- Негізгі бет
- Білім ордалары
- Сындарлы 82 жыл:...
Сындарлы 82 жыл: кешегі мен бүгін арасындағы жалғастық
Бір кездері ару Алматының ауыздан дәмі кетпес қып-қызыл апорттары самсаған шет аудандарының бірінде болашақ алып бәйтеректің шыбықтары тамыр алған болатын. Уақыт, шіркін, бір орнында тұра ма?! Кезең-кезеңімен гүлдеген шыбықтардың жас бүршіктері 1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғыстың қаҺарлы күндеріне де, Тың және тыңайған жерлердің еңбек өтіміне де шыдап, 86-ның қаралы күндерін қасқая қарсы алып, үлкен қиындықтарға мойымастан қарсы тұра білген еді. Міне, содан бері бір ғасырға жуық уақыт өтті. Жас шыбықтар жапырақтары жайқалып, көкке өрлей ұмтылып, алып діңгекті бәйтерекке айналды. Ия, бұл теңеулердің «иесі» менің, сіздің, бәріміздің сүйікті оқу ордамызға айналған – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті. Шынымен де, кезінде бір-екі ғана факультет негізінде құрылған оқу орны бүгінде Еліміздің оқу жүйесінде ойып тұрып орын алатындай дәрежеге жетті. Әрине, бұл жетістіктің қайнарында қажырлы еңбекте жатқаны белгілі. Ө.А.Жолдасбеков, Е.Е.Ерғожин, М.М. Әбділдин сынды білікті басшылардың арқасында университеттің білім-ғылым жағынан әлеуеті өсті. Одан беріректе К. Н. Нәрібаев Тәуелсіздігімізді жаңа алған киын-қыстау кезеңде басшылыққа келіп, ҚазҰУ-нің құлдырамай, сапа көрсеткішінің жоғары деңгейге көтерілуіне зор ықпал етсе, Т.А. Қожамқұлов, Б.Т.Жұмағұлов секілді ел ағалары да университет дамуының жаңа бағыттарын айқындап, заманға сай білікті де жаңашыл ойлы жас мамандар даярлап шығаруға байланысты көптеген серпілістер әкелген-ді. Қазіргі таңда академик Ғ.М.Мұтанов ағамыз – университетіміздің басшысы қызметін атқарады. Ғалымқайыр Мұтанұлы да алыс-жақын шет елдер жоғары оқу орындарымен өзара шарт жасасып, студент жастардың шет елдерге барып білімдерін шыңдауына жағдай жасауда. Сонымен қатар жыл сайын университетіміз тарапынан 300-ге жуық Ауған жастарының тегін жоғары білім алуына көмек көрсетілуде. Жалпы, оқу орнының негізгі бағыты - ғылыми–зерттеу әлеуеті жоғары, заманауи инновациялық жобаларды батыл іске асыратын, халықаралық деңгейдегі өзіндік ұжымдық рухы бар интеллектуалды орта қалыптастыру. Осыған сәйкес қазіргі күні жыл сайын ғылыми инновациялық, техникалық олимпиадалар жиі ұйымдастырылып студент, магистр, доктаранттардың шығармашылық деңгейде жетістікке жетуіне үлкен жағдай туғызуда. Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың өзі ҚазҰУ оқытушылар қауымы мен студенттерімен кездесуінде: «Бүгінгі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті - тәуелсіз Қазақстанның кадрлар дайындайтын негізгі орталығының бірі деуге әбден болады»,-деп айтып кеткен болатын. Сондықтан, біз, ертеңгі болашақ – жастар қауымы өзімізге артылған үлкен үмітті сезініп, елбасымыз жүктеген сенімді абыроймен ақтауға тиіспіз. Бір ақиқат... Қай заманада болмасын білім мен мәдениет кез келген кемелі толысқан елдің бет ажары, алыс жақын қарымын мөлшерлейтін таразысы бола білген. Йә, дәл солай, елдің жарқын болашағының кепілді формуласын санасы толысқан білімді ұрпақ, мәдениетті қоғам бірлігінен қорытуымызға әбден болады Осы толқынның ағысынан жаңылмай ескегін тең ұстап келе жатқандардың бірі-менің Елім. ҚазҰУ-ым соның дәлелі... Әл-Фараби бабамыз «елдің келешегін білімді жастарының жолынан ізде»,- дейді. Білімді де білікті ұрпақ қалыптастыруда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің алар орны ерек. Киелі білім ордасының 82-жылдық аса бай тарихы Қазақстанның академиялық ғылымы мен жоғары мектебінің дамуы және қалыптасуымен түгелдей пара-пар десек қателескеніміз емес. Жылдар бойы сан сынақтан өтіп, шыңдалған білім ордасы еліміздің білім беру жүйесінің тірегі, мемлекетіміздің болашақ элиталарын қалыптастыратын бірден бір мектеп деуге толық негіз бар. «Қазақстан-2050» стратегиясында Президент ел алдына мықты мемлекет, дамыған экономика мен жалпыға ортақ еңбекке негізделген берекелі қоғам құру міндетін айқындап берді. Елбасы білімді арқау еткен экономика саласына баса назар аударып отырғаны белгілі. Осы орайда университеттер басты рөлде тұр. Жетекші университет ретінде Өзіне жүктелген міндеттің жауапкершілігін сезіне отырып, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті осы бағытта қарқынды жұмыс жасап келеді. Оның ең негізгі дәлелі-«Аl-Farabi university smart city» ғылыми-инновациялық жобасы. Түп негізіне келгенде «smart» - ақылды, қайырымды, нұрлы , «city» - қала, яғни «smart city» - нұрлы қала ұғымын білдіреді. Бұл жаңа үлгі ұлы ойшыл әл-Фарабидің қайырымды қала ойларына негізделген. Ғұлама ғалым өзінің трактаттарында әділ және ізгілікті қоғамды көрсетуге тырысып, оны қайырымды қала деп атады. Оның маңызды белгілері әмбебап рухани құндылықтарды және ізгілікті өмірдегі әріптестік жетістіктерді, ұрпақ өресін өрістетер өнегелікті сипаттайды. Бұған заманауи тұрғыдан қарастыратын болсақ: XXI ғасырда университет қалаларының аймақтық жағдайы үздік инфрақұрылымдармен, қаржылық және материалдық ресурстармен ғана анықталмайды. Заманауи университеттер жоғары рухани және адамгершілік деңгейді меңгерулері қажет. «Al-Farabi university smart city» жобасы технологиялық және рухани-адамгершілік тұжырымдардың біртұтастығы негізінде ғылыми, білім беру және әлеуметтік мәселелерді шешудің жаңа заманауи тәсілін ұсына отырып, университеттің жаңа ұрпақ дайындауына негіз болады. Біз «Нұрлы қаламыздың» негізін қаладық. Ендігі жерде осы қаламыздың өркендеп өсуі мен ұзақ ғұмырлы болуы үшін не істеп жатырмыз және қолымыздан тағы не келеді? Нұрсұлтан Назарбаев: “Бүгінгі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тәуелсіз Қазақстанның кадрлар дайындайтын негізгі орталығының бірі деуге әбден болады”, - деп үлкен үміт артып, арқамызға жауапты міндет асқан болатын. Сондықтан Іргелі де ірі оқу орнымыз әлемдегі заманауи зерттеу университеттері сияқты Вильгельм фон Гумбольдттың: «Оқыта – зертте, зерттей – оқыт» басты қағидасына сүйенеді. Яғни қазіргі таңда университетімізде ғылыми-технологиялық парк жұмыс жасап жатыр. Онда көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарының жобасын жасайтын 30 шақты ғылыми-зерттеу институты мен орталық бар.Бұл ғылыми парктың басты міндеті жас ғалымдардың өнеркәсіп-техникалық әлеуетінің көтерілуіне жол ашып, ғылыммен шұғылдануына мүмкіндіктер туғызу болып табылады. Сонымен қатар осы жобаны бірлесе дамытуға көптеген шетелдік алдыңғы қатарлы университетер құлықты болып отыр. Мұның бір дәлелі «Hewlett-Packard», «Cisco», «Konica minolta», «Microsoft» ком¬па¬нияларының оқу-ғылыми орталықтары мен зертханаларының бізде ашылуы дер едім. Мұндай бағыттағы орталықтар мен зертханалардың жұмыс істей бас¬тауы алдағы уақытта оқу бағдарламасына әлемдік деңгейдегі жаңаша оқыту технологияларын енгізуге, білім мен бизнесті үйлестіруге мықты қозғаушы күш болмақ. Сондықтан да ғылыми парктың келешекте университетіміздің толықтай ғылыми-зерттеу институтына айналуына қосар үлесі телегей теңіз десек асыра сілтегеніміз емес. Жоғары рухани-адамгершілік орта қалыптастыруға «Айналаңды нұрландыр!», «Саламатты және мәдениетті дене», «100 кітап», «ҚазҰУ-Гринкампус» сияқты кең көлемді инновациялық әлеуметтік жобалар септігін тигізуде. Бұлардың барлығы студенттер мен оқытушы-профессорлар құрамының жаңа әлемдік көзқарасының мықты интеллектуалды тұғырнамасын дамытқан «өсу нүктесіне» айналды. Сол үшін университетте студенттік бизнес-инкубатор қарқынды қызмет етіп келеді. ҚазҰУ студенттері алғаш рет «UNIFORM Project» халықаралық консорциумы аясында Токио университетімен бірге бірінші қазақстандық наноспутникті жасауды іске асыруға кірісті. Бұл жұмыс өзге де жобалармен бірге ЭКСПО-2017 көрмесінде ұсынылатын болады. Айта берсек ауыз толтырып айтарлықтай жетістігіміз жетерлік. Оқу ордамыз «Ұлттық Университет» деген киелі атқа сай болып қала беруі үшін алдағы уақытта да ұлттық инновациялық ойларымыздың кемелін төл құндылықтарымызбен астастыра байыту арқылы заманауи қоғам қажеттіліктерін қамтамасыз етуіміз шарт. Қазіргі таңда еліміздің алдында тұрған басты меже – қуатты дамыған әлемнің 30 елінің қатарынан ойып тұрып орын алу. Бұл межеге жетуге ат салысуға барлығымыз мүдделіміз. Университетімізді осы мақсаттар жолында қыруар жұмыстар күтіп тұр. Әл-Фараби бабамыз салып кеткен ізді жалғастырып ҚазҰУ-мызды «Нұрлы қалашыққа» айналдыру соның бастауы. Сондықтан еліміздің жарқын болашағына жол ашылуы үшін, біз, студент жастар бойында күш-жігері тасып тұрған шағында ерінбей шынайы шығармашылық еңбекпен шұғылдануымыз шарт. Не ексең, соны орасың демей ме қазақ даналығы. «Қайырымды қала тұрғындарының» санасы ояу, көкірегі ашық болуы, басшысы көреген, халқы мейірімді, еңбекқор болуы шарт делінген. Ендеше, біздің де «Нұрлы қалашықтың тұрғындарының» бойынан осы қасиеттер көрініс табуы ләзім. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған осындай бейбіт заманда, тәуелсіздігі тұғырлы елде жастардың басты мақсат-міндеті біліммен, еңбекпен шұғылданып, елінің мерейін үстету болуы керек «Жастық жігер бойыңда Алға қарай адымда»,- демекші ҚазҰУ жастары киелі Қазақ елінің жеті құрлыққа теңдей мәшһүр болуына өз үлесін қоса беретіндігін сеніммен айта аламын.
Жолдаған Тоғжан Амангелдіқызы
Ж. Исакаев