- Негізгі бет
- Білім ордалары
- Ұлттық және мемлекеттік...
Ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындары сатылмайды
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындарын тек мемлекет меншігінде қалдыру туралы тапсырма берді. Осылайша, мемлекет басшысы ұлттық немесе мемлекеттік мәртебесі бар оқу орындары сатыла ма, жоқ па деген мәселеге нүкте қойды.
Қазіргі уақытта мемлекеттік жоғары оқу орындары коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналды. Құрылымның өзгеруінен кейін ел ішінде сол университеттердің жекеменшікке сатылуы мүмкін деген күдік пайда болды.
"Менің тапсырмама сәйкес, жоғары оқу орындарының құрылымын өзгерту жұмыстары жүргізілуде. Көптеген жоғары оқу орны коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналды. Бұл ел ішінде әртүрлі әңгіме туғызуда. Сондай-ақ ірі мемлекеттік жоғары оқу орындары кейіннен жекеменшікке сатылуы мүмкін деген де күдік бар. Осыған орай, ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындары сатылмайтыны жөнінде мәлімдеймін. Бұл мәселе айрықша назарда", – деді Президент.
Қазіргі таңда елімізде 10 ұлттық және 32 мемлекеттік жоғары оқу орны бар. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мемлекет басшысының шешіміне қолдауын білдірді.
"Президент мемлекеттік жоғары оқу орындарының сатылмайтыны туралы нақты айтты. Бұл – өте маңызды. Себебі сол ЖОО-ларда еліміздегі студенттердің 40%-ы оқиды және 35 мыңнан астам оқытушы мен қызметкер жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі XX ғасырдың 30-40 жылдары құрылды және тарихи тұрғыдан да еліміздің басты салалық жоғары оқу орындары болып табылады.
Еліміздегі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Satbayev University (Қ. Сəтбаев атындағы ҚазҰТЗУ) және Абай атындағы ҚазҰПУ сияқты жоғары оқу орындары білім беру жүйесі, ғылыми және инновациялық әлеуеті жағынан алдыңғы қатарда.
Сонымен қатар, мемлекет жоғары білім саласындағы жеке секторға да айтарлықтай қолдау көрсетіп келеді. Себебі қазіргі уақытта жоғары оқу орындарының 50%-ы жекеменшік.
Расында мемлекеттік ЖОО-ны жекешелендіру отандық білім беру жүйесінің, ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметінің тұтастығына орны толмас зиян келтіріп, университеттердің мүліктік кешенінің бұзылуына да себеп болуы мүмкін.
Осылайша, Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік университеттер коммерциялық емес акционерлік қоғамдар формасына ауысқанымен жекешелендірілмейді және мемлекет меншігінде қалады. Бұл ретте олар академиялық тұрғыда әлдеқайда еркін және қоғам алдында есеп беріп, барынша ашық жұмыс істей алады", - дейді министр.