Шетелдегі студент: "Мен елге міндетті түрде ораламын"

Шетелдегі студент: "Мен елге міндетті түрде ораламын"
Фото: Айнұр Кубашева

"Шетелдегі студент" жобасының екінші қонағы сіздермен Гонконг өмірі мен оқу жетістіктерімен бөліседі.

sss

Айнұр Қубашева,
Гонконг Политехникалық Университеті

Мен Қазақстанда жүргенде...
Мен жоспарлап, кейін әрекет еткенді жақсы көретін адамдардың қатарынанмын. Қазақстанда жүргенде "Гонконг қандай қала, қандай демалыс орындары бар, қандай атақты адамдар бар?" деген сауалдарға жауап іздедім. Гонконгқа барамын деген ой маған үлкен мотивация берді. Алдыма мақсаттар қоя білдім әрі мені шытырманға толы өмір күтіп тұрғанын түсіндім.

Бастапқыда барлық студент секілді мәдени шокты басымнан өткердім. Бірақ, Гонконг – халықаралық қала. Бұл жерде неше түрлі ұлт өкілінің адамын кездестіре аласыз. Оның үстіне, білім алып жатқан қазақтар да көп. Алғашқы күнім есімде. Бірден сап еткен ой – "Мен қайда келдім?". Қазақстанға мүлде ұқсамайды.

Шетелге шыққан адамдардың басындағы басты мәселе тамаққа байланысты туындайды. Бірақ, Гонконгта емес. Гонконгті тамақсаулар үшін жұмақ мекені деп те атайды. Өйткені, бұл қаладан кез келген елдің асханасын табуға болады. Одан бөлек, қалада қарт адамдар көп. Дегенмен, олар жастарына қарамастан спортпен айналысады. 

Гонконгтағы басты ерекшелік – бәсекеге қабілеттілік. Студенттер арасындағы, халық арасындағы өзара бәсеке саған еріксіз күш береді.
ааа

Білім жүйесіне қызығушылығым оянды:

Әр күніміз – бәсеке. Университет маған шетелдерге шығып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Өткен жылы Токиоға және Америкаға бардым. Түрлі адамдармен таныстым. Одан бөлек университеттің талабы бар: түлеп ұшқанға дейін 300 сағаттық жұмыс өтілің болуы тиіс.

Сонымен қатар, мен Гонконгтағы білім жүйесінің ерекшелігін, олардың жұмыс жасау мүмкіндігін, жоспарлары мен үрдістеріне қаныға бастадым. Бұл жерде білімнен бұрын алатын тәжірибе маңызды. Әрине, оқу керек. Бірақ, маман болу үшін қолмен ұстап, көзбен көрген дұрыс.

Гонконг тұрғындарының бойында жайбарақат өмір сүру деген ұғым мүлде жоқ. Біздің ойымызға келген идея біз секілді мыңдаған адамның басына келеді. Бірақ, кім нәтиже шығарады, сол жеңіске жетеді.

чч

Мен адасқан күн
Алғашқы келген күні жатақханаға баратын автобусты шатастырып алғанымыз бар. Ескі және жаңа екі жатақхана бар. Мен ескі жатақханаға тұрақтаған едім. Ал, мен отырған автобус жаңа жатақханаға барды. Ал,  адасқанымды әбден жеткен соң түсіндім. Кейін, кері қайту үшін такси шақыртуға тура келді. Есесіне, мені өзге студенттер есінде  "адасқан қыз" ретінде жатталып қалдым.

Қазақстанды сағындым...
Әрине, сағыныш сезімі бәріне тән. Барлық студент үйін сағынады, елді сағынады. Бірақ, ол туралы ойламауға тырысамын. Өйткені, бір ғана ой күйзеліске жетелейтінін жақсы білемін. Сағынышпен күресудің жалғыз жолы – ойламау. Ал, ойламау үшін сенде бос уақыт болмауы тиіс.

Кейде шетелдегі қарапайым университетте білім алудың өзі адамға көп нәрсе береді:
Қазақ жастарына шетелде білім алуға кеңес беремін. Біріншіден, тәжірибе. Екіншіден, бұл – мүмкіндік. Үшіншіден, тәуелсіздік, өзің үшін шешім қабылдауды үйрену.

Мен Қазақстан үшін еңбек етемін:
Қазақстанға оралу немесе оралмау төңірегінде ойланып көрген жоқпын. Жауабы – анық: ораламын. Бірақ, қашан екенін білмеймін. Шетелдегі білімімді жалғастырамын немесе бұл жақта жұмыс істеп, тәжірибеден өтемін. Дегенмен, менің бойымдағы ұлтжандылық шетелде қалуға мүмкіндік бермейді. Менен жиі "Неге сонша Қазақстанды жақсы көресің?" деп сұрайды. Мен жауабын білмеймін, тек шетелге шыққан сәтімде Қазақстанға деген махаббатым арта түседі. Меніңше, ол елде менің ең сүйікті жақындарым өмір сүреді: отбасым, бауырларым, достарым.

Екіншіден, біздің елде мүмкіндік көп. Маманның жетіспеушілігінің өзі – мүмкіндік. Егер білімді болсаң, сұранысқа ие маман болуыңа еш кедергі жоқ.

Үшіншіден, менің елдің дамуына еңбегім сіңгенін қалаймын. Көптің бірі болып шетелде қызмет еткеннен гөрі, елде белгілі бір салаға тер төккен азамат болғаным әлдеқайда артық.

Кейде жалғыздық мазалайды:
Қиындықтар жиі кездеседі. Әр уақытта сағым сынып, жалғызсырайтын сәттер болады. Алдыңғы жылы жатақханада бөлмені бір қызбен бөлістім. Жақын араласып, дос болдық. Кейін ол Гонконгтағы оқуын жалғастырмайтын болды да, кетіп қалды. Негізі шетелде адамдармен ұзақ уақыт қарым-қатынас жасау мүмкін емес. Сондықтан, жиі жалғызсыраймын. Бірақ, одан шығу үшін уақыттымды текке өткізбеуге тырысамын.

Бәріміз – адамбыз:
Бұрындары қытайлық жастар бізге қарағанда ақылды, бізге қарағанда пысық көрінетін. Бірақ, сен қай ұлттың азаматы болсаң да, басты нәрсені естен шығарып алады екенбіз – біз адамбыз. Барлық адамның күшті жағы да, әлісіз тұсы да болады. Мен үшін айырмашылыққа қарағанда, ұқсастығымыз мол секілді. Айырмашылық – біздің ойлау кеңістігімізде ғана.

P.S Бірде "Батылдық – сенің бойыңды билеген қорқынышқа қарамастан алға қарай жылжу" дегенді оқыған болатымын. Мен батыл боламын деп сенемін.

Т. Есқали