- Негізгі бет
- Білім ордалары
- ҚазҰУ автономияландыру кілтін...
ҚазҰУ автономияландыру кілтін біледі
«Кілтін білемін. Бағдарды көріп тұрмын» деп шырқалады танымал әнде.
Орталық Азия аумағында университеттердің маңызы айрықша. Мұны Алаш ардақтылары да жүз жыл бұрын көксеп кеткен еді. Алғаш қазақстандық (педагогикалық) жоғары оқу орындары Ф.Голощекиннің еркіне қарамастан, Ташкент пен Алматы қалаларында ашылды. Ол «қырғыздар» мен басқа да бұратана халықтарға орташа оқу жеткілікті деп есептеді, оқығысы келетіндер Мәскеу мен Ленинградқа келіп оқиды деген еді.
Ректорлық корпус – ұлттың, мемлекеттің мақтанышы. ЖОО басшыларының келісім әрекеті тәжірибеде айқындалады. Осылайша нарықтық ділде жоғары оқу орындарын автономияландыру белгілі бір басымдылыққа және даму жолын өзінше еркін жоспарлау деңгейіне жетуге кепілдік береді.
ЖОО алға қойған мұраты – жай ғана түлектердің сұр затын толтыру емес. Әлеуметтік тапсырыстарды орындап, ел, аймақ экономикасының ырғағына ілесу. Балаларымызды прагматикалық тұрғыда ойлануға баулысақ қана, ұрпағымыз ешкімге жалтақтамай өсе алады. Мұны ел басшысы да өз мақаласында айтқан еді.
Өзін өзі басқаруға мүмкіндік алуды барлық ЖОО бірден бастап кете алмайды: материалдық базасы әртүрлі, тәжірибе жеткіліксіз, селқостық бар.
«Академиялық және өзін өз басқаруға бағытталған заманауи ЖОО-ның академиялық саясаты» тақырыбындағы Республикалық семинар-мәжілісте «ҚР жоғары оқу орындарында академиялық және өзін өз басқару тұрғысындағы сұрақтарға қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу» ҚР Заң жобасы туралы әріптестеріміздің пікірін тыңдадық.
Ғаламдық жүйелік бақылау, аймақтық тәуекел және зерттеушілер ұсынысы нақты стратегия жасап шығаруға мүмкіндік берді. Өзекті тақырыпты талқылау барысында ҚазҰУ ректоры, академик Ғ.Мұтанов сөз алып, өте жақсы ұсыныс айтты. Жиналған кқпшілік мұқият тыңдап автономияландыру бағытына байланысты ұсынылған тактиканы құп алды. Ол өз көзқарасын білдіре отырып, жоғары оқу орындарын бірлесуге шақырды. Облыстық жоғары оқу орындары көшбасшы университеттің жүрген жолын бағдарға ала отырып қателіктерден қашуға, әдіснамалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік алады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – бүкіл аймақтағы ғылыми және оқу әдіснамасын жасап шығаруда, БҰҰ айрықша миссиясын орындау жөнінде Орталық Азия ішіндегі жалғыз ЖОО. Бұл университеттің артықшылығы және үлкен жауапкершілік. ҚазҰУ бағдарды көріп тұр!
Гүнар Мұқанова,
ҚазҰУ доценті, т.ғ.д.