- Негізгі бет
- Білім ордалары
- Петропавлдағы ұлттық ұлан...
Петропавлдағы ұлттық ұлан әскери институтына қабылдау шарты
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұлан әскерлерiнiң әскери институты Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы (Петропавл қаласы) жоғары әскери–арнайы бiлiмдi офицерлердi дайындау мақсатында 1997 жылдың 18 наурызында Қазақстан Республикасы Үкiметінің Қаулысымен құрылды. 1997 жылы 20 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаев институтқа Жауынгерлiк Туды табыс еткен болатын.
Жаңа институтты Петропавл қаласында ашу кездейсоқтық емес. Қазақстанның солтүстiгiнде орналасқан бұл қала - елiмiздiң iрi ғылыми, өнеркәсiптi және мәдени орталықтарының бiрi, байлығы мен табиғат өлкесiнiң сұлулығы бойынша бiрегей, көгiлдiр көлдер мен ақ қайыңдар өлкесi болып табылады. Қала маңынан Есiл өзенi ағып өтеді. 2002 жылы өзінің 250 жылдығын тойлаған қала қазiргi заман талаптарына сай көркейiп, күннен күнге жасара түсуде.
Институтта тиiмдi оқуға және сапалы жоғары бiлiм алуға қажеттi жағдайлар жасалған. Курсанттар жақсы жабдықталған әскери жатақханаларға орналастырылған, кітапханалар, спорт залы, стадион, атқыш тир, клуб, далалық оқу орталығы, лазарет, асхана және басқа да қажеттi объектiлер бар. Оқу ғимараттары дәрiсханалармен, арнайы сыныптармен және зертханалармен жабдықталған, курсанттар үшiн компьютерлiк сыныптар Интернетке қосылған, 100 орынды оқу залы мен кiтапхана жұмыс істейді.
Жоғары оқу орнында оқу мерзiмi – 4 жыл.
Оқу мерзімі бойы курсанттар үш мезгiлдi тегiн тамақтанумен, ақшалай үлеспен, киiм–кешек жабдығымен, қажеттi оқу әдебиеттерiмен қамтамасыз етiледi. Оқыту бағдарламасына сәйкес курсанттарды ЭЕМ операторы және «ВС» санатты жүргiзушiсі ретінде дайындау қарастырылған. Жыл сайын емтихан мен сынақтарды сәтті тапсырған курсантар мен тындаушыларға (жазда 30 тәулiкке және қыста 14 тәулiкке) каникулдық демалыс берiледі. Жазғы кезекті демалысқа барып келу жолақысы тегiн.
Институтқа түскен курсанттар он жылға әскери қызметтi өтеу туралы келiсiмшартқа тұрады.
Институт түлектерiне “лейтенант” әскери атағы және алған мамандығына сәйкес белгілі бiлiктiлiгі берiледi, жоғары әскери оқу орнын аяқтағаны туралы диплом және белгілі үлгідегі кеуде белгiсi табыс етiледi. Түлектер әрi қарай қызметтi өтеу үшiн Қазақстан Республикасының қалалары мен облыс орталықтарында орналасқан Ұлттық ұлан әскери бөлiмдерiне жiберiледi.
Қазақстан Республикасы IІМ ҰҰ әскери институты мынадай мамандықтар бойынша Ұлттық ұлан әскерлері офицерлерін дайындайды:
1) ұлттық ұлан әскеріне тактикалық басшылық;
2) тәрбие және әлеуметтiк–құқықтық жұмысына тактикалық басшылық;
3) әскердi ракета–артиллериялық қамтамасыз етуге тактикалық басшылық;
4) тылмен қамтамасыз етуге тактикалық басшылық;
5) автомобильдi әскерге тактикалық басшылық.
Институтқа Қазақстан Республикасының жасы мына шамадағы орта бiлiмдi азаматтары қабылданады:
1) әскери қызметті өтемеген, оқуға түсер жылы он жеті жасқа толған, бірақ жиырма бір жастан аспайтын азаматтық жастардың құрамындағы адамдар;
2) жиырма төрт жасқа дейінгі әскери қызметті өтеген азаматтар және мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілер;
3) жиырма төрт жасқа дейінгі келісімшарт бойынша әскери қызметті өтеп жүрген әскери қызметшілер.
Әскери дайындық бойынша қосымша бағдарламалары бар білім беру ұйымдарын бітірген тәрбиеленушілердің әскери оқу орнына түсу мүмкіндігі басым.
Азаматтық жастар құрамынан әскери оқу орнына түсуге қалауы бар адамдар Астана, Алматы қалаларының IIД, облыстардың IIД, Қорғаныс істері бойынша басқарманың (бөлімнің) бастықтарының атына, ҚР ҰҰ әскери бөлімдеріне немесе ҚР ҰҰ әскери институтқа оқуға түсу жылының 1 сәуiрiнен кешiктiрмей өтiнiш жазады, (әскери қызметшiлер оқуға түсу жылының 15 наурызынан кешiктiрмей жоғары басшылықтың атына баянат (рапорт) жазады).
Өтiнiште (баянатта): (әскери атағы), тегi, аты-жөнi; (лауазымы; қызмет мерзімі); туған күні; бiлiмi (оқып жатқан орны); тұратын мекен-жайы; әскери оқу орнының атауы; оқуға түскісі келетін мамандығы; сонымен қатар, кешендi тестiлеудi қандай тiлде тапсыратын қалауы көрсетіледi.
Өтiнiшке (баянатқа) қоса берілетін құжаттар:
- қолдан жазылған және басылған өмiрбаян үлгілері;
- жұмыс орнынан немесе оқу орнынан алынған және оқуға бағытталған тұжырымы бар мінездеме;
- белгілі нысандағы мекенжайға тіркелгені туралы анықтама;
- бас киімсіз түсірілген 3,5х4,5см, 5см көлемiнде - 6 дана, 9 х12 смкөлемiнде - 1 дана фотосуреттері (кадр қызметімен расталған);
- үмiткердің өз қолымен толтырылған және кадр органымен расталған сауалнамасы;
- тұратын орны бойынша учаскелiк инспектордың пiкiрi;
- көршілерден алынған пікірлер (учаскелiк инспектормен расталған).
Нотариалды түрде расталған көшірмелер:
- орта бiлiмi туралы құжаттардың көшiрмесi (орта мектебінің оқушылары жыл ағымындағы үлгерiмдерi туралы анықтама қағазын ұсынады);
- үміткердің және оның жақын туыстарының туу туралы куәлiктерінің көшірмелері;
- үміткердің және оның жақын туыстарының жеке куәлiктерінiң (әскери қызметші үшін әскери билеттiң) көшiрмелерi;
- СТН (РНН); ӘЖК (СИК); шақыру пунктіне тіркелген куәлігінің көшірмелері.
Бiлiмi туралы құжаттарының, туу туралы куәлiгінің, жеке куәлiгінің (төлқұжаттың), әскери билеттің (тiркелу куәлiгінің), СТН, ӘЖК құжаттарының түпнұсқаларын және кешендi тестiлеудің сертификатын, сонымен қатар, жеңiлдiкпен түсуге құқық беретiн құжаттарын талапкерлер училищеге келген бойда қабылдау комиссиясына тапсырады.
Әскери институтқа түсетiн үмiткерлердiң жеке iстерiн IIД, Қорғаныс iстері бойынша басқармалары әскери институтқа оқуға түсетiн жылдың 10 маусымынан кешiктiрмей жiберуге тиіс.
Жеке iсте арнайы тексерiстiң мәлiметтерi (үмiткерге бас прокуратураның КПС және СУ белгiсiмен талап ету, туыстарының сотталмағандығы туралы УПС және СУ белгiсiмен талабы, арнайы тексерістің жоспары, әскери қызметке қабылдау туралы қорытындысы) және әскери-дәрiгерлiк комиссиясының (ӘДК) қорытындысын медициналық куәландыру картасы мiндеттi түрде болуы керек.
ЖОО-на түсу емтихандарын тапсыру үшiн үмiткерлер хат арқылы хабарландыру немесе әскери оқу мекемесiнiң шақыруы бойынша келедi. Институтқа түсу үшiн келген үмiткерлер жатақханамен және үш мезгiлді тегiн тамақпен қамтамасыз етiледi. Өздерiмен бiрге дәретханалық қажеттіліктерін, спорттық киiмі мен аяқ–киiмін ала келулері керек.
Үмiткерлер дене шынықтыру дайындығының нормативтерін тапсырып, әскери-кәсiптiк бағыттағы институт дәрігерлерінің медициналық куәландыруы мен психологиялық тексерісінен өтеді.
Оқуға түсетiн жылы ҰБТ-ін тапсырмағандар Солтүстiк Қазақстан облысының аймақтық орталығында кешендi тесттi тапсырады. ҰБТ немесе кешендi тестiлеу үмiткерлердiң қалауы бойынша қазақ немесе орыс тiлiнде өткiзiледi.
ҰБТ келесі жалпы бiлiм беру пәндерi бойынша жүргiзiледi:
- математика;
- физика;
- Қазақстан тарихы;
- қазақ немесе орыс тiлi;
Кәсіптік негізгі пән - физика.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрілігі бекіткен ҰБТ нәтижелерi бойынша қажетті ұпай ала алмаған және кешенді тестілеуден өте алмаған үмiткерлер ЖОО түсу үшін конкурсқа жіберілмейді.
Институттың курсанттары қатарына кешендi тестiлеуден өткен, бөлек мамандықтар бойынша кәсіби таңдаудың барлық көрсеткіштерін есепке алғандағы ұпайларды иеленген үмiткерлер ЖОО-ның қабылдау комиссиясының шешімімен қабылданады.
"Алтын белгi" белгiсiмен марапатталған үміткерлер кәсiптiк таңдаудың барлық талаптарын орындаған жағдайда сайыстан тыс ЖОО – на курсант болып қабылдану құқығына ие болады.
ЖОО-ның 1 курсына мемлекеттiк бiлiм беру грантының иесі куәлiгi бар үміткерлер және әскери оқу орнының бағдарына сәйкес келетiн мамандықтар бойынша азаматтық ЖОО-ның бiрiншi және кейiнгi курстарын аяқтаған талапкерлер кәсiби таңдаудың басқа да талаптарына сәйкес келген жағдайда әңгімелесуден кейін кешенді тестілеудің нәтижесісіз-ақ қабылданады.
ЖОО-на қабылдануға айрықша құқығы барлар:
1) үздiк дипломы немесе аттестаты бар тұлғалар;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларымен («Отан», «Айбын» ордендерiмен, «Ерлiгi үшiн», «Жауынгерлiк ерлiгi үшiн» медальдарымен) марапатталған адамдар;
3) әскери борыштарын орындау кезiнде моральдық және әскери-жауынгерлiк қабілеттерін көрсеткен әскери қызметшiлер, iшкi iстер органдарының қызметкерлерi, мерзімді қызметтен запасқа шығарылған әскери қызметшiлер;
4) жетiм балалар, ата–анасының қамқорысыз қалған балалар, қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде қаза болған iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң және әскери қызметшiлердiң балалары.
Әскери қызметшілер мен азаматтық жастар үшін дене шынықтыру дайындығының нормативтері:
№ р/р | Жаттығу | Баға | Ескерту | ||
өте жақсы | жақсы | қанағатта-нарлық | |||
1 | 3000 метрге жүгіру (мин.) | 12.15 | 12.45 | 13.30 | Азаматтық жастар спорт киімінде, әскери қызметшілер әскери киімінде болуы тиіс. |
2 | 100 метрге жүгіру (сек) | 14.0 | 14.2 | 14.8 | |
3 | Түрнекте тартылу (рет) | 11 | 9 | 7 |
150009, Петропавл қаласы, Юбилейная көшесi, 6 үй. «Әскери институт» аялдамасына дейiн темiр жол вокзалынан № 27 автобуспен, № 4 троллейбуспен, № 5 маршруттық таксимен, ал қала орталығынан № 4а автобусымен жетуге болады.
Оқуға түсу бойынша сұрақтар туындаса, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Алматы қаласында орналасқан басқармасына 279-21-89 телефон нөміріне хабарласуға болады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы