Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлемді дүрліктірген індеттің таралуын болдырмау мақсатында еліміздегі басқа оқу орындарымен қатар қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Оқу жылының ортасында бұндай өзгерістердің орын алуы қай оқу орнына болмасын үлкен сынақ екені түсінікті. Білім алушылар саны бойынша ең үлкен оқу орны болғанына қарамастан, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бұл сынақтан сүрінбей өтіп келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз.
Білім беру жүйесіндегі уақытша өзгерістер Ұлттық университеттегі білім берудің сапасына кері әсерін тигізбеді деп айтуға болады, себебі бұған дейін де аталмыш оқу орнында қашықтан оқыту жүйесі қолданылып келген. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы, қосдипломдық білім беру бағдарламасы бойынша шетелдік университеттерде білім алып жатқан студенттерді оқыту дәл осы қашықтан оқыту үлгісімен жүзеге асады. Сонымен қатар, сырттай немесе қысқартылған түрде оқитын студенттер де қашықтан оқытылып келеді.
ҚазҰУ-дың оқу үдерісі қашан да замануи талаптарға сай жүзеге асады. Қашықтан оқытуды жүзеге асыру барысында университетте бірнеше алаңдар ұсынылады. Ондаған жылдар бұрын алғашқылардың бірі болып Univer жүйесін енгізген оқу орнында кез келген пәннің оқу-әдістемелік кешені жоғарыда аталған сайтқа жүктеліп, студент қалаған уақытында оқытылатын пән туралы толық ақпаратты, пәннің бағдарламасын, силлабусын алу мүмкіндігіне ие. Негізгі жұмыс алаңдарының бірі болып табылатын, қазіргі таңда да университеттің оқу жүйесін қамтамасыз етіп отырған univer.kaznu.kz жүйесінде де қашықтан оқыту сәтті жүзеге асуда. "Қашықтан оқытылатын курстар" батырмасы арқылы оқытушы мен студенттер тапсырма алмасу мүмкіндігіне ие. Әр сабақ сабақ кестесіне сай өтілуде. Онлайн сабақ өтуге арналған қосалқы бағдарламалар көмегімен өтілген видеосабақтар жүйеге жүктеледі және университеттің Жағдаяттық басқару орталығы тарапынан үнемі қадағаланады.
Университетімізде ерекше айтып өтуге тұрарлық аналогы жоқ dl.kaznu.kz қашықтан оқыту сайты жұмыс істейді. Берілген сайттың мүмкіндіктері өте кең. Moodle жүйесі оқу үдерісіндегі міндеттерді ортақ шешуге және өзара білім алмасуға мүмкіндік береді. Оның көмегімен оқытушы дәріс, семинар және СӨЖ тапсырмаларын беріп, студенттер өз жауаптарын жазбаша түрде жүктей алады. Оған қоса арнайы батырмалардың көмегімен дәріс немесе семинар сабақтарын студенттермен онлайн конференция арқылы өту мүмкіндігі бар. Аталмыш сайтқа әртүрлі сілтемелерді, аудио және видеоматериалдарды, түрлі форматтағы файлдарды жүктеуге болады.
Қашықтан оқыту барысында аталған негізгі екі оқу алаңынан басқа да әлемдік оқыту жүйесінде сәтті қолданыс тапқан Zoom, Microsoft Teams, Youtube Live, Google Meet және т.б. бағдарламалар қолданылады.
Оқыту үдерісінен өзге ғылыми, мәдени шаралар да жоспар бойынша өтілуде. Қазіргі таңда студенттік үйірмелер, ғылыми ұйымдар жұмысы онлайн форматқа ауысқан. Университет Ғылыми кеңесінің жиналысы факультет және кафедра мәжілістері, кураторлық сағаттардың барлығы дерлік видеоконференция форматында жалғастырылуда. Мәселен, Абайдың 175 жылдығы мен әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған мәдени шаралар да Zoom немесе Youtube Live арқылы қашықтан өткізілуде. Дәстүрлі түрде өтетін студенттер мен жас ғалымдардың "Фараби әлемі" конференциясы да жоспарланған уақытында, яғни 6 сәуір күні онлайн өтті. Бағдарламада көрсетілген барлық баяндамалар тыңдалып, сұрақтар қойылып, пікірталас орын алып, толыққанды конференция өтілді.
Университеттегі қашықтан оқытудың жүзеге асуын қамтамасыз етуде университетет басшылығының, факультеттер мен кафедралардың, әсіресе Жаңа білім беру технологиялары институты мен Ақпараттық технологиялар және инновациялық даму институтының еңбегі зор. Аталған Институттар оқытушылар мен студенттерге тәулік бойы ақпараттық қолдау көрсетіп, қашықтан оқытудың технологиялық ерекшеліктері бойынша нұсқаулық беруде.
Университетте кәсіби білім беру көпсатылы жүйесі бойынша 25 мыңнан астам студенттер, магистрант мен докторанттар 16 факультет, 67 кафедрада білім алуда. Бүгінгі таңда университет қызметкерлері мен мыңдаған студенттер жұмылған жұдырықтай асқан ұйымшылдықпен жұмысты жалғастырып келеді. Алдағы уақытта да университет ұжымына сәттілік тілейміз!
Әл-Фараби ат. ҚазҰУ профессоры Ж.К. Ибраева,
аға оқытушысы Г.С. Нәбиева