- Негізгі бет
- Білім
- Атыраулық азамат білімділігінің...
Атыраулық азамат білімділігінің арқасында 2 миллион теңге ұтып алды
Атырау қаласының тұрғыны Құралбек Қармысов ресейлік “Бірінші арнада” жүргізілетін «Не? Қайда? Қашан?» ойынының жазғы сериясындағы финалға сұрақ жолдапты. Тікелей көрсетілім барысында білімпаздар Құралбек қойған сұраққа жауап бере алмаған. Нәтижесінде, атыраулық азамат жазғы серияның үздік сұрағы үшін «Хрусталь үкіге» ие болып, 530 мың рубль (1 823 200 тг) ұтып алды, деп хабарлайды Nur.kz.
АМӨЗ-дің техникалық бөлімінің 26 жастағы инженерінің айтуынша, ол «Не? Қайда? Қашан?» зияткерлік ойынына мектеп жасынан бері сұрақ жібереді екен.
“Бойымда бір қызығушылық болды. Алайда менің сұрақтарым ойынға қосылмады. Сол кездің өзінде телекөрермендердің сұрақтары қатаң іріктеуден өтетінін түсіндім”, – дейді ол.
Жазғы серияның финалдық ойынында кеңес кезеңінен бері таныс ойын ардагері Виктор Сидневтың командасы өнер көрсетті.
Құрамы да әккі ойыншылар: Александр Друзь, Борис Левин, Максим Паташов, Михаил Дюба, Леонид Тимофеев. Бұл топтың иелігінде 11 хрусталь және екі бриллиант үкі бар.
Атыраулықтың сұрағы 7-раундта шықты: білімпаздарға «кейбір жапон қалаларының муниципиалитеттері орыстың «Ручеек» ойынына ұқсас «Торянсэ» балалар әнін не үшін қолданады?» деген сұраққа жауап беру ұсынылды.
Бір минуттық ақылдасудан кейін білімпаздар әнді билік ойын қағидаты сияқты қазылар алқасына үміткерлер таңдағанда қолданады деп жауап берді. Жауап дұрыс болмады.
Өткен жылы Жапонияға біліктілік арттыру курсына барған Құралбек жетекші технологияларға ғана емес, олардағы ерекше ұлттық нақыштарға таңғалып келген екен.
“Оқудан бос мезгілде қыдырдым, музейлер мен әртүрлі көрмелерге бардым. Мені жапон бағдаршамдары қатты қызықтырды, олардың жасыл түсі жанғанда міндетті түрде белгілі бір дыбыс шығарады екен. Бір жерде жәй ғана үзік дыбыстар шықса, бір жерде құстың шиқылдаған даусы шығады. Бұл зағип адамдарға арналған екен. Ал қалалардың бірінде бұл түс жанғанда ерекше бір жанға жағымды әуен ойналды. Жергілікті тұрғындар маған бұл «Торянсэ» балалар ойынында айтылатын ән екенін түсіндірді. Оны әр жапондық біледі. Бұл өте ыңғайлы – ән аяқталып келеді, жасыл түс сөнгенше асығу керек. Осылайша менің «Не? Қайда? Қашан?» ойынына жіберген сұрағым пайда болды”, – дейді Құралбек.
Құралбек бұл сұрақты клубқа бір жыл бұрын жіберіп, ұмытып та кеткен екен. Өзі жеңген ойынды қарамаған. Ұтысын келесі күні әлеуметтік желілер мен смс-хабарламалар арқылы достары жіберген құттықтаулардан біліпті.
“Мұндайды күтпеген едім! Әрине, қуаныштымын. Шынын айту керек, білімпаздардың жеңілгеніне де көңілім құлазыды”, – деп мойындады жігіт.
Құралбек телебағдарлама редакторларынан «Не? Қайда? Қашан?» ойынының күзгі сериясының ашылуы салтанатына қатысу үшін Мәскеуге шақырту қағазын алыпты. Сол жерде оған «Хрусталь үкісін» табыс ету жоспарлануда.
Е. Жұмабайұлы