Жыл өткен сайын жоғары оқу орындары мен оған түсуші түлектердің саны артып келеді. Алайда биыл көрсеткіш төмендеген.
Бүгінде Қазақстанда 129 университет жұмыс істейді екен. ҚР Старатегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы ұсынған ақпаратқа сәйкес, елімізде жұмыс істеп тұрған 129 жоғары оқу орнының 33-і мемлекеттік, 92 университет жеке қолда болса, ал 4 шетелдік жоғары оқу орны.
Биыл университетке түскен түлектердің саны өткен жылмен салыстырғанда 4,6% азайған. Студенттердің жалпы саны 576 557 адамды құрайды, олардың ішінен қыздар – 306 799, ұлдар – 269 758.
2020 жылы жоғары оқу орнына 152 789 студент қабылданып, 153 627 адам диплом алып, университетпен қош айтысты. 115 186 студент әр түрлі себеппен оқуды аяқтамаған. Қазір оқып жатқан студенттердің 83% күндізгі оқу нысанында, 7,6% қашықтықтан, 7,3% сырттай және 2% кешкі ауысымда білім алады. Мемлекеттік грантта 196 084 студент оқиды. Бұл жалпы есептің 34% құрайды екен.
Студенттердің 64,9% мемлекеттік тілде оқыса, 29,6% орыс тілінде, ал 5,5% ағылшын тілінде білім алады. Жоғары оқу орындарында білім беретін профессорлық-оқытушылық құрамының саны 36 307 адамға жетеді.