Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін армандамайтын түлек жоқ шығар. Бұл университетте оқыған да, оқымаған да арманда екені белгілі. Бүгінгі таңда мемлекетіміз халықаралық қатынасты нығайту мақсатында түрлі шараларды жүзеге асырып жатса, осыған байланысты қара шаңырағымызда көптеген жұмыстарды атқарып, алда орындауға құрылып жатқан жоспарлары қаншама десеңізші....
Осындай байланыстардың арқасында университет студенттері, магистранттары мен PhD докторанттарының біліктілігін арттыру мақсатында ТМД, шет елдердегі ірі университеттерге барып білімдерін тереңдетуге мүмкіндіктерінің болуының өзі қуантарлық жайт.
Жыл сайын академиялық ұтқырлықпен қаншама студенттер өзге елдің мәдениеті, білімі, жалпы болмысымен танысып келіп жатады. Ол жақтан алып келіп жатқан әсерлерін айтып жеткізудің өзі қаншама десеңізші... .
Қазақстан мемлекетін бір кездері көп елдер, көптеген халықтар біле бермейтін болса, осындай халықаралық қатынастардың арқасында біршама елдерге танылып қалғанымыз қуантарлық жайт.
Қазақ халы болмысынан қонақжай, мейірімді екені белгілі. Ал осы мемлекеттің үлкен жоғары оқу орындарының бірі әл-Фараби ат. Қазақ ұлттық университеті, осы халқымыздың барлық болмысының бір ұшқыны десек болар. Олай дейтін себебіміз, мұндағы қызметкерлерінен бастап, оқытушы-профессорлар, осы университеттің басшыларына дейін университет табалдырығын аттаған талапкер, студент, магистаранттар мен докторанттар, қала берді өзге елден келген қонақтарды (мейлі ол студент болсын, мейлі тәжірибе алмасуға келген мамандар болсын) құшақ жая қарсы алып, барын беруге дайын.
Бұған дәлел ретінде 2014 жылдан «Флагман» бағдарламасы бойынша университетімізде оқып жатқан америкалық студенттер жайында айта кеткен жөн. Биылғы жылы екінші жыл осы бағдарлама аясында филология және әлем тілдері факультетінің жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасына келген студенттердің тек білім алудан басқа, қазақ халқы, мәдениетіміз жайында, университетіміз, мұндағы студенттер мен оқытушылар туралы біліп, танып жатыр.
Бүгінгі таңда бұл студенттер орыс тілі мен қатар қазақ тілі мен мәдениетін меңгеруге қызығушылық танытып, мүмкіндіктерінше үйренуге талпынуда.
2016 жылдың сәуірінде Әл-Фараби кітапханасында «Флагман» бағдарламасының ҚазҰУ-дағы екі жылдық жұмысының барысында «Флагман» бағдарламасы: деңгейлік сертификация форматындағы тілдік дайындық» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік және қазақ/орыс оқытушыларының біліктілігін арттыру конференциясы өтті. Конференцияға, жалпы бағдарламаны жауапты ұйымдастырушы филология ғылымдарының докторы, профессор Э.Д. Сүлейменова. Конференцияны университетіміздің бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев ашып, өз өзінде «Флагман» бағдарламасының екі жылдағы жұмысы, жетістіктері жайында атап өтті.
Халықаралық білім беру бойынша американдық кеңестің президенті (ACCELS), профессор Дэн Дэвидсон: «Флагман» бағдарламасының әл-Фараби ат. ҚазҰУ-ды таңдауының себебі жайында өз баяндамасында айтып өтті.
«Қазақстандағы «Флагман» бағдарламасы: «Қош келдіңіздер!» тақырыбындағы профессор Э.Д. Сүлейменованың баяндамасында бағдарламаның мақсаты, ондағы оқу үдерісі мен оқытушылары жайында, ең негізгісі университетімізге келтірер жетістіктері, сондай ақ, американдық студенттердің біздің университетіміздегі студенттермен қатынас орнатуы жайында айтып өтті.
Конференция барысында жасалған баяндамалар мен пікірлер екі жылда атқарған жұмыстар, нәтижелер мен пікірлердің қорытындысы деседе болар.
Ең қызығы конференцияға американдық студенттердің қатысып өз пікірлерін білдіруі деп атап өткіміз келеді. Екінші семестрден бастап аптасына бір күн баратын практика жайында өз пікірлері жайында баяндама жасап, қорытынды сөздерінде біздің елімізге, университетімізге, жалпы халқымызға алғыстарын жаудырып жатты.
Сонымен қатар аптасына екі рет қазақ тілі мен мәдениеті сабағына қатысатын студенттер өз алғыстарын қазақ тілінде білдіре отырып, қазақ тілінде ән салды.
«Флагман» бағдарламасының студенттері мен осы бағдарлама бойынша жұмыс істеп, сабақ беріп жүрген оқытушылардың қатысуымен өткен халықаралық конференция жоғары деңгейде, жақсы әсерімен есте қаларлықтай өтті.
Ал, біз мұндай жақсы нәтиже беретін, бағдарламаларға және университетімізден білімі мен біліктілігін арттырамын деп талпыныс білдіргендерге «Қош келдіңіздер!!!» дейміз.
Медетбекова П.Т.,
Күзембекова Ж.Ж.,
Әл-Фараби ат. ҚазҰУ доценттері