Кей студенттер алғашқы жылдан-ақ мансап жолын құра бастайды. Бастапқы курстарды оқып жүріп өз мамандығы бойынша немесе өзі қызығатын салада жұмыс істейді.
Университетті аяқтамастан жұмысқа кірісіп кеткен болсаңыз, мына нәрсені естен шығармаңыз: оқу мен сабақты қатар алып жүріп, олардың бір-бірлеріне кедергі келтірмеуін қадағалау маңызды.
Арыз айтпаңыз:
Сіз өзіңізбен мақтанасыз. Бірақ, кейде бәрінен шаршаған сәтте сізді айналаңыздағы адамдардың аяғанын, жылу сыйлағанын қалайсыз.
Біз арыз айтқанды жақсы көреміз. Оның айыбы жоқ, кейде арыз айтудың да пайдасы болады. Бірақ, дәл осы жағдайда арыз айтқаныңыз ақылға қонымсыз: «Оқу мен жұмысты қатар алып жүру қиын, шаршап кеттім. Жеке өміріме уақыт қалмады».
Дәл осылай айту арқылы айналаңыздағы адамдардың сізге шабыт бергенін, мақтағанын қалайсыз. Бірақ, оның орнына «Саған қиын шығар, оқисың, жұмыс жасайсың» деген мүсіркеу сөздерді ғана естисіз.
Егер біреу сізді мақтағанын қаласаңыз, шағымданбас бұрын шаршағаныңызды білдірмей, мақтауға лайық болу жағын ойлаңыз.
Сіз үшін бастысы не?
Жұмысқа тұрған бойда ойланыңыз. Болашақта жұмыс пен оқудың біреуін таңдауға тура келуі мүмкін. Сол уақытта сіздің таңдауыңыз неге түседі? Сіз үшін бастысы не?
Көптеген студенттер жоғары курсқа келген сәтте жұмысы үшін оқуын тастап кетіп жатады. Бұл таңдаудың қаншалықты дұрыс екенін өмірдің өзі көрсетеді.
Уақытыңызды жоспарлаңыз:
Бастапқы уақытта жарты күндік жұмыс тәртібі бойынша жұмыс жасап көріңіз. Бұл сіздің оқуыңызға кедергі келтірмесі анық. Егер 9:00-18:00 аралығында жұмыс жасауға міндетті болсаңыз, көптеген қиындықтар туындауы мүмкін.
Көбіне студенттер еркін графикпен жұмыс жасайды. Бірақ, соның өзінде үлгермейтін сәттер болады.
Ұйқыңыз қысқарады. Өйткені, сізді ертең не жұмыс, не оқу күтіп тұр. Ал, сіз түні бойы бір міндетіңізден құтылуыңыз керек. Яғни, үй жұмысын жасайсыз, болмаса жұмыстағы бітпей қалған істеріңізді жасайсыз.
Бірақ, есте сақтаңыз, денсаулық (физикалық және психологиялық) – сіздің басты ресурсыңыз. Егер ол сарқылса, онда оқу да, жұмыс та уысыңыздан шығып кетеді. Өзіңізге дедлайн уақытын тағайындаңыз. Мысалы, кешкі 23:00-ден кейін тек демалыңыз.
Басында барлық шаруаны бітіруге уақыт жеткіліксіз көрінеді. Кейін сіз осы уақыт бойынша жұмыс жасауға үйреніп аласыз да, ұтатын тұсыңыз көбейе түседі.
«Жұмыс берушіге студент екенімді айтқан дұрыс па?»
Әрине, оны жасырудың керегі жоқ. Сабақ уақытында сізде бақылау жұмыстары, жауапты шаралар болуы мүмкін. Сол кезде, жұмыс берушіге жағдайды толық түсіндіруге тура келеді.
Ал, сабақ беретін мұғалімдерге, мүмкіндігінше, жұмыс істейтініңізді айтудың қажеті жоқ. Өйткені, көп оқытушы мұны дұрыс қабылдай бермейді. Сабақтан қалған жағдайда түсіністік танытпайтындар да болады. Сондықтан, оны айтпастан бұрын мұғалімнің ұстанымына зер салған жөн.
Әріптестеріңізден көмек сұраудан жасқанбаңыз:
Егер үлгермей жатсаңыз, бұл ұялатын нәрсе емес. Егер топ болып жұмыс істейтін болсаңыз, тіпті жақсы. Құпия болсын: көптеген адамдар көмектескенді жақсы көреді. Өйткені, көмектесу арқылы олар өздерінің маңызды әрі пайдасы бар адам екенін ұғады.
Жұмыста сабақты, сабақта жұмысты ұмытыңыз:
Жұмыс кабинетінің табалдырығынан аттаған бойда сіз студент емессіз. Сіз – қызметкерсіз. Университетте, керісінше, студентсіз.
Сабақ уақытында жұмысқа бас қатырмаңыз. Ал, жұмыс барысында үй жұмысын орындауды доғарыңыз. Әрқайсысының өз орны, өз уақыты бар.
Есте сақтаңыз, кез келген уақытта тоқтатуға мүмкіндігіңіз бар:
Сіз келісімшартқа қаныңыз арқылы қол қойған жоқсыз немесе университет партасына сізді ешкім байлап қойған жоқ. Қажет емес деп тапқан кез келген нәрседен қалаған уақытыңызда бас тарта аласыз.
Егер жұмыс пен сабақты қатар алып жүрген болсаңыз, сіз батыл қадамды жасап қойдыңыз. Жарайсыз!