- Негізгі бет
- Білім
- 100 жыл бұрынғы...
100 жыл бұрынғы білім беру тәсілі неге өзгермеді?
Дамуы баяу салалардың бірі – білім беру саласы. Адамзат табиғат пен айналаға деген көзқарасын өзгерту үшін білім саласын түбегейлі өзгерту керек. Қазақта «Не ексең, соны орасың» деген сөз бар. Ағаштың түзу өсуі бағбанға байланысты. Сондықтан жан-жақты дамыған, қоршаған ортаға жаны ашитын, білімді, өркениетті ұрпақ өсіп шығуы үшін бүгінгі дамыған технологияларды қолданып білім саласынддағы кемшіліктердің алдын алу керек.
100 жыл бұрын ғалымдар көзбен берілетін ақпарат оқуға қарағанда адамның миында тез сақталатынын тәжірибе арқылы анықтады. Бұл «кескін артықшылығының эффектісі» деп аталды. Ғалымдардың айтуынша, адам миы кескінді ауызекі жеткізілген хабарға қарағанда 60 000 есе тез қабылдайды. Тәжірибеге сәйкес ғалымдар, ми көзбен көрген нәрселерін тез қабылдап, оны жадқа оңай кодтайтынын, қажет жағдайда оңай өшіріп тастайтынын анықтаған. Ал мәтінмен берілген мәлімет мида екі есе қиын кодталып, қажет жағдайда өшуі де қиын екен.
©t-sciences.com
Тағы бір маңызды жаңалық
Мидың 50 пайызы көзбен көрген ақпараттарды сүзгіден өткізуге бейімделген. «Көздің қалай жұмыс істейтінін білсек, мидың да қалай жұмыс істейтінін білеміз», – дейді ғалымдар.
Бірнеше жыл бұрын өткізілген тәжірибе кезінде адам 10 секунд ішінде 2500-ге жуық кескінді есінде сақтап қалатыны дәлелденген. Тағы бір ерекшелігі тәжірибеге қатысқан адамдар сол 10 секундта көрген кескіндерінің 63 пайызын 1 жыл өткесін де қайта есіне түсіре алған.
Мәліметті есте сақтау бойынша кескін мен мәтін арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Мысалы, адам 72 сағаттан соң ауызекі жеткізілген мәліметтің 10 пайызын ғана есте сақтаса, видео, сурет арқылы берілген мәліметтің 65 пайызын есте сақтайды.
Бір сөзбен айтқанда, ми өз қуатының жартысын көз арқылы қабылданған ақпараттарды өңдеуге жұмсайды да, қалғанын дененің басқа бөліктеріне жұмсайды. Ми, тіпті, әріптер мен сөздерді бейнелі рәміздер ретінде қабылдайды екен.
Жауабы жоқ сұрақтар
• Неге ХХІ ғасырдағы техиканың мол мүмкіндігі бола тұра, оқушылар мектепте әлі де ауызекі сабақты тыңдауға мәжбүр?
• Неге білім сапасын арттыратын мүмкіндіктер бола тұра, жоғарыда атап өткен маңызды жаңалықтарды ешкім пайдаланбайды?
• Неге қатып қалған қалыптан шығып, білім саласын жаңа жолға салмаймыз?
• Неге мыңдаған балалардың талантарының тамырына балта шабамыз?
• Неге әскери салаға миллиардтаған доллар салатын құдіретті мемлекеттер білім саласына соншама қаржы салып, баланың зейінін ашатын видеосабақтарды дайындамайды?
• Осы мүмкіндіктерді пайдаланып мектептің білімін қазіргіден мың есе көтеруге болады емес пе?
©pinterest.com
Ми не дейді?!
ХХІ ғасырдағы мүмкіндіктерді пайдаланып бала бір уақыттың ішінде бірнеше білімді қатар алуына болады.
Қысқа уақыт ішінде көп білім алу ми үшін зиян емес пе?
Адам миын зерттеп жатқан ғалымдардың айтуынша, мәліметті қабылдап, оны өңдеу барысынан ми шаршамайды. Мидың мәлімет қабылдау мүмкіндігі өте үлкен болып, оны толтыру мүмкін емес. Керісінше, мәлімет ми үшін азық, ал ақпарат алмаған ми тез дағдарысқа ұшырайды.
Салк институты (Salk Institute for Biological Studies) нейрофизиологтарының есептеуінше, адам миы өзіне 5-20 петабайт мәліметті сыйдыра алады. Бұл қазіргі барлық компьютердегі мәліметтерге тең.
Зерттеулер мидың әлемдегі ең үздік есептеу машинасы екенін анықтады. Ол бар-жоғы 20 ватт қуат жұмсап, бүгінгі суперкомпьютерлер үшін мүмкін емес ақпараттың жиынымен жұмыс істей алады. Егер осындай мәліметпен жұмыс істей алатын суперкомпьютер жасалатын болса, онда ол бір қала жұмсайтын электр қуатын бір өзі сарп ететін еді. Ал миға 20 ватт қана қуат керек. Енді ғалымдар осындай аз қуатпен көп мәліметті өңдейтін компьютерлер жасау үстінде ізденіп жатыр.
©Yernar Almabek
Ал ми зорығуына басқа себептер – түйіннің шешімін таба алмау, жүйкенің бұзылуы, мәліметтерді дұрыс түсінбеу сындылар әсер етеді.
Білім саласы сапасыз болып, ауызекі дәрісті бала түсінбесе де ми зорығады. Ми зорығудан қашу, өзін сақтау үшін қызық емес сабақты балаға тыңдамауға бұйрық береді. Егер сабақты кейбір баланың тыңдамай отырғанын көрсеңіз, бұл олардың сабаққа ынтасы жоқтығын білдірмейді. Олар миларын түсініксіз ақпараттан қорғап жатқанының белгісі.
«Мидың зорығуы эмоцианал және психологиялық жағдаймен де байланысты» дейді ғалымдар. Мысалы, бүгінгі өмір сүру салты, көзқарастың шектеулілігі, қоғамнан бөліну, спортпен шұғылданбау және интелектуалды пассивтік, өзі қызықпаған жұмыспен айналысу да мидың зорығуына әкеліп соғатын жағдаяттар.
Оқу үрдісін жетілдіру, көп өлшемді бейнелеу реті арқылы қызықты тақырыптар жасау баланың миы үшін «жеңіл сіңімді тамақтану» болып табылады, бұл өз кезегінде баланың ғылымға біртіндеп қызығушылығын тудырады.
©Yernar Almabek
«Қиын бала» феномені
Балалардың табиғаты әртүрлі. Алайда олармен бірге болатын кейбір жағдайларды былай қорытындылаған дұрыс. Мысалы, балалардың кейбір жағымсыз қылықтары – олардың қалауын қанағаттандырмаудан туындайды.
Табиғатты, әлемді зерттеуге және адамның қандай күшке ие екендігін бала миына сіңдіру оның болашақта қандай адам болып шығуы үшін маңызды. Осыған дейін қоршаған ортаны түсіну оңай, білім алу тәсілі де қарапайым болды. ХХІ ғасырға келіп баланың алдынан, бәсекелестік, қоршаған ортаға бейімделу, экология сынды мәселелер қиындық туғыза бастады. Осындай кезде баланы түсініп, оған көмек беру өте маңызды.
Баланың дүниені үйрену қажеттілігінің орнын толтырмау, оның өзі жасап жатқан табиғатпен үйлесімділікке келе алмау сынды қиындықтарды тудырады. Оның соңы түзеп болмайтын қателіктерге әкелуі мүмкін. Ал сапалы білім болса бұлардың алдын алады.
Білім берудің ескірген тәсілі өсіп келе жатқан өскіннің 4/1 бөлігін ғана ары қарай тамыр жаюына мүмкіндік жасап отыр. Қалғаны «қурап» қалып жатыр. Кейбір ата-аналар балалары мектептен толыққанды білім алып шықпай жатқандығын да біледі.
Міне осындай уақытта есік артында мүлде жаңа мүмкіндіктер есік қағып тұр. Бірақ біз мұны естімейміз. Егер ол мүмкіндіктер қолданылса, жас ұрпақ бір уақытта бірнеше білімді қатар игеретін болады.
Т. Раушанұлы