Аспергер, Паркинсон, Даун. Танымал ауру атаулары қалай қойылған?

Аспергер, Паркинсон, Даун. Танымал ауру атаулары қалай қойылған?

Медицина лексикасында аурулардың атауы ғалымдардың атымен аталған. Мысалы Даун синдромын ағылшын тіліндегі "down" сөзімен шатастырады. Назарыңызға ғалымдардың тегімен аталған аурулар топтамасын ұсынамыз.

► Аспергер синдромы

Аспергер синдромы психикалық дамудың бұзылуынан туады. Оған шалдыққан адам қоғаммен қарым-қатынас жасауға қиналады, сондықтан бұл ауруды аутизммен шатастырады.

Йоханн Фридрих Карл Аспергер (1906–1980)

Синдром аустриялық педиатр Ганс Аспергердің құрметіне аталған. Ол 1944 жылы бейвербал (сөз қолданбайтын ым-ишара тілі) қарым-қатынастан қашқақтайтын, өзге біреумен сөйлескенде қиналатын адамдарды сипаттады.

Ганс Аспергер Вена медицина университетінде оқыған. Кейін Лейпцигтегі жындыханада жұмыс істеген. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Хорватияда дәрігер болып қызмет еткен. Соғыстан кейін Венадағы педиатрия клиникасын басқарып, өмірінің соңына дейін осы салада еңбек еткен.

"Аспергер синдромы" атауын ағылшын зерттеушісі Лорна Уинг ұсынды. Дәрігердің еңбектері 1990 жылы ғана ағылшын тіліне аударылған.

Аспергер синдромы атақты актер Робин Уильямс пен талантты режиссер Стэнли Кубриктен анықталған.

► Даун синдромы

Даун синдромы – тұқымқуалаушылықтан тәуелсіз, физикалық және ақыл-ой дамуының бәсеңдеуімен сипатталатын генетикалық ауру.

Даун синдромын алғаш рет ағылшын дәрігері Джон Лэнгдон Даун 1862 жылы сипаттады. Төрт жылдан кейін синдром туралы ғылыми еңбек жазып, оған шалдыққандардың белгілерін көрсетіп, бірінші болып бұл аурудың тұқымқуалайтынын анықтады. Сондай-ақ ол синдромға шалдыққандар үшін артикуляциялық жаттығулардың маңызын түсіндірді.

Джон Лэнгдон Даун (1828–1896)

Жас кезінде Джон әкесімен бірге дәріханада жұмыс істеген. Лондондағы Колольдік аурухананың студенті болған. Даунның екі баласы да әке жолымен дәрігер атанды. Джон Даунның немересі, оның да аты Джон, атасы анықтаған синдроммен туып, 65 жыл өмір сүрген.

► Паркинсон ауруы

2015 жылғы дерек бойынша, Паркинсон ауруына әлемдегі алты миллионға жуық адам шалдыққан екен. Көбіне оған 60 жастан асқан адамдар шалдығатын көрінеді.

Паркинсон – ересек адамдарда болатын созылмалы ауру. Ол орталық жүйке жүйесіндегі немесе орта мидағы қара субстанция нейрондарының бүлініп немесе өліп қалуынан пайда болады. Паркинсон ауруына шалдыққандардың денесін діріл басады, гипокинезиябұлшықет ригиді пайда болады.

Аурудың аталуы әйгілі француз неврологы Жан Шарконың ықпалымен пайда болды. Ол осы ауруды алғаш зерттеп эссе жазған ағылшын ғалымы Джеймс Паркинсон атымен қойылсын деп ниет білдірді.

Паркинсон ауруына америкалық актер Майкл Джей Фокс, Сальвадор Дали, Мао Цзэдун, Мұхамед Әли шалдыққан.

► Альцгеймер ауруы

Альцгеймер ауруы – деменцияның ең кең таралған түрі. Оны 1906 жылы неміс психиатры Алоис Альцгеймер сипаттаған. Альцгеймер әдетте 65 жастан асқан адамдарда кездеседі.

Жасы ұлғая келе кейбір адамдар ұмытшақ бола бастайды. Қартая келе тіпті бала сияқты болып кететіндер де кездеседі. Қариялардағы бұл құбылысты біз "алжыды" деп жатамыз. Ал медицинада ол Альцгеймер ауруы деп аталады.

Алоис Альцгеймер (1864–1915)

Адамдардың неге алжитыны туралы ең алғашқы анықтаманы 1906 жылы дәрігер Альцгеймер жариялаған екен. Дәрігердің құрметіне оның ғылыми жаңалығы өз атымен аталды. Ал алжудың басты себебі деп мидың шаршауы мен есте сақтау қабілетінің төмендеуі көрсетіледі. Туғаннан бастап әр күн, сағат, тіпті секунд сайын адам миына түрлі ақпарат жинала бастайды.

Бұл ақпараттар басымызда сақталып қала береді. Осылайша бастағы "сандықша" біртіндеп тола бастайды да, елу жыл шамасында адам есінде артық ақпарат сақтау қиынға түседі. Осы кезде адамда ұмытшақтық пайда болады екен. Өйткені "сандықшаға" сыймай қалған ақпараттар адам жадынан өше бастайды. Шаршаған ми да бұрынғыдай жұмыс істемейтіндіктен қариялар ұмытып қалған ақпаратын қайта есіне түсіре алмай әлек болып жатады. Ағза да бұл кезде қартая бастайды. Алжудың қартаюмен тығыз байланысты болатыны сондықтан.

► Туретт синдромы

Бұл аурудың алғашқы белгілері 4-8 жас аралығында пайда бола бастайды. Адам өзін басқарудан қалады, еріксіз қимылдай береді. Көзін жиі жыпылықтатып, басын қайта-қайта сілкей беретін әдет пайда болады.

Туретт синдромына шалдыққандардың зияткерлік қабілеті қалыпты. Яғни, олардың ақыл-ойында ақау болмайды. Олар оқи алады, жаза алады, түрлі салада еңбек ете алады. Дегенмен, оларға зейінін бір нәрсеге аудару өте қиын болғандықтан оқуды мектепте емес, үйден білім алып жатады.

Синдромның негізгі себебі – дофамин гормоны арқылы басқарылатын жүйке жүйесіндегі ақау. Сонымен қатар,  синдром тұқымқуалаушылық қасиетке ие. Егер ата-ана қанында бұл синдром кездессе, балада кездесу ықтималдығы жоғары.

Жорж Жиль де ла Туретт (1859–1904)

Ауруды алғаш Жиль де ла Туретт анықтады. Дәрігердің өзі депрессия мен гипоманияға шалдығып, жындыханада қайтыс болған.

Massaget.kz