Кез келген бала мектепте жүріп жоғары оқу орнына түссем дейді. Тәтті қиял, асқақ арманмен болашаққа көз тігеді. Әр баланың ой-мақсаты әр алуан. Дегенмен, Алматыда оқуды армандамаған жас кемде кем шығар. Соның ішінде, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың орны бір төбе. Билік басында, халық назарында жүрген талай беделді тұлғалар осы қара шаңырақтан түлеп ұшты. Білім деңгейі, базалық әлеуеті, бәрі, бәрі жоғарғы деңгейде. Бүгінде еңселі оқу орнында 20 мыңға жуық студент білім алуда. Әрине ҚазҰУ жайлы көп әңгіме айтуға болады. Бірақ біздің айтпағымыз басқа.
Талай жылдық тарихы бар осы ордадағы студенттер өмірі қызыққа, қуанышқа толы өтуде. Университет әр жылдағыдай, биыл да көптеген мектеп түлектеріне құшағын ашты. Осы орайда 5 қазан күні, Жоғары Студенттер Кеңесінің ұйымдастыруымен бірінші курс студенттеріне ҚазҰУ қалашығын таныстыру мақсатында, дәстүрлі «Ақсүйек in the city» ойыны болып өтті.
Биыл 3-ші рет өткізіліп тұрған шараға қалашықтағы студенттер үйінен 11 команда қатысты. Ойын ережесі бойынша, 20 адамнан құралған команда алдын ала дайындалған он екі кедергіден өтіуге тиіс болды. Қалашықтың түкпір-түкіпірінде белгіленген нысандарға тез арада жетіп, берілген тапсырмаларды орындады. Командаларға бір нысаннан келесі нысанға өту барысында арнайы «жетондар» беріледі. Командалар сол «жетондарды» толық жинап, бірінші болып мәреге апаруға тисті. Сұрақтар мен тапсырмалар арасында Қазақ ұлттық университетінің тарихы, қалашықтың ерекшеліктері, түрлі зияткерлік сұрақтар мен би билеу, ән айту болды.
Ойын қорытындысында бірінші орынды механика-математика факультетінің №8 жатақханасы мен география факультетінің №4 жатақханасы еншіледі. Екінші орынды экономика және жоғарғы бизнес мектебінің №16 жатақханасы мен биология факультетінің №7 жатақханасы иеленді. Үшінші орын заң факультетінің №18 жатақханасы және физика-техникалық факультетінің №1 жатақханасына бұйырды.
Студенттердің ауызбіршілігін нығайту, жастарды қоғамдық жұмыстарға белсене араластыру бағытындағы бұндай шаралар әлі де өз жалғасын табары сөзсіз. Шараның аты да «Ақсүйек in the city» деп аталуы ұлттық ойынымызы ұмытпау һәм ұлықтау мақсатындағы бір қадам. Әрине жастарымыз айлы түнде дала кезіп ойнамаса да, «Ақсүйек» ойынын қалалық үлгіге сай өз идеяларына дұрыс пайдаланды деп ойлаймыз. «Балмұздақтар» белгіленген нысандардан шынайы ойындағы «Ақсүйек» таппаса да, өз университетін тануда көптеген керекті мағлұматтар алды деген сенімдеміз.
Жарыс соңында жеңімпаздар арнайы дипломдармен марапатталып, кеш соңы би кешіне ұласты.
Қатысушылар сайысты әнұран айтудан бастады. Сайыстағы қызықты сәттер:
Дайындаған және суретке түсірген: Шерхан Талап