Мектеп бітіріп оқуға түскелі жүрген түлектер үшін таңдаудың түр-түрі бар. Бірі – мамандық таңдау болса, тағы бірі жоғары оқу орнын іздеу. Онда сен таңдаған мамандық бар-жоғын тағы білу керек. Осы орайда Назарбаев университеті қай бағыттар бойынша білім беретіні және оқыту процесінде неге басымдық беретіні жайлы айта кетпекпіз. Бұл сұраққа Назарбаев университеті Провост офисінің бас менеджері Айжан Мусина "Жұлдыз FM" радоиосы эфирінде жауап берді.
"Назарбаев университеті көптеген пәндер бойынша сапалы академиялық бағдарламаларды ұсынады. Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі, химиялық, механикалық, құрылыс, электр және аэроғарыш инженериясы, робот техникасы және басқа салалар бойынша білім беру бағдарламаларын ұсынады. Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебі, математика, физика, антропология, экономика, еуразиялық зерттеулер, саяси ғылымдар және халықаралық қатынастар және басқа да зерттеулер салаларындағы әлемдік деңгейдегі білімді ұсынады. Медицина мектебі денсаулық сақтау және беймедициналық зерттеулер саласындағы болашақ мамандар мен кәсіпқойларды тәрбиелеуге бағытталған. Назарбаев университеті үш жоғары мектебі мемлекеттік саясат, білім беру, бизнес және қаржы саласындағы академиялық және білім беру бағдарламаларын ұсынады.
Назарбаев университеті білім беру, зерттеу және инновацияларды біріктіретін әлемге әйгілі зерттеу университеті болуға ұмтылады. Бұл стратегиялық мақсат университеттің білім беру процесіндегі басымдықтарды айқындайды. Біз ғылыми зерттеулермен интеграцияланған оқыту процесіне басымдық береміз. Біз ғылыми зерттеуге бейімделген білім беру бағдарламаларын әзірлейміз және енгіземіз. Біздің оқытушылар зерттеулерді оқыту процесіне интеграциялаудың әртүрлі стратегияларын қолданады. Бұл студенттердің зерттеуге байланысты тапсырмаларды орындауға қатысуы және де оқытушылардың жетекшілігімен зерттеу жобаларына қатысуы, сонымен қатар зерттеу конкурстары мен халықаралық конференцияларға бірлескен автор ретінде қатысуы, сонымен қатар біз жан-жақты дамыған азаматтарды және жауапты көшбасшыларды тәрбиелеу үшін студенттерімізге біртұтас білім беруге тырысамыз," - деді.
Назарбаев Университеті (НУ) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен 2010 жылы ашылған.
НУ сапалы білім беруді, маңызды зерттеулерді және батыл инновацияны біріктіретін халықаралық деңгейде танылған зерттеу университеті болуға ұмтылады, осылайша ел мен қоғамның одан әрі дамуына үлес қосады. Құрылған сәтінен бастап НУ, академиялық және ғылыми көшбасшылыққа жету үшін, жергілікті және әлемдік қауымдастықтың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыру және болашаққа дайын түлектерді дайындау үшін құндылықтар мен стандарттарды белгіледі.
2018 жылғы желтоқсанда Жоғары қамқоршылық кеңес 2018-2030 жылдарға арналған жаңа стратегияны мақұлдады. Стратегия жаһандану және серпінді технологиялар дәуірінде қаланған негізге сүйене отырып, өзгерістерге дайындалуға бағытталған.