Әлемдегі ең көне университеттер тарихын білесіз бе?

Университеттің адам дамуындағы рөлі өте зор. Бүгінгі таңда университеттер білікті мамандарды даярлауда ғана емес, сонымен бірге белгілі бір салаларды дамытуда да маңызды саналады. Әлемдегі алғашқы университтер қандай еді? Ал Қазақстандағы алғашқы оқу орындарының тарихы қандай?

Ең алғашқы университеттердің іргесі Кәрі құрлықта ХІ ғасырда қалана бастаған. Бірақ алғашқы университеттің отаны Еуропа емес. 970 жылы Каирде (Мысыр) ашылған Әл-Азхар – тарихтағы ең алғашқы университет.

Еуропалық университеттер монастрлық мектептерден бөлініп, дамуы ұзақ уақытқа созылды, сондықтан олардың алғашқы негізі қаланған кезеңін дәл анықтау мүмкін емес.

Болонья университеті ©edworld.ru

Көпшілік Италиядағы Болонья университетін алғашқы Еуропалық университет ретінде біледі. Бұл оқу орны Х ғасырдың аяғында ашылған, бірақ заң мектебі ретінде 890 жылдан бастап білім бере бастаған.

Университет –  профессорлар үшін тамаша орын

XI ғасырда Париж университеті өркендеп, дамыды. Еуропадағы ең көне университеттердің бірі болған ол 1150 жылы ашылған. Аталмыш оқу орны профессорлар мен студенттерді құқық, теология, медицина және философия саласындағы білімнің дамуымен өзіне тартқан.

Кейінірек Еуропада ХІІ-ХІІІ ғасырларда түрлі университеттер ашыла бастады.

© faithandheritage.com

Алғашқы университеттер профессорлар пікір алмасатын институттар болған. Мұндай жерлерде олар идеологияның, медицинаның және құқықтың оқыту әдістерін жасады. Сабақтар латын тілінде жүргізілді.

Ұлыбританиядағы Оксфорд және Кембридж университеттері де орта ғасырда пайда болды. Англияның әйгілі екі университетін Oxbridge деп те атайды.

Колледждердің оқу кешені ретінде дамуы

Колледждер кейінірек құрылды. Бірінші танылған колледж – бұл Оксфордтағы Мертон колледжі, ол 1249 жылы студенттер резиденциясы ретінде құрылған.

Мертон студенттер үшін өте қатал орта болған. Мұнда студенттерге ойын ойнауға, ән айтуға, тіпті аң, балық аулауға тыйым салынды.

Гарвард университеті ХІХ ғ. charliekennedy.wordpress.com

АҚШ-тағы алғашқы университет

Гарвард университеті – 1636 жылы Массачусетс штатының Кэмбридж қаласындағы салынған жекеменшік, Айви Лигасына кіретін зерттеуші жоғары оқу орны. Гарвард – АҚШ-тағы жоғары оқу орындарының ішіндегі ең көнесі және АҚШ-тағы тұңғыш корпорация (ресми президенті және басқа жұмысшылары тағайындалған). Әлемде Гарвардты ең беделді университет ретінде таниды, себебі оның ықпалы мен жетістіктері көп.

Алғашқыда колледж ретінде жұмысын бастады. Сабақтар 1638 жылдан бастап колледж бақшасында және кішігірім бөлмелерде өткізілді. Гарвард университеті – өзінің жарты байлығы мен кітаптарын мұра етіп қалдырған Джон Гарвардтың құрметіне орай солай аталады.

Емтиханға негізделген алғашқы гранттар

1836 жылы Лондон университеті емтихандар мен түрлі гранттар бағдарламасын жариялады. Бұл бағдарламаларға қатысу үшін Британ империясының әртүрлі бөліктерінде орналасқан кез келген оқу орнының студенті өтініш бере алатын.

Осылай 1900 жылдарға дейін Лондон университеті тек гранттар мен емтихандарды ұйымдастырған университет ретінде жұмыс істеді. Алайда, 1900 жылы парламент Лондон университетіне дәріс залдарын, мұражайларды, зертханаларды және оқу мен ғылыми зерттеулер үшін практикалық кабинеттерді ашуға рұқсат берді.

©dw.com

Білім берудегі көзқарастардың бөлінуі

Орта ғасырларда университет студенттері негізінен медицина, заң және идеологияны оқыды. Еуропада жастар университетке түспес бұрын "квадривиум" (орта ғасырлардағы нақты ғылым жүйесінің жалпы атауы) тобындағы грамматика, риторика, логика, арифметика, геометрия, музыка және астрономия пәндерін оқып үйренуі керек еді.

"Гуманизм", "реформа" және "революция" терминдері ортағасырлық университеттерде жүргізілген зерттеулер нәтижесінде пайда болды.

ХVІІІ ғасырдан бастап университеттер өздерінің жеке ғылыми басылымдарын шығара бастады. ХІХ ғасырдан бастап университеттер үшін неміс және француз модельдері жасалды.

Немістің Гумбольдт моделін Вильгельм фон Гумбольдт әзірледі, ол университетте дәрістерге, семинарларға және зертханалық сабақтарға қатысуға еркін болуы керек деген пікірді ұстанды.

Ал, француз моделінде университетті қатаң бақылауда ұстап, бірінші кезекте тәртіп болуы керек деген пікірді қолдады.

ХІХ ғасырға дейін еуропалық университеттерде діни білім басымдыққа ие болды, содан кейін ол нақты ғылымдарға ауысты. Осы жағдайдан соң неміс университеттерінің моделі кең таралды.

Әл-Азхар ©islam.ru

Ислам елдеріндегі жоғары білім

Орта ғасырлардан бастап шығыс елдеріндегі білім де ерекше дамыды. Бұл кезеңде медреселер ислам елдеріндегі жоғары оқу орындары ретінде жұмыс істеді. Медреселер алғаш рет VІІ - VІІІ ғасырларда дінтанушылардың ислам мәселелеріне түсінік беру орталықтары ретінде пайда болды. Кейін бұл орталықтар кеңейіп, медреселер ретінде белгілі бола бастады.

VІІІ-Х ғасырларда ислам діні кең таралған елдерде, оның ішінде Орта Азияда медреселер үшін арнайы ғимараттар салына бастады. Медреселерді патшалар, хандар, әмірлер мен сұлтандар, ірі жер иелері мен ауқатты адамдар салдырды. Діни мектепті бітірген балалар медресеге қабылданды. Оларды оқыту үш сатыда жүргізілді. Бұл үш саты: "бастауыш" (адно), "аралық" (авсат) және "жоғары" (үздік) деп аталды.

Қазақстандағы алғашқы университеттер мен институттар

1919-20 жылдары Орынборда, Қызылордада, Семейде ағарту институттары ашылды, мысалы 1920 жылы негізі қаланған Түркістан мемлекеттік университеті Орта Азия мен Қазақстан үшін кадрларды даярлаудың негізгі орталығына айналды. Оның жанынан қазақ жастарын оқыту үшін арнайы бөлімдер жұмыс істеді. 1920 жылы Ордада Бөкей ағарту институты, 1921 жылы Орынборда (кейін Қызылордаға ауыстырылды) және Верныйда – қазақ халық ағарту институттары ашылды.

Қазақстанның бірінші жоғары оқу орны – Қазақ педагогикалық институтының негізі 1928 жылы Алматыда қаланды. 1935 жылы оған Абайдың есімі берілді. ҚазПИ бұрынғы Верный әйелдер гимназиясының бір қабатты ғимаратында орналасты. Оқуға түсушілерге арнайы 5 айлық курстар жұмыс істей бастады, сонымен қатар педагогика техникум, педогогикалық училище және жұмысшыларға арналған факультет құрылды.