Қазақ киносының классикалық туындысына айналған "Менің атым – Қожа" фильміндегі Кененбай Қожабековтің кейіпкері – Рахманов мұғалімнің айтқаны есіңізде бар ма? Ұлы Сұлтанды тәрбиелей алмағанына, бағын аша алмағанына өкінетінін айтып үздіген тұсы бар... Сол үзіндіден біз "оқи алмайтын оқушы жоқ, оқыта алмайтын мұғалім бар" деген ой түйеміз.
Иә, баланың бағын аша білсек, оған сабақ үйретудің әдісін таба алсақ, мұғалім үшін – сол жетістік. Ал бүгінгі кейіпкеріміз "100 жаңа есім" жобасының жеңімпазы, елдің ең жас мұғалімі атанған, химия пәнінің оқытушысы – Ұлан Үсенов. Алматы қаласының 28 жастағы жас мұғалімі. Tik-Tok пен Instagram желілеріне химия пәнінен аниме стильмен шағын видеосабақ түсіріп жүктеп, елге танымал болған жан. Қазір – шоу-бизнес өкілі, блогер не вайнерден бөлек мұғалімдердің де жұлдыз атануына тенденция пайда болған кезең.
Ендеше Tik-Tok-та 500 мың, Instagram-да 19 мың жазылушысы бар мұғалімнің қазіргі тыныс-тіршілігі, айтар ойы қандай екен, соны біліп көрмек мақсатта сұхбат алған едік.
- Әңгімемізді алдымен "100 жаңа есімнен" бастасақ. Бұл жобаға қалай тап болдыңыз? Неден басталды? Жоба сізге не берді?
- "100 жаңа есім" жайлы бұған дейін де естігенмін. Бірақ оған қатысу үшін өтінім жіберу керегін білмеппін. Өтінішті әйелім жіберген екен. Оны өзім де білмегем. Айтқанда, таң қалдым. Өйткені сайттағы менің жазбама 7 мыңнан астам адам дауыс берген екен. Кейін ұйымдастырушылар хабарласып, іріктеуден өткенімді айтты. Сұхбат ұйымдастырды. Аяқ астынан жеңімпаз атандым. Әйтпесе соның бәрі – қарапайым видеосабақтан басталған нәрсе. Оқушылар химияны түсінсін деп жай тілмен видеосабақ түсіріп, Tik-Tok пен Instagram-ға салып жүрдім. Өз ісімді жақсы көремін. Видеоны қолым бос кезде, жұмыстан тыс уақытта түсіретінмін. Әрі сол видеосабақтан көп нәрсе күтпейтін едім! Ол мені жетістікке жетелер, осындай танымалдыққа жол ашар деп үш ұйықтасам да түсіме кірген жоқ.
"Жоба маған не берді?" дегенге келсем, ең алдымен ойымды ашық алаңда, осындай масштабы кең тұғырда айта алғаныма қуанамын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында тұрып, әріптестеріме, ата-аналарға бала тәрбиесі мен оқушыға сабақ беру туралы ойымды айттым. Әрине, менің бұл салада тәжірибем аз. Бірақ сол арқылы, аз болса да, біраз жанға ой салдым деген ниеттемін.
Жобада жеңімпаз болып, теледидардан сөйлегеніме ата-анам, туғандарым дән риза.
– Мемлекет басшысының алдында сөйлеген сөзіңіз әсерлі шықты. Балаға қолдау мен жебеудің ауадай қажет екенін, оларға оқытудың жаңа әдістері керегін айттың. Ол қандай әдістер? Соған тоқталып өтіңізші...
– Мәселе оқытудың әдіс-тәсілінде емес. Мұндай әдіс-тәсілдер қазір неге керек деген сауалда. Менің айтпағым – кімге болса да, баланың жан-дүниесін түсінуге тырысу қажет. Әр баланың ішкі сезім күйі, уайымы мен өкініші, қуанышы мен қорқынышы бар. Соны таба білу, баламен сырласа білу – ата-ананың да, ұстаздың да міндеті, менің ойымша. Баланың сол күйімен санаса білген жөн. Жеке тұлға ретінде қабылдап, ойын ескерген абзал. Баланы сынағаннан бұрын қолдаған дұрыс деп білемін. Әр нәрсені, өз білгенімізді тықпалап қажет емес. Осыны жеткізгім келді сөзімде.
Ал оқушыларға қандай әдіс-тәсілдер керек дегенге келсек, ең алдымен балаға қызық, оның дүниетанымы мен әлемді тануға деген ниетін оятар заманауи әдіс-тәсілдерді қолдану қажет. Әсіресе, қазір интерактивті әдіске қызығушылық басым. Мәселен, менің оқушыларымның көбі аниме көргенді ұнатады. Сондықтан осынау интерактивті қызық әдіске жүгінуге тура келді. Оқушыға білім беруді қалаған мұғалім ақпаратты ұқтырудың амалын табады деп ойлаймын. Оған аз ойланса жеткілікті.
- Білім министрлігі тарапынан қолдау болды ма?
- Болды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің әлеуметтік желіде мен жайлы жазып, үлгі ретінде ұсынғаны бар. Бұл – "100 жаңа есім" жобасына дейін болған жайт. Өзі хабарласып, жағдайымды біліп, жеке танысты. Өтінішім болса айтуымды сұрады. Қолдауға әрдайым дайын екенін жеткізді. Әрине, білім министрлігіне артар үмітім мол. Бірақ өзімді елімнің қарапайым азаматымын деп есептеймін. Бастаған ісімді өз күшіммен дамытсам, аяқтасам деген ойым бар. Оның үстіне, бастаған ісім – жүйелі іс емес. Бағдарламалық сипаты жоқ. Сондықтан ол үшін министрден қолдау сұрауға моральдық қақым жлқ деп білемін.
- "Бейнесабақ оқытудың бір элементі болуы тиіс" деп өзің де айтқан едіңіз. Ал Tik-tok-қа жариялаған видеосабақтарды өзің сабақ барысында қолданасыз ба?
- Иә, видео-сабақ оқытудың бір белгісі болғаны жөн. Оның үстіне, қазіргі карантин уақытында өте өзекті болып тұр. Ұжымдық иммунитет қалыптасып, аспанымыз ашық болғанша әлі қанша керегі тағы белгісіз. Мұндайда оқытудың жаңа форматтарын іздеуге тура келеді. Екінші жағынан, видеосабақ – баланы сол пәнге деген қызығушылығын оятар тетік, стартер ретінде пайдалануға болады.
Бейнесабақты жасау, түсіру қиын, әрине. Бірақ бір түсіріп алсаңыз болғаны – оны қайта-қайта қолдана беруге болады. Яғни, басында ғана қиын. Кейін сол тақырып, сол сала өзектілігін жоймайынша, түсірген бейнематериал да өміршеңдігін жоғалтпайды. Сондықтан мұғалімдерге ақпараттық коммуникация технологияларын сабақ процесіне барынша кіріктіруге атсалысайық дегім келеді. Мұғалім пәнге шығармашылықпен қараса құба-құп.
Бір нәрсені ескерте кеткім келеді. Менің әлеуметтік желіге жүктеп жүрген бейнесабақтарымды толыққанды сабақ деп қарауға болмайды. Бұл – тақырыпқа, сабаққа қосымша қолдануға арналған құрал ғана. Өзім де сол мақсатта қолданамын. Алдағы уақытта форматты кеңейтіп, толыққанды жүйелі видеосабақ түсіргім келеді.
- Әріптестеріңіз сіздің бейнесабақтарыңызды химия пәнін оқытуда қолдана ма? Сондай сәттер болды ма?
- Иә, қолданады. Оның әлеуметтік желідегі оқырмандарымнан – оқушылардан біліп отырамын. "Біздің мұғалім сіздің бейнесабақтарыңызды көрсетті" деп хабарлама жіберетіндер көп. Кейде көшеде кетіп бара жатсам, танып жылы лебізін білдіріп қалады. Олар да химия пәнінде менің видеосабақтарымды көргенін айтып жатады.
- Жазғы демалыста Tik-Tok түсіру ойда бар ма? Келесі оқу жылына қалай дайындаласыз?
- Ең алдымен, еңбек демалысымда жақсылап демалғым келеді. Биыл білім саласы үшін ауыр жыл болды. Маған да оңай болған жоқ. Заманауи стилмен видеосабақ түсіруді бұрыннан ойлап жүргем. Пандемия соған түрткі болды бір жағынан. Жарты жылда-ақ видеосабақтар танымал болып шыға келді. Мұны кім ойлаған? Сондықтан алған бағытымнан қайту ойда жоқ. Жаңа оқу жылына жаңа идеямен келемін.
- Алдағы жоспарыңыз жайлы айта отырыңыз...
- Жоғарыда айтқанымдай, химия пәнінен толыққанды, ортақ бір жүйеге келтірілген видеосабақтар сериясын түсіргім келеді. Бұған дейін белгілі бір тақырыпқа ғана үзінді бейнесабақтар дайындап жүрген болсам, енді арнайы қоры бар, жүйеленген видеосабақ форматын жасауды ойлап жүрмін. Аниме стилден басқа құралдарды қолданып көру керек. Өйткені аниме көрмейтін де оқушылар бар. Тақырыпты теориямен түсіндіріп қана шектелмей, анимация мен көрнекі құралдарды пайдалана отырып, ортақ база жасап шыққым келеді. Оның бәрін бір базаға біріктіріп, жалпыға бірдей қолжетімді етпекпін. Видеосабақты дайындаудың қазір түрлі нұсқаларын қарастырып жатырмын. Идея жетерлік. Анимация жасайтын арнайы мамандарды да тартпақпын. Оның бәрі алдағы күннің еншісінде. Жобамыз сәтті шықса, бүкіл елге таралар. Ал сәтті шықпаса, ол да уақыт еншісінде...
- Соңғы сұрақ. Жас ұрпақпен жұмыс істейсіз. Соларға жақынсыз. Z және Альфа-ұрпақ жайлы таныған дүниелеріңізді айтыңызшы? Олар неге қызығады? Ішкі жан-дүниесі қандай дегендей...
- Жаңа ұрпақтың жалпы портретін жасауға тырыспай-ақ қояйын. Оны түсіну үшін маған әлі де тәжірибе керек шығар. Түйген бір-екі ойымды айтайын. Меніңше, Z-ұрпақтың балалары – табиғатынан мейірімді, қайырымды жандар. Біреудің басына күн туса, бейжай қалмайды. Қиындығын бірге көтеруге дайын. Егер бұл балалардың мұндай қасиетін байқамаған болсаңыз, онда сіз әлі танымадыңыз, оның ішкі әлеміне үңіліп көрмедіңіз деген сөз. Ол үшін сол баламен жалғыз қалу керек. Сондай сәтке тап болу қажет.
Тағы бір түйгенім – бұл ұрпақтың тұлғалық қасиеті басым. Емін-еркін. Біреудің ойына тәуелді емес. Жеке-дара. Жақын адамдардың ғана айтқанын істеп, көңіліне қарайды.
Менің ойымша, бізге бұл ұрпақты тәрбиелеуге келгенде сақ болу керек. Егер жақсы жағынан тәрбиелей алсақ, онда алдағы бүкіл ұрпақты, келешекті жақсы жаққа өзгертуге болады. Егер жаман тәрбиеге жол берсек, онда тағы бірнеше ұрпақтың ізгілігінен айырылып қаламыз.
- Сұхбатыңызға рақмет!