Биыл ұлт ұстазы, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салушы, қоғам қайраткері, ұлттық әліпби мен емле реформаторы, қазақ филологиясының тұңғыш профессоры А. Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл. Қазақ руханиятының шамшырағы А. Байтұрсынұлының мерейтойы тек Қазақстанда ғана емес, Біріккен Ұлттар Ұйымының ғылым-білім және мәдениет бойынша мәселелерімен айналысатын саласы ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатқаны ел үшін қуанарлық жағдай.
Жыл басынан бері еліміздің түкпір-түкпірінде Ақыметке арналған түрлі іс-шаралар, республикалық және халықаралық конференциялар, симпозиумдар, А.Байтұрсынұлы оқулары, әдеби кештер, апталықтар ұйымдастырылуда. Бұл ретте қазақ білімінің қара шаңырағына айналған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де қалыс қалып қойған жоқ. Сәуір айында А. Байтұрсынұлының есімі берілген қазақ тіл білімі кафедрасы түрлі шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып келеді.
Кафедра шілде айында Түркияның Стамбул университетінде халықаралық сипозиум ұйымдастырды. Симпозиумның пленарлық мәжілісіне Стамбул университеті ректоры Махмут Ак мырза мен ҚазҰУ ректоры Ж.Қ. Түймебаев қатысып, баяндама жасады. А. Байтұрсынұлының Қазақ университеті» баспасынан жарық көрген 3 томдық таңдамалы шығармаларының таныстырылымы болды. Симпозиумға қатысқан кафедра ғалымдары Ақымет идеяларының өміршеңдігін сөз етті.
Сондай-ақ тамыз айында ҚазҰУ-дың Ыстықкөлдегі спорт-сауықтыру орталығында халықаралық жазғы мекеп ұйымдастырылды. «А. Байтұрсынұлы зерттеулерінің ғылыми парадигмалары» атты жазғы мектепке кафедра оқытушыларынан басқа Тіл-Қазына Ұлттық ғылыми-әдістемелік орталығының, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының қызметкерлері мен Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің өкілдері қатысып, баяндама жасады.
Тамыз-қыркүйек айларында А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасы «Ақымет Байтұрсынұлы және тіл тағылымы» атты республикалық форум ұйымдастырды. Бұл форумға докторанттар, магистранттар және студенттер 4 бағыт бойынша қатысып, өзара бақ сынады. Форумның мақсаты – қазақ руханияты тарихындағы ірі тұлға Ақымет Байтұрсынұлының тілтанымдық мұрасын жаңа лингвистикалық теориялар мен ғылыми көзқарастар тұрғысынан түсіну, Ақыметтану ілімін ұғу және Ұлт ұстазының тұжырымдары негізінде қазақ тіл білімінің болашағын зерделеу. Форумда үздік деп танылған қатысушыларға бір реттік шәкіртақы көлемінде ақшалай сыйлық табысталды. Жеңімпаздарды университетіміздің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Айдосов Нұржан марапаттады.
Форум аясында 5-10 қыркүйек аралығында Тілдер апталығы ұйымдастырылды. Апталықта кафедраның оқытушы-профессорлар құрамы А. Байтұрсынұлының зерттеулеріне арнап көшбасшылық дәрістер оқыды. Кафедра меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор Анар Бекмырзақызы Салқынбай «А.Байтұрсынұлы ізі мен ісі: қазақ тілінің өзекті мәселелері» тақырыбында мазмұнды дәріс оқыса, Ақымет идеяларын жалғастырушы ф.ғ.д., профессор Орынай Сағынғалиқызы Жұбайдың «Ұлттық тіл біліміне түпкілікті темірқазық болар ұстанымның иесі» атты көшбасшылық дәрісін студенттер мен жас ғалымдар ұйып тыңдады. Кафедра оқытушылары «Лингвистикалық болжау орталығының» жетекшісі, ф.ғ.д., професор Д.А.Әлкебаева «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел алсын қайдан кемеңгерді» атты дөңгелек үстел, ф.ғ.к., аға оқытушы Х.Ә. Қарабаева «А.Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімінің атасы» атты танымдық дәріс, ф.ғ.к., аға оқытушы С.М. Иманқұлова «Қазақ тілінің онлайн ресурстары» атты филологтарға, қазақ тілін үйренушілерге арналған онлайн-таныстырылым, ф.ғ.к., аға оқытушы А.К. Шыныбекова орыс бөлімінің студенттері арасында «Қазақшаңыз қалай?» атты байқау ұйымдастырды. Бұдан өзге кафедраның куратор-эдвайзерлері топ студенттерімен түрлі тақырыпта әдеби-жыр кештерін, кураторлық сағат, дөңгелек үстелдер ұйымдастырса, магистранттар ғылыми-танымдық шаралар, диспут өткізді.
Форумның соңында А. Байтұрсынұлының жиен немересі Айман Байсалова Ақымет әулетінің күйсандығын ҚазҰУ-дың мұражайына сыйға тартты.
«Бүгінде Шолпан апаның қызы жасы 86-ға келген Айман Қабиденқызы Байсалова осы күйсандықты мұражайға табыстағысы келді. Алайда, Алматыдағы тағылым мектебіне айналған музей-үйдің көлемі 160 шаршы метр болғандықтан, күйсандықты А.Байтұрсынұлы әу баста жұмыс істеген білім ордасына сыйға тартуды шешті. А.Байтұрсынұлы 1928 жылы Алматыда ашылған Қазақ мемлекеттік университетінің тұңғыш профессоры. Әлбетте, бұл қарашаңырақтың негізін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университет деп жүрміз. Ақиқаты, бұл кезеңдегі ашылған мемлекеттік университет статусын “саны аз қазақ ұлтына” қимаған болуы керек жылға жетпей мәртебесін институтқа түсіріп тастаған. Шын мәнінде бұл білім ордасы — әу баста университет болып ашылған. Ал, бұл оқу ордасында қазақтың талай-талай марғасқалары қызмет жасағаны архив деректерінен мәлім», - деді форумға қатысқан А.Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі Райхан Сахыбекқызы.
А. Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған шаралар университетімізде әлі де жалғасын таппақ. Ұлт ұстазының ұлылығын ұлықтау – біздің парыз.
Жүзбаева А.
ҚазҰУ-дың А. Байтұрсынұлы атындағы
Қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушысы