«Ұстаз – бұл жас ұрпақтың бойына ғасырлар бойы жинақталған барлық асылдарды сіңіруші, ал оларды
соқыр сезімдерден, жамандықтардан және жұқпалы
мінездерден аулақтатушы адам».
Анатолий Луначарский
Ұстаздық – әрбір жанның таным көкжиегін қалыптастыратын, болашағына жол сілтер шамшырақ болатын ұлы күш. Ұлағатты ұстаз алдынан орақ тілді ақын да, ғылым қуған ғалым да, мал бағып терін төккен шопан да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, тіпті көк күмбезін бағындырған ғарышкер де өтіп, аталмыш ұлы күшке бүкіл адамзат баласы құрметпен бас иеді. Оның ұлылығы да осында. Аталмыш ұлы мамандықтың шоқтығы ықылым заманнан бері сөнбей, маздап келеді. Тыңнан келген тосын жаңалық деуге болмайды. Мысалы, Жамбыл – Сүйінбайды, Бердақ – Күнқожаны, Шәкәрім – Абайды, Абылай хан – Төле биді, Зұлқарнайын – Аристотельді өздерінің ақиқат жолдарындағы рухани тәрбиеші, жолбасшы, ұстазы ретінде құрмет тұтты. Тарихтағы осы және бұдан өзге ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алғаны мәлім. Мысалы, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын еске ала отырып «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп ерекше құрметін білдіретін болған екен. Дәл осы себептен де, ұстазды сыйлау – адамзаттық бір борышың.
Ұстаз ұғымының тарлан тарихтың сан қатпарлы беттерінен таба алғанымыздай, бұл есімнің қасиеті жөнінде дінде шертілген сырды ақтарайық. Жалпы “Ұстаз — тәрбиелеуші” ұғымы діни ілімнен бастау алады. Білімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған шәкірттің ғылымда нәтижеге қол жеткізе алмайтындығы, қол жеткізсе де, тиісінше кәдеге асыра алмайтындығы белгілі.
Тарихта орны ерекше ұстаз атаулы маманның қазақы мәдениеттегі орны қандай болған? Дәстүрлі қазақ мәдениетіндегі рухани-ақылақтық тәрбие ісінде “Ұстаз — шәкірт” қарым-қатынасы кең тараған әрі ғылыми, ағартушылық, мәдени, кәсіптік тәрбие беру тәжірибесін рухани тәжірибемен ұштастырған ерекше жүйе болды.
Ұстаз — пір, яғни ақиқат жолындағы рухани тәрбиеші, жолбасшы ұғымы да қазақ дәстүрлі мәдениетіне жат емес. Қазақ халқының рухани мәдениетінде бай мұра қалдырған, рухани адамгершілік мұраттары мен ұстанымдары, үлгі-өнегесі түркі әлеміне, жалпы адамзатқа ізгілікті, игілікті жол нұсқайтын рухани ұстаздар бар. XIX—XX ғасырларда А.Құнанбаев көшбасшысы болған, ағартушылық идеясын басты ұстаным тұтқан Алаш арыстары қазақ қауымын тың өріс, жаңа өркениет көшіне ілесуге үндеді және осыған негіз боларлық ғылыми-әдістемелік негіз жасады.
«Оқысаңыз балалар,
Шамнан шырақ жағылар,
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар» - деп ұрандаған, «Дала қоңырауы» Ыбырай атамыз ұлтымыздың ағартушылық тарихында және ұлттық мектептің қалыптасуында терең із қалдырды. Ұлы ұстаз өмірдегі сарқылмайтын мол байлық білім екендігін түсіндірген. Оның айтқан ұлағатты сөздері, «Қазақ хрестоматиясы» оқулығы қазақ халқы үшін ғана емес, әлемдік деңгейдегі білім беру жүйесіне үлес қосып, бүгінге дейін құнын жоғалтқан жоқ. Қазақ халқының келешегі, жас ұрпақты, білімге, ғылымға шақырып, қандай нәрседен қашық болып, қандай нәрсемен жақын болу керектігінің сара жолын салып, анықтап берген ағартушы- ұстаз Абай бабамызды дүниежүзі халқы мойындап отырғаны анық. Фараби, Иран, Бағдат сынды қалаларда талай ұстаздың жүзін көріп, тәлімін кеңейткен Әл- Фараби бабамыздың дүниенің білім және ой тарихынан құрметпен орын алып, «Екінші ұстаз» атануы айтылған ой орамдарымызға нақты дәлел әрі көкейіңді кернер үлкен мақтаныш.
Сонымен, ұстаз болудың қасиеттері қандай? Алдымен айта кетер жәйт, ұстаз болып туылу қажет. Демек, мейірім, махаббат, сүйіспеншілік, жанашырлық сезімдерінің көрігі, жан- дүниесі жайдарлы шуақты жан ғана адамның адамшылығын танытар жақсы ұстаз бола алады. Себебі, өзгеге ізгілік нәрін сеппес бұрын, өзі де нәрлі болуы тиіс қой. Сондықтан да, қазақтың біртуар азаматы Ахмет Байтұрсынов атамыз «Адамдық диқаншысы» деп ұстазды жайдан-жай атамаған. Өйткені, шәкірттің бойына білім нәрін себетін, адамгершілік дәнін егетін абзал жан - ұстаз. Ол-мәңгі нұрдың қызметшісі. Жас шыбықтың тамыры терең, жапырағы жайқалып, жемісі мол болуы үшін үлкен еңбек қажет, оны бағбан ұзақ күтеді. Ұстаз да осы бағбан тәрізді. Оқу табалдырығын аттап келген күннен бүлдіршіндерді өзіне баурап алып, мейірімі мен шапағатын күн шуағындай төге жүріп, өз уақытын аямай шәкіртін бақытқа жеткізеді. Ол тек шәкіртін ғана емес, ұлтын, күллі адамзат баласын бақытқа жеткізу үшін еңбектенеді. Яғни ұстаз болу - білім беру сапасын арттыру саясатын тікелей жүзеге асырушы ғана емес.
Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз болу – шәкіртке ата-анасындай тәрбие сыйлау. Ұстаз болу – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру, шамшырағына айналу. Лев Толстой айтқандай- ақ: «Егер ұстаз тек өз мамандығын жақсы көрсе, ол жақсы ұстаз болады. Егер ұстаз тек оқушыларын жақсы көрсе, онда ол барлық кітапты оқып шыққан ұстаздан да үздік болады, бірақ жұмысқа қызығушылығы болмайды. Егер ұстаз жанында жұмыс пен оқушыға деген сүйіспеншілігі тоғысса, ол – нағыз ұстаз.» «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» - деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, ұстаз болу - мемлекетімізді құрметтеу жауапкершілігін шәкірттеріне жеткізіп дарыту. Ұстаз болу - мемлекетіміздің өркениетті даму саясатының насихаттау. Ұстаз болу – өз ісімен, сөзімен, жүріс- тұрыс мәдениетімен, жұмыс орнында және одан бөлек қоғамда Тәуелсіз еліміздің эталондық бейнесіне айналу.
Жаһандану дәуіріне қадам басып, әлемдік аренаға жол тартып, тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы - жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастау- бұлағы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі-мұғалім. Ахмет Байтұрсыновтың өзі «мұғалім – мектептің жаны» деп бағалаған. Білектің емес, білімнің күшімен ілгерілейтін жаңа заманда ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан, әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті - ұстаздардың қолында. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» – деген еді. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан да келе бермейді. Сондықтан, ұстаз болу – жүректің батырлығы ретінде бағалауға болады. Бұл орайда мемлекетіміз мұғалімдердің беделін көтеруде жан-жақты қолдау көрсетіп, білім саясатына басымдық беріп келеді. Ұстаз беделін қоғам алдында көтеру үшін Елбасының тікелей өз Жарлығымен еліміздегі ең жоғары марапат – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен «Алтын жұлдыз» белгісі және «Отан» ордені ең бірінші рет ұстазға берілді. Бұл – мектеп мұғалімінің еңбегі елімізде жоғары құрметке ие екендігінің айғағы.
Тәуелсіз еліміз межелеп отырған қандай міндеттерге болса да жас ұрпақты дайындап отырған ұлағатты ұстаздарымызды құрметтеу – адамзаттық ұлы борышымыз.
Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
оқытушылары, магистр Г.Габдкаримова, Б.Даутова.