Бүгін әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін күрестің халықаралық күні. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметі бойынша, әлемдегі әрбір үшінші әйел физикалық немесе жыныстық зорлыққа ұшыраған. ДДҰ сарапшылары 161 елде сауалнама өткізгеннен кейін, 15-24 жас аралығындағы әрбір төртінші әйел көбіне серіктесінен зорлық-зомбылық көретінін атап өтті.
Жаһандық проблема Қазақстанда да кездеседі. Елордалық полицияның мәліметінше, биылғы жылдың 9 айында 102 арнасына отбасылардағы зорлық фактілері бойынша 14 мыңнан астам адамнан өтініш түскен.
Мәселенің бар екенін білу жеткіліксіз, Назарбаев Университетінде (NU) гендерлік зорлықпен белсенді күресу маңызды деп санайды. NU қауымдастығы өз университеті аясында гендерлік кемсітушілікке жол бермеу науқанын өткізіп жатыр.
Қыркүйек айынан бастап NU-дың 142 қыз студенті қудалауға қарсы күрес, өзін-өзі қорғау бойынша ESD (Empowerment Self Defence) тренингтерінен өтті. Мамандар оларға физикалық және ауызша өзін-өзі қорғау стратегияларын, жеке шекараларын орнатуды, "жоқ" деп айтуды және қауіпті тануды үйретті. Олар таныс адам тарапынан болатын зорлықтан қорғанудың эмоционалдық қиындықтарын зерттеді.
АҚШ дипломатиялық миссиясы, ESD Global, Гендерлік мәселелер жөніндегі ғалымдар консорциумы және Әйелдер күштері альянсының қолдауымен Қазақстанда алғаш ұйымдастырылған ESD тренингтері NU-де аралас гендерлік форматта жалғасады.
StopHarass.kz студенттік әлеуметтік жобасының бастамасымен NU студенттері үшін өзін-өзі қорғау бойынша мастер-класстар үнемі өткізіліп тұрады. Жобаның негізін қалаушылар, NU түлегі Лаура Вайгорова мен 3 курс студенті Адиеля Бекбаева, әйелдерге қатысты зорлық мәселесіне қоғамның көзқарасын өзгертуді мақсат етті. Осылайша қыздар қудалау жағдайлары мен олардың геолокациясын тіркейтін GPS платформасын іске қосты.
Академиялық ортада кемсітушілік пен қудалаудың алдын алу бойынша семинарды БҰҰДБ және "БҰҰ-Әйелдер" сарапшылары өткізді. Олар NU және AITU жастарымен гендерлік стереотиптер мен алалаушылықтарды әйелдер мен қыздарға қатысты гендерлік теңсіздік пен зорлықтың негізгі себептері ретінде талқылады.
"Ең сорақысы - бұл мәселеге немқұрайлы қарау. Мәселені түсіну маңызды. Синдромды ғана емес, оның себебін де ескеру маңызды", - деп атап өтті NU президенті Шигео Катсу.
Ол Назарбаев Университеті зорлықтың кез келген көрінісіне "түбегейлі төзімсіздік" қағидасын ұстанатынын және кампуста, соның ішінде қоғамдастыққа зорлықты қалай тануға және оған қарсы тұруға үйрету арқылы қауіпсіз және жайлы жағдай жасайтынын атап өтті.