- Негізгі бет
- Білім ордалары
- Тіл – тірегіміз,...
Тіл – тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз
Тіл – халықпен бірге өсетін не өшетін асыл қазына. Тіл болмай, ешқандай ғылым ғаламда кең өріс ала алмайды, тамырын тереңге жая алмайды. Қандай да тіл болмасын, өзінің қолдалыну аясымен, көркемділігімен ерекшеленеді.
Біздің мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі. Қазақ тілін әлемдегі ең көркем тіл деп айтуға еш кедергі жоқ. Себебі, қара қылды қақ жарған жандардың жұртты тамсандыратын өлеңдері, қаламынан жыр төгілетін жазушылардың шығармалары, тіпті, ақылдылығымен әлемді мойындатқан ғалымдардың еңбектері де қазақ тілінде жазылды. Белгілі ақын Қадыр Мырза Әлі: "Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте" деп тегін айтпаған.
22 қыркүйек – Тілдер мерекесіне орай әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті қабырғасында "Тіл – тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз" тақырыбы аясында іс-шара өткізілді. Аталған шарада қазақ тілінің мәртебесі, оның келешек тағдыры, ана тіліміздің бәрінен биік екендігі жайында сөз қозғалды. Бұл шара қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілді. Осы арқылы студенттер өздерінің тіл білу қабілетінің ерекше екенін көрсетті. Қазақстан Республикасы халықтарының Тілдер мерекесі - барша елге ортақ, жалпы халықтық мереке, барлық ұлт өкілдеріне көрсетілген құрмет екендігі жайында сөз болды. Бірқатар студенттер қазақ, орыс, ағылшын, түрік және қытай тілдерінде мерекемен құттықтай отырып, өздерінің ыстық лебіздерін білдірді. Қазақ тілі туралы өлеңдер оқылып, күй де күмбірледі. Сонымен қатар, шапшаңдық пен ой-өрісімізді дамыту мақсатында тілге байланысты мақал-мәтелдер, логикалық сұрақтар арқылы өткізілген ойындар көрермен мен ұстаздарға керемет көңіл-күй сыйлады. Осы шара арқылы студенттер тіл мәселесіне бейқам қарамайтынын көрсетті.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің "Шетел филологиясы және аударма ісі" кафедрасының "Шетел филологиясы" мамандығының 1-курс студенттері және "Аударма ісі" мамандығының 4-курс студенттерімен бірігіп, өз тарапынан тыңғылықты дайындалып, үлгі боларлық іс танытып, келген көрерменге өздерінің сегіз қырлы, бір сырлы жан екендерін көрсетті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Шетел филологиясы және аударма ісі
кафедрасының оқытушылары
Аушенова А.С. Габдкаримова Г.С.