әскери топтардың мемлекет құру тәжірибесіне көңіл аударсақ, онда қазіргі зерттеуші М.Мұхаммедтің белгілі алаш қайраткерлері Ж.Ақбаев пен М.Тынышбаевтің еңбектеріне сүйене отырып, келтірген сараптауы көңілге қонымды болып табылады. Ж.Ақбаевтың пікірінше, тарихи әдебиетте «қазақ» ұғымы «солдат, әскер, шерік, әскерилер (әскери сословие) мағынасында қолданылады. Бұған дәлел түрлі тарихи құжаттардан үзінділер келтірілді. Атап айтқанда, Қазан ханы Абдуллатиф ұлы князь Василийге «өз казактарын соғысуға» жібермеуге уәде беретінін жазған; өзбек ханы Ибақ 1000 «казагымен және Ноғай мырзалары 15000 казагымен Алтын Орда ханы Ахметке шабуыл жасап, оны өлтірген» [4, 319-320-б].
«Әскер және атты әскер» ретінде «қазақ» сөзі Кавказда да, Алтын Ордада да, Өзбекстанда да, Көшімнің Сібір хандығында да, Қырымда да, Түркияда да қолданылған. Басқаша айтқанда, тарихшы М.Тынышбаевтың пайымдағанындай, халықтың өзі емес, бұрынғы Алтын Орда халықтарының бүкіл әскер бөлімдері Қырым мен Кавказда, Сібір мен Моғолстанда (Моғолстан – Жетісу) қазақтар деп аталған».
Хан билігінің беріктігі хан саясатының анағұрлым ірі рулардың мүдделеріне сай келу-келмеуіне байланысты екендігі көптеген мысалдардан көрінеді. Егер мүдделері сай келмей немесе құқы төмендетілген жағдайда вассалды рубасылары өзінің жұртымен үдере көшіп кететін немесе ашық қарсыласатын. Ол уақыттарда «ауып көшу бағынбаушылықты білдіретін және көп қолданылатын қарсылықтың формасы болып табылатын еді. «Қазақ» сөзінің семантикалық мағынасы жөнінде ғылымда алуан түрлі пікірлердің орын алғанына қарамастан «қазақша өмір кешу» бағынбауды, еркін өмір сүруді білдіреді деген болжам қабылданған. Ортағасырларда «қазақшылык» институтының кең таралғаны жазба деректерден мәлім. Мысалы, Тоқтамыстың қазақтары, Ибақ ханның ноғай қазақтары, шейбанидтік қазақтар және т.б.. Яғни, Жәнібек пен Керейдің көшi арқылы ғана этникалық мәнге ие болған «қазақ» термині бұған дейін саяси-әлеуметтік мағынада қолданылған. Сонымен хандықтың құрылуы мен халықтың қалыптасуы тарихындағы көп нәрсені этнонимнің өзі айқындап тұр.
Қорыта келе айтар болсақ, өзінің саналы ғұмырында қыруар іс тындырып, мемлекет басшысы ретінде, қаламгер ретінде, жалпы адам ретінде келер ұрпаққа үлгілі із қалдырған Бабырдың ерен тұлғасы ғасырлар өтсе де, жаңғыра түсетіндігіне көзіміз жетеді. Әлемнің әр түкпіріндегі қаламгерлердің оның өмірі жайында қалам тербеуі осыны аңғартады. Сонымен қатар Захир ад-дин Бабыр мұрасының прагматикалық маңызы да өте зор. Тәуелсіз мемлекетіміздің жас азаматтарының бойында отансүйгіштік қасиеттерді егу мен ойында тарихи сананы қалыптастыру барысында З.Бабырдың қалдырған әлеуметтік-адамгершілік үлгідегі өсиеттері мен рухани мұрасын терең ұрпақты ізгілікке, жүрек пен жанның тазалығына, білімділікке, имандылыққа, адамгершілікке парасаттылыққа, әсемдік пен әдептілікке тәрбиелеп, тұлғалық қасиеттер қалыптасыруға өзіндік үлесін қосады, қоғамды заңдылыққа үндейді.
Пайдаланған әдебиеттер
1 Бабыр Захир ад-дин Мұхаммед. Бабырнама // Қазақ халқының философиялық мұрасы. – Астана: Аударма, 2007. – 6т. – 77-105-б.
2 Бабыр Захир ад-дин Мұхаммед. Бабырнама. – Алматы: Ататек, 1993. – 448-б.
3 Ғабитов Т. «Бабырнама» және тарих философиясындағы түркілік үрдістер // Қазақ халқының философиялық мұрасы. – Астана: Аударма, 2006. – 6т. – 106-141-б.
4 Құл-Мұхаммед М. Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы. – Алматы: Атамұра, 1998. – 360-б.