Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі (ҚДСМ) медициналық факультеті ашылды. Бұл туралы оқу ордасының ресми сайты хабарлап отыр.
Медициналық факультетте бакалавриат, магистратура, резидентура, докторантура - білім берудің барлық деңгейдегі медициналық кадрларды дайындау бағдарламалары халықаралық стандарттарға сай және соңғы ғылыми жетістіктерге негізделіп жүзеге асады. Сонымен қатар, денсаулық сақтау және оны жақсарту мақсатында жаңа бағдарламалар дайындау, оны жүзеге асыру және ары қарай дамытумен айналысатын шағын және орта бизнес өкілдері, түрлі бағыттағы мамандар мен ұйымдарға қосымша кәсіби білім беру де қарастырылған.
Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары (ҚДСМ) мектебі - ҚазҰУ-дағы он бесінші факультет. Медициналық бағытты дамытуда Азиядағы және әлемдегі жетекші жоғары оқу орындары болып саналатын әрі Оңтүстік Кореядағы үздік үштікке кіретін Сеул университеті мен Иёнсе университеті ҚазҰУ-дың бас серіктестері. Әлем бойынша Оңтүстік Корея денсаулық сақтау саласында алдыңғы қатарда болғандықтан ҚДСМ-нің білім беру бағдарламалары осы елдің тәжірибесіне сүйеніп жасалып отыр.
Университеттер арасында жасалған халықаралық келісім негізінде корей ғалымдары медициналық кадрлар дайындау бағдарламасына белсенді атсалыспақ. 2015 жылдың желтоқсан айында ректор Ғ.Мұтановтың басшылығымен ҚазҰУ делегациясы Оңтүстік Кореяға жасаған сапарында Корей университеттерінің президенттері ниеттерін растаған болатын. Шетелдік ғалымдар денсаулық сақтау саласында инновациялық және заманауи технологияларды пайдалану және медициналық басқару жүйесіне байланысты дәрістер оқып, шеберлік сыныптарын өткізетін болады. Қазақстандық оқытушылар мен студенттер шетелдік медициналық кафедралар мен лабораториялар негізінде біліктіліктерін арттыруға, ғылыми тағылымдама мен тәжірибеден өтуге мүмкіндік алады. Халықаралық әріптестік негізінде ҚазҰУ Оңтүстік Корея университеттерінде магистратура және докторантура болашақ мамандарын оқытуды және қоғамдық денсаулық сақтаудың, медицина дамуының өзекті мәселелеріне байланысты бірлескен ғылыми зерттеу жобаларын жасауды бастап кетті.
ҚазҰУ мен корей университеттері арасындағы әріптестік Қазақстанда әлемдік жоғары стандарттарға негізделген медицина қызметкерлерін дайындаудың жаңа бағытын айқындады.Ол клиникалық және академиялық ұйымдардың бірлесіп жұмыс жасау нәтижесінде үздік халықаралық тәжірибені іске асыру арқылы ең жоғары әлемдік стандарттарға қол жеткізуге бағытталған. Қазіргі таңда ҚазҰУ негізінде медициналық- биологиялық кластері құрылуда және биомедицина саласында сұранысқа ие мамандықтар оқытылуда.
ҚазҰУ Оңтүстік Кореялық Иёнсе университетінің «Кангнам Северанс» клиникасымен бірлесе отырып университеттің диагностикалық орталығын премиум сатысына көтеру мақсатында жұмыстар атқаруда. Жоғарыда аталған шетелдік клиникада ҚазҰУ-дың 18 маманы арнайы бағдарламамен білім алды. Диагностикалық орталық Siemens, General Electric, Samsung сияқты жетекші өндірушілердің соңғы медициналық жабдықтарымен жабдықталған. «Кангнам Северанс» клиникасы жетекші мамандарының қатысуымен телемедицина технологиясын пайдалану арқылы науқастарға қашықтықтан кеңес беру мен диагноз анықтау жүйесі енгізілген. Алдағы уақытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 500 орынға шақталған медициналық клиника ашу да университет жоспарында бар екен.