Дағды да өзгеріс пен талапты керек етеді. Тіпті, әлемдік зерттеушілер жыл сайын мың құбылып отыратын нарықта адам өзінің сұранысын жоғалтып алмау үшін керекті қабілеттердің рейтингін жариялаған. Жұмыс беруші де, жұмыс істеуші де бұл қабілеттерге ие болуы шарт. 2020 жылы өз қатарластарыңыздан әлдеқайда биік тұру үшін мынандай қабілеттер керек дейді зерттеушілер. 10. Танып-білуге қабілетті болу: Ізденіс білім көзі. Когнитивтілік, яғни, танымдылық ми жұмысын жеделдететіні анық. Ол үшін не істеу керек? Әрине, оқу керек. Әрқашан ізденіс үстінде жүрсеңіз ғана танымыңыз жетіледі. Еркін ойлай аласыз. 9. Келіссөздер жүргізу: Қарым-қатынас жасау дағдысы ешқашан өзектілігін жоғалтқан емес. Келіссөздер жүргізу қабілетіне ие адамдар бизнес әлеміне еш қиындықсыз ене алады. Өйткені, ең алдымен, өзіңіздің болашақ серіктесіңізді сөзбен сендіре білуіңіз керек. 8. Қызмет көрсету бағыты: Адам өзінің қай салада білікті маман бола алатынын білуі тиіс. Бұл жұмысшының да, жұмыс берушінің де уақыты мен күшін үнемдейді. Ал, бейімделу қабілетіне ие болса, тіпті жақсы. Өйткені, кез келген бағытта жұмыс жасай алатын адам әрқашан сұранысқа ие болмақ. 7. Талқылау және шешім қабылдау: Шешімді бәріміз қабылдай аламыз. Бірақ, көпшілікпен санасып барып, шешім қабылдайтындар аз. Яғни, адам шешім қабылдауға келгенде өзіне ұтымдысын таңдауды жөн санайды. Ортақ шешім екі жақты пікірді саралап, ой елегінен өткізіп, ең тиімді нұсқа бойынша әрекет ету. Сіз қаншалықты дұрыс шешім қабылдай аласыз? 6. Эмоцияны басқару: Кей жұмыс орындары жұмысқа қабылданушының күйзеліске қаншалықты төтеп бере алатынын тексереді. Неге? Өйткені, өзінің эмоциясына жауап бере алмайтын адам, топтық жұмыста қиындық тудыруы әбден мүмкін. Сондықтан, болашақта эмоциясын жеңіл басқаратын адамның кәсіби сұранысы артпақ. 5. Қызметтерді үйлестіру: Бұл дағдыда жұмыс істейтін адамдардың қабілеті назарға ілігеді. Бұл ең маңызды дағдылар қатарында. Өйткені, адамдардың күшті және әлсіз жағын аңғарып қана қоймай, олардың өзге де адамдармен қарым-қатынас жасау мүмкіндігін бақылауда ұстайды. Сол арқылы олардың атқаратын қызметтеріне сараптама жасай алады. 4. Басқару қызметі: Бастық болу бәрінің қолынан келеді, бірақ, басқару екінің бірінің қолынан келмейді. Қанша жерден ақылды, білімді болсаңыз да, басқару қабілетінсіз сіз адамдарға билік жүргізе алмайсыз. Басқару үшін ақылдан бұрын, адамдарды ажырата алатын қасиет керек. Оларға тапсырылатын міндеттерге сәйкес, талап қою да маңызды. 3. Креативтілік: Креативтілік қазір сұранысқа ие. Өйткені, мекемелер, кәсіпорындар саны күн санап артып келеді. Демек, олардың арасындағы өзара бәсеке да жоғары. Басып озу үшін қызметкерлердің бойындағы креативтілік маңызды рөл атқармақ. 2. Сыни ойлау:Сыни ойлаудың негізгі элементтері қандай? Жауабы: логика және талқылау. Мәселені бір жақты талқылап қана қоймай, оның шешімін табу үшін жан-жақты зерттеу жұмысын жүргізу керек. Сыни ойлау адамның ең алдымен өзіне есеп беруінен басталады. 1. Мәселенің шешемін таба білу: Жоғарыда атап өткеніміздей жеке шешімге қарағанда ортақ шешімнің құны әлдеқайда жоғары. Экономистер әлемде шешімі жоқ немесе шешімін табу қоршаған орта жағдайына байланысты қиынға соғатын мәселелерді зиянкес деп атайды. Дегенмен, философтар әлемде негізгі 10 мәселе бар, қалғаны шешімін табуға болатын қиын тапсырмалар деп түсіндіреді. Бұл дағды бойыңызда кездессе, демек, сіз мәселенің тар шеңберінен шығып, оның кеңістігіне сапар шегіп, одан шығудың жолын қарастыра аласыз. Сіздің бойыңызда қай дағдының үлесі көп?